Kyzylorda-news.kz. Соңғы кездері елімізде әсіресе балалар арасында қызылшамен ауыру жағдайы жиілеп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дерттің өршуіне қатысты Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев түсініктеме берді.

Биыл қызылшамен ауырғандар саны 11 мыңнан асып түсті. Жағдай әсіресе Шымкент, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл облыстарында ушығып тұр. Жалпы сырқаттанған адамдардың 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85%-ы – екпе алмаған балалар. Сондықтан екпені нығайту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 6-11 айлық сәбилер мен 2-5 жас аралығындағы балаларға екпе салынады. Ал екпе алмағандардың басым көпшілігінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе әлеуметтік желілерден шындыққа жанаспайтын ақпараттар алға. Соған байланысты ата-аналар балаларына екпе салдырудан бас тартуда, - деп түсіндірді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.

Айтуынша, қызылша ауруының таралуы тек елімізде ғана емес, әлемде де орын алуда.

Қызылшамен ауырудың бұлайша көбеюі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алуда. Оның негізгі себептерінің бірі – коронавирус инфекциясына қарсы шаралар кезінде вакцинация жүргізудің төмендеп кетуі. Ал елдегі белгілі бір өңірлерде қызылшаның өршуі – ол аймақтарда халықтың тығыз қоныстануы және сәйкесінше, демографиялық көрсеткіштің жоғарылауымен байланысты. Сол үшін инфекция жұқтырғандар саны да көп, - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Тағы да оқыңыз: