Kyzylorda-news.kz. Өмір болған соң адам оқыс жағдайға кезігіп жатады. Соның салдарынан зардап шегіп, денсаулығына зиян келуі мүмкін. Осындай қиын сәтте оның қасынан алғашқы тез арада көмек көрсететін жедел жәрдем қызметкерлері табылады. Оның ішінде адам өмірі қыл үстінде тұрған шақта біліктіліктері дәрігерлермен тең дәрежедегі фельдшерлер жедел шешім қабылдайды. Олардың қатарында аудан халқына алғашқы көмек көрсетіп жүрген Данияр Алпамысов та бар.
Тәжірибелі маманның медициналық саладағы еңбек өтілі биыл 9 жылды қамтиды. Ол осы салада еңбек етуді бала кезден армандаған еді. Даниярдың әкесі Алпамыс пен анасы Сағынған түрлі салада қажырлы еңбек етіп, бүгінде бейнеттерінің зейнетін көріп отырған жандар. Олар Даниярдың бұл ойын құптап, ақ жол тіледі.
Данияр Алпамысұлы Алпамысов 1992 жылы 3 шілдеде Арал ауданында дүниеге келген. Қаладағы №14 орта мектепті 2010 жылы бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы М.Мәметова атындағы медициналық колледжіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 2013 жылы "емдеу ісі" мамандығы бойынша тәмамдайды. Сөйтіп жас маманның еңбек жолы 2014 жылы аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде мейіргер болудан басталады. 2016 жылдың сәуір айында КДП ерлер қарау кабинетіне ауысып, фельдшер мамандығы бойынша еңбек етеді. Осында жүріп медицина қызметкерлерінің түрлі қиын жағдайларға дайын болу керектігін, адам жанына араша болуда ептілік, біліктілік қажет екенін көріп, сала мамандарынан тәжірибе жинақтаған жас маман бүгінде «Байтұрсынов» ауылдық емханасы жанынан ашылған жедел жәрдем бөлімшесінде фельдшер болып адал қызмет атқаруда.
– Біздің басты міндетіміз – алғашқы медициналық көмек көрсету. Әрбір күніміз адам жанына араша болумен өтеді. Басы ауырып, балтыры сыздаған, түрлі жағдайда ауырған науқастар алдымен жедел жәр¬дем қызметіне жүгінетіні белгілі. Содан біз қызметімізге кі¬рі¬сіп, алғашқы көмек көрсетуге барамыз. Қатты ауырып жатқан науқастармен бетпе-бет келеміз. Сондай әрбір секунд санаулы болған шақта жедел қимылдап, науқасқа тиісті дәрілерді саламыз, жағдайын қалыпқа келтіреміз. Осыдан соң аудандық ауруханаға жет¬кіземіз, – дейді Данияр Алпамысұлы.
Фельдшер Данияр қызмет барысында науқастармен қарым-қатынаста қиындықтар көп кездесетінін, десе де он шақты жыл уақыт ішінде тәжірибелі мамандардан көп нәрсені үйреніп, талай қиындықты еңсергенін айтады.
Медициналық көмек көрсету барысында жүрек-қан тамырлары, қан қысымы, қант диабеті сынды аурулар жиі кездеседі. Кей кездері ауырып, ес-түссіз жатқан науқастарға барамыз, ондай кезде алдымен науқас жанның есін жиюға әрекет етеміз. Денсаулығы жақсара бастағаннан кейін ғана жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткіземіз. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары кезінде жол апаты салдарынан адамдар түрлі жарақаттар алып жатады. Ол кезде де шалт қимылдап, алғашқы көмек көрсетеміз, – дейді тәжірибелі маман.
Аға мейіргері болған Эльмира Төлегенқызы әріптесі жайында: «Данияр тапсырмаларды уақытылы орындайды, жауапкершілігі мол, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Пациенттерге жаны ашып, мейіріммен қарайды, үнемі күліп жүреді. Жылы жүзді, жай сөйлеп, жақсы түсіндіреді», – дейді.
– 2018 жылы аурухана жанынан ашылған жедел жәрдем бөлімшесінде 12 фельдшер, 5 диспетчер, 5 жүргізуші еңбек етеді. Фельдшерлер төртінші категория бойынша жұмыс жасайды. Жағдайы ауыр науқасты аман алып қалу үшін медицина мамандары жауапкершілікті айқын сезінген. Қай уақытта кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыратын сала мамандарының әр күні қиындыққа толы. Әсіресе жаз маусымында созылмалы дерті бар науқастар дәрігерге бірнеше рет жүгінеді. Сондай шақта жедел жәрдем қызметкерлері көмегін көр¬сетеді. Олардың қатарында Даниярды ерекше атап өтуге болады. Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Оның еңбегі салалық басшылық тарапынан ескеріліп, аудандық аурухананың және медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының мадақтамасымен, Алғыс хаттарымен марапатталған, – дейді жедел жәрдем бөлімшесінің қызметі турасында аға мейіргер Ботагөз Қарабекова.
Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қиналғанда жедел жәрдем көмегіне жүгінеміз. Кейде бір күннің өзінде бірнеше мәрте шақырамыз. Сондай шақта жедел жәрдем қызметкерлері көмегін көр¬сетеді. Жедел жәрдемнің фельдшерлері көбісі ер балалар. Тез келеді, қолдары жеңіл тамырға тез түседі. Кеңестерін тыңдаймыз орындаймыз. Жеңілдеп жақсы болып қаламыз. Олардың қатарында Даниярды ерекше атап өтуге болады. Жас ұлғайған сайын аурушаң болады екенсің. Бір күні басым қатты ауырып, қан қысымым көтерілді. Сол бойда дереу жедел жәрдем көмегін шақырдым. Данияр келіп, өз қызметін сапалы атқарды. Қан қысымым қалыпқа келгенше жанымда болып, дәрі-дәрмегін берді. Аз ғана уақыттың ішінде білікті маманның арқасында жағдайым жақсарып, көңілім жайлана түсті. Осындай халыққа медициналық қызмет көрсетіп жүрген тәжірибелі мамандарға медицина қызметкерлері күні қарсаңында шынайы алғысымды білдіремін. Тек мен ғана емес, басқа да аудан тұрғындары фельдшердің көме¬гімен ауруынан айыққанына сенімім кәміл, – дейді қала тұрғыны Бибиажар Бақтыбаева.
Сырқаттанған адамның дер кезінде жанынан табылатын жедел жәрдем бөлім¬¬шесінің мамандары барлық мақтауға лайық. Қаншама халыққа қыз¬мет ететін бөлімшенің фельдшерлері табандылық пен қырағылықты жанына серік еткен жандар. Сондай жанның бірі Данияр Алпамысұлы да медицина саласындағы рәтті жұмысының жауапкершілігі мол екенін біле¬ді. Соған сай еңбек етіп, бүгінде көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.
Біз де осындай ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбастарына амандық тілейміз.