Kyzylorda-news.kz 2024 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау басталады. Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау бойынша дайындық жұмыстары туралы сұқбат берді.
− Динара Олжабайқызы, адам папиллома вирусы туралы айтып беріңізші, бұл қандай вирус?
– Адам папиллома вирусы – бүкіл әлемде кең таралған, шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі.
АПВ негізінен жыныстық қатынас арқылы таралады және жұқтыру жағдайларының басым бөлігі жыныстық қатынас басталғаннан кейін болады. Вирус тез таралады және жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады, сондықтан да қауіпті болып саналады.
Көп жағдайда инфекция еш симптомсыз өтеді, сондықтан адамда АПВ бар-жоғын арнайы зертханалық талдаудан кейін ғана білуге болады.
− Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакциналау қашан басталады?
− Жатыр мойны обырының дамуы АПВ инфекциясына байланысты екені ғылыми түрде дәлелденген. АПВ жұқтыру мен жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакциналау.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жатыр мойны обыры әлемдегі барлық қатерлі ісік аурулары құрылымында 13%-ға дейін жетеді. Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Қазақстанда жыл сайын 1600-ден астам жағдай тіркеліп, 500-ден астам әйел қайтыс болады. Қатерлі ісік ауруы арасында жатырмойны обыры 5-орында, ал өлім-жітім бойынша – 8-орында тұр.
Қазіргі уақытта 125-ке жуық ел (АҚШ, Канада, Аустралия, Бразилия, Венесуэла, Ұлыбритания) өзінің ұлттық иммундау бағдарламаларына АПВ қарсы вакцинаны енгізді. АПВ-ге қарсы вакциналауды енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталды. ДДСҰ 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакциналауды ұсынып отыр. Осыған байланысты, Қазақстанда биылғы жылдың үшінші тоқсанында 11 жастағы қыздарға екпе салу жоспарлануда.
− Вакциналаужұмыстарықалайжүргізіледі?
− Вакцина білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде тегін қолжетімді болады. Сондай-ақ, ата-ана өтінішімен вакцинаны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады.
Вакциналау ата-ананың немесе қамқоршының келісімімен, еш қарсы көрсетілім болмаған жағдайда, дәрігердің тексеруінен кейін жүргізіледі. АПВ-ге қарсы вакциналар стандартты 0,5 мл көлемде иық бұлшық етіне егіледі.
− Елімізде АПВ-ге қарсы вакциналау кестесі қалай жоспарланады?
− ДДСҰ ақпаратына сәйкес, вакциналау кестесі вакцина салынуы тиіс адамның жасына байланысты анықталады.
ДДҰ ұсынымын, өндірушінің нұсқаулығын және ҚР-да халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың консультативтік тобын ескере отырып, 6 ай аралықпен екі дозадан тұратын қыздарға арналған АПВ-ға қарсы вакциналау кестесі ұсынылған.
Айта кету керек, кез келген вакциналау, соның ішінде АПВ-ге қарсы вакциналар ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін ғана жасалады.
− Сұқбатыңызға рақмет.
Фото:gov.kz