Kyzylorda-news.kz Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бүгінде өңірде 150-ден астам медицина ұйымы бар болса, онда 3000-ға жуық дәрігер мен 11 мыңнан астам орта буынды маман қажырлы еңбек етіп келеді. Бұдан бөлек, Сыр медицинасын серпінді дамыту мақсатында аймақ басшысының қолдауымен өткен жылы 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілсе, биыл 17 медицина ұйымының іргетасы қаланды. Сонымен қатар, облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Осы және өзгеде саладағы жағымды жаңалықтар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков БАҚ өкілдеріне баяндап берді.
– Сыр медицинасы уақыт өткен сайын серпінді дамып келеді. Мәселен, жыл көлемінде тәжірбиелі мамандардың шақыртуымен шеберлік сағаттары өткізіліп, 21 түрлі ота жаңадан енгізілді. Сондай-ақ, осы жылы араға 9 жыл салып бүйрек трансплантациясы жасалды. Бұл біздің сала үшін үлкен жетістік деп айтуымызға болады. Соңғы жылдары өңірімізде денсаулық сақтау ұйымдарының саны едәуір артып келеді. Атап айтсақ, жақын арада 5 мыңнан 10 мыңға адамға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы, соңғы үлгідегі қан орталығы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймағымызда 27 медициналық нысанды салу көзделген болатын. Былтыр аталған жоба бойынша елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған нысандар Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша нысан ретінде салынатын болады. Алдағы уақытта Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық аурухана базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Сондай-ақ, биыл өңірдегі барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік табысталды. Осылайша, биыл елді мекендердегі жедел жәрдем көлігінің жетіспеушілігі түбегейлі шешілмек. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау ұйымдарына 560 дана қажетті медициналық құрал-жабдық сатып алынып, қамтылу көрсеткіші 87,10 пайызға дейін артты, - деді Олжас Ермекұлы.
Сыр медицинасының әлеуетін арттыру мақсатында 2018 жылдан бүгінге дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 155 резидентке, 162 жалпытәжірибелік дәрігерді даяулау мақсатында облыс әкімінің арнайы гранты бөлінген болатын. Осының нәтижесінде, 2023 жылы 590 дәрігер, 738 орта буынды медицина қызметкері біліктіліктерін арттырып, тәжірибе жинады. Ал биыл облыстаға 10 реаниматолог, 5 кардиолог маман Түркия елінде өз білімдерін жетілдірді.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі