Фото: nur.kz
Kyzylorda-news.kz. ҚР ПІБ Орталық клиникалық ауруханасында ишемиялық және геморрагиялық инсультке аса дәл диагностика жасайтын нейрорадиология саласындағы «Cerebra» жасанды интеллект қолданысқа енгізілді, - деп хабарлайды Қазақпарат.
Медициналық жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең инновациялық он жобаның қатарына жататын бағдарламаны отандық мамандар жасағанын айта кетейік.
Дәрігерлерге жаңа бағдарламаны «Cerebra» командасы таныстырды. Қанатқақты жобаның медициналық директоры Меруерт Сайфуллақызы жасанды интеллект арқылы 5-10 минут ішінде инсульттің бар-жоғын анықтап, мидағы өзгерістерді автоматты түрде көруге болатынын айтты. Соның арқасында неврологиялық дерттің асқынып кету қаупі айтарлықтай төмендемек. Бұл технология тез арада диагноз қойып, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастап кетуге жол ашып отыр.
– Бұл жоба 2018 жылы жасанды интеллект зертханасында қолға алынды. Содан бері 40-қа жуық маман жұмыс істеп, 100 мың дерек негізінде инсультті тез әрі дәл анықтауға нейрондық желілерді үйретті. Бағдарлама үнемі жаңа деректермен жаңарып отырады. Біз елорда мен Алматыдағы мамандандырылған орталықтарға ғана емес, бүкіл елдегі ауруханаларға арналған бағдарлама әзірлеуге маңыз бердік. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 1000-нан астам пациент осы бағдарлама арқылы зерттеуден өтті, - дейді Меруерт Сайфуллақызы.
Жаңа технология арқылы зерттеу кезінде түсірілген кескіндердің нәтижесі дәрігерлердің смартфонына орнатылған мобильді қосымшаға келіп түседі. Қолдануға ыңғайлы қосымша Қазақстанда ғана емес, шетелдік медицина мекемелерінде енгізіле бастаған.
– Орталық клиникалық аурухана отандық медицинадағы бетке ұстар мекемелердің бірі саналады. Біз озық инновацияларды енгізуге қашанда әзірміз. Әлемдегі ең үздік стартап жобалардың бірі ретінде танылған қазақстандық компаниямен жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе, - деді аурухана вице-президенті Жанар Құсымжанова.