Kyzylorda-news.kz  Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаевпен бірге сол жағалаудағы Қан орталығына барды.

Орталықтың іргетасы өткен жылдың тамыз айында қаланған болатын. Мұнда жылына 5000-10000 адамға қызмет көрсетіледі. Денсаулық сақтау саласындағы өзіндік орны бар мекемеге жеке ғимарат салу – маңызды әрі ұтымды шешім, тұрғындар саулығын сақтау және қорғау бағытындағы нақты іс-шараның бірі.

Нысан жақын күндері пайдалануға берілмек. Сондықтан жоспарланған жұмыс уақытылы әрі сапалы атқарылуы тиіс.

Нұрлыбек Машбекұлы мен Ақмарал Шәріпбайқызы көпбейінді аурухана құрылысымен де танысты.

Наурыз айында салынып басталған үш қабатты ғимаратты «SHEBERBUILD» ЖШС 2025 жылдың соңында ел игілігіне табыстайды.

Айта кетейік, биыл аймақ медицинасына 140 млрд. теңге бағытталды. Салада жаңа, ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қарқын алды. Ұлттық жоба аясында 11 млрд. теңгеге 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ашылды, бүгінде барлығы ел игілігі үшін қызмет етуде. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Қызылорда қаласының Досан елді мекенінде жаңа медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды.

Көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім жұмысын бастады. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде.

Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана салынуда, 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады.

Жақын күндері Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында, жыл соңына дейін Арал ауданында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылады.

Аймақтың медицина саласын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылып, соңғы екі жылда бөлінген 2 млрд. теңгеден астам қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылды, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды.

Қор облыстық онкология орталығына еліміздегі 3 өңірде ғана бар (Қызылорда, Ақтөбе облыстары, Алматы қ.), 1 млрд. 100 млн теңгенің жылжымалы медициналық кешенін сыйға тартты.

Мамандардың біліктілігін арттыру да назардан тыс қалған емес. Биыл 10 реаниматолог, 5 кардиолог Түркиядағы жетекші клиниканың бірі – «Мемориалда» білім жетілдірді.

2022 жылы халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз автокөлікпен қамтамасыз етілген болатын. Өткен жылы басқа да медицина мекемелеріне 513 млн. теңгеге 25 санитарлық автокөлік табысталды. Биыл 200 автокөлік алынады.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

8.jpg9.jpg

Тағы да оқыңыз: