Kyzylorda-news.kz  12 мамыр – халықаралық мейірбикелер күні. Мейірбике – адам жанына араша түсіп, денсаулық түзеу ісінде дәрігерлерден кем қызмет қылмайтын жауапты мамандық иелері. Қызылорда қаласындағы денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде ел алғысын арқалаған жанның бірі – Күлмарам Күншығарова. Ол 42 жыл мейірбике болып еңбек етіп, дертіне шипа іздеген тұрғындардың жанына сөзімен де ісімен де дауа бола білген маман.
Кейіпкеріміз Күлмарам Жалғасқызы 1964 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мейірбике болу оның өзінің жан қалауы, жүрек таңдауы болды. Бүгінде өз саласын меңгерген білікті маман. Атқарып жүрген жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол науқастың денсаулығын арттыруға сүбелі үлес қосқан, құрметке бөленген жан десек артық айтқандық емес. Білікті, жан-жақты, қашан да айналасындағылардың көңілін тауып, жылы шырайлы мейірбике алдына келген науқастан көмегін еш аяған емес. Мұны әріптестері де, науқастарда жиі айтады.
Күлмарам Жалғасқызы 1982 жылы Қызылорда медицина колледжін мейірбике ісі мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Ол алғашқы еңбек жолын 1982 жылы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің өкпеден тыс туберкулез бөлімшесінің мейіргері болып бастаған. 1987-1990 жыл аралығында осы бөлімшенің аға мейіргері қызметін атқарған. Ал 2008-2010 жыл аралығында № 1 өкпе терапия бөлімшесінде аға мейіргер жұмысын атқарған. Ол өз ісінің маманы, жұмыс орнында науқастарға гипс салу, орап-таңу жолдарын аса пысықтықпен меңгерген тәжірибесі мол мейіргер. Ата-анасының жолын қуып медицина саласын таңдаған оның осы салада үздіксіз жұмыс атқарғанына 42 жыл болған.
Бүгінде облыстық фтизиопульмонология орталығының №-2 бөлімшесінің мейіргері Күлмарам Күншығарова мамандыққа деген адалдығы мен адамгершілігінің арқасында ел алғысына арқалаған мейірбике.

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: