Kyzylorda-news.kz. Шексіз бұралаңға толы өмір жолында талай адамдармен бетпе-бет кезігетінін рас. Ал денсаулығымыз сыр беріп қалар болса, мамандықтың асылы саналатын ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінетініміз белгілі. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер жалғанады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына – дауа, тәніне – шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалайтын абзал жандарды «нағыз ержүректердің» қатарына қоссақ, артық емес.

Халқымыз қашаннан: «Бірінші байлық – денсаулық», – деп денсаулықты дүниедегі байлық атаулының барлығынан жоғары қойса, Ата заңымызда: «Мемлекеттің ең басты қазынасы – халық және оның денсаулығы», – деп айқын көрсетілген. Азаматтардың рухани дүниесі мен денінің саулығы – мемлекетіміздің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі. 
Дәрігер – адам жанының арашашысы. Сондықтан антқа адалдықты талап ететін жауабы мен сауабы мол сала.
– Білікті дәрігерлердің жолымен мен де дәрігерлікті таңдадым. Әрине өте ауыр жұмыс. Себебі соңғы үмітін өзіңнен күтіп, жәудіреген жанары жасқа толып, ажалмен арпалысқан адамды өлімнен құтқарып, қайта оған жарық сәуле сыйлау қандай бақыт десеңізші?! Ол – әрине дәрігердің өзіне ғана аян, үлкен бақыт, дейді дәрігер. Бүгінде Дәуреннің мықтылығы қандай қиындық болса да, қасқайып қарсы тұруға бекінген қай¬сарлығы мен өжеттігі жұмысында жемісін беріп келеді.
Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылында 1991 жылы дүниеге келген біздің кейіпкеріміз Дәурен Сүйіндіков ауылдағы №130 Абай атындағы орта мектепті 2009 жылы бітірген бойда Астанадағы медициналық университеттің хирургия бөліміне оқуға түседі. 2016 жылы хирург мамандығын алып шығып, Жалағаш аудандық ауру-ханасына жолдамамен келіп, жұмысқа орналасады. Әкесі Жаңаберген Сүйіндік, анасы Ұлбала Нұрғалиқызы ұлдарының дәрігер болуын құптап, ақ батасын береді. Осылайша ата-ананың, халықтың батасымен жемісті еңбек етіп жатқан дәрігердің мамандыққа деген адалдығы, жұмысына деген жауаптылығы оны үнемі шыңдарға көтеріп, қанаттандырып келеді. 

Бүгін де кезекті ота. Түнгі сағат 3-те телефоны безектей жөнелді. Түн баласы ұйықтамай, сергек жатуды әдетке айналдырғанына да алты жыл өтіпті. Тұтқаны көтергені сол еді. «Дәурен тезірек жет. 9 жасар қыз соқырішекпен түсті. Дәл қазір шұғыл ота жасау керек» деді тұтқаның әр жағынан. Әріптесінің бірі екені айдан анық. Негізінен мұндай шақыртулар уақыт таңдамайды, бір жағынан кейіпкеріміз үшін қалыпты жағдайға айналғаны әлдеқашан. «Біздікі құс ұйқы ғой» деп күлімсіреді дә-рігер бізбен әңгімесінде. Біз дәрігермен әңгімелесудің сәтін бірнеше күн күтіп, әрең дегенде кезекті отадан шыққанда орайын таптық. 

– Апа, өзіңіз көріп отырғандай, менде бос уақыт жоқ десе де болады. Бүгіннің өзінде 3 ота жасадым. Қауіпті кездер де болады. Аллаға сыйынып, дереу іске кірісеміз. Бізде кейін жасаймын, ертең деген жоқ. Хирург болу үшін бірінші жүректілік, біліктілік, ептілік, төзімділік керек. Өзімнің қалаған мамандығым болған соң қандай қиындық болса да төзіп, тәжірибе жинап келемін. Алғашқы жұмысқа тұрған жылдары мен көп жұмыстың құпиясын хирург, білікті дәрігер Мұрат Оспановтан үйрендім. Ол кісі мені өзімен бірге бірнеше оталарға алып барып, білім мен білігімді шыңдады. Қазір жоспарлы, шұғыл оталарды жасаймын. 
Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездеседі. Кейбіреулер, көбінде балалар байқамай тиын, қыл, шеге тағы басқа заттарды жұтып қояды. Ота жасауда қазіргі заманауи технологияның бірі эндоскопияны пайдаланамыз. Асқазан жарасын емдеп, өттегі тасты  лазермен аламыз. Әйтеуір айта берсек, аурудың түрі көп қой. Хирург болған соң кез келген ота қолымыздан өтеді. Адамның өмірі болған соң одан мүлт кетуге болмайды. Аса сақтық керек. Басқа мамандық иелері қателессе, оған ке-шіріммен қарауға болады. Ал адамды ажалдан арашалайтын дәрігер, әсіресе хирург қателессе, өте өкінішті. Сондықтан көп ізденіп, алған білімімізді ғаламтормен ұш-тастырып, білімімізді курстарда жетілдіріп, жаңалықтарды жіті бақылап отырамыз. 
Медициналық жаңа құрылғылармен жұмыс жасауды да жетілдіріп келемін. Ең бастысы, саған сенген науқастың үмітін өшірмеу, қолда бар мүмкіндікпен оған көмек¬тесу. Отбасыма оралғанда кішкене өзіме рухани жағынан нәр беру үшін, көңіл толқынын тербеу үшін домбырамен күй тартамын. Сол кезде рухани қуатым артып, жүйкем тыныштанады. Қазақтың күйі деген керемет, жан дүниеңді жадыратады ғой. Менің арпалысқан ішкі әлемімнің дәруі – күй құдыреті, – дейді дәрігер ағынан жарылып. 

Иә, Дәуреннің жан жары Арайлым Мұстафа да терапевт дәрігер. Ақ халатты арманына балаған жұптар Диас атты перзентті тәрбиелеп отыр. Дәурен бізбен болған әңгімеден кейін шұғыл отаға шақырту алып, тағы бір адамды өмірмен қайта қауыш-тыруға кетіп барады. Алла қадамын сәтті, қолын жеңіл қылғай!

Тағы да оқыңыз: