Kyzylorda-news.kz. Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Мерейлі мереке қарсаңында адам жанына араша түсіп, жедел қызметке жүгінгендердің дертіне дауа болып жүрген Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының Қазалы жедел жәрдем құрылымдық бөлімшесіне бағыт алдық. Ондағы мақсат – жылына бір рет келетін күнтізбедегі арнаулы күнді айналып өтпей, ұйымшыл ұжымның жаңалықтарына қанығып, бөлім меңгерушісі Данияр Баекеевпен әңгімелесіп, сұхбат құру. Олай болса, тынымсыз тірлік арасындағы тілдесуді сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.
– Данияр Берікұлы, алдымен келіп жеткен төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын. Мерейлі мерекедегі сұхбатымызды жағымды жаңалықтардан бастасақ. Бөлім жұмысындағы жаңашылдықтармен бөліссеңіз.– Құ
ттықтауыңызға көп рақмет. Бөлімде ауыз толтырып айтатын жаңалық жетерлік деуге болады. Бүгінгі таңда бөлімше ғимараты толық күрделі жөндеуден өткен. Жаңа санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етіліп, заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен де жабдықталған. Атап айтатын болсақ, электрокардиограф, жасанды оттегі беру аппараты, ферталдық доплер аппараты, соңғы үлгідегі монитор, реанимациялық наборлармен жабдықталған. 1 дәрігерлік бригада және 4 фельдшерлік бригада тәулік бойы жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта №225 бұйрық бойынша Қазалы ауданының 77027 халыққа тәулік бойы қызмет көрсетудеміз.
– Жедел жәрдем қызметіне біршама өзгерістер енгенін білеміз. Белгіленген санат бойынша қызмет көрсететінінен хабардармыз. Десе де мұны көпшілігі қаперге алмай, бұл қызметке жиі наразылығын білдіріп жатады. Осы орайда халық ескермейтін санат турасында толығырақ ақпарат беріп өтсеңіз.
– Иә, бүгінде жедел-жәрдем 4 санат бойынша қызмет көрсетеді. Расымен де, сіз айтқандай жедел жәрдемнің келу уақыты жеделділік санатына байланысты екендігін жұртшылық біле бермейді. Білсе де ескермей жатады. Осы орайда жедел-жәрдем қызметі шұғыл көмек көрсетудің 4 санаты бойынша қызмет көрсететінін тағы да еске салғым келеді.
Жедел жәрдем шақыру науқастың ауру нышанына және жеделдігі бойынша былай топтастырылған. Бірінші санат – науқастың жағдайы өмірге тікелей қауіп төндіргенде және дереу медициналық көмекке мұқтаж болса бригада діттеген жерге 10 минут ішінде жетуі тиіс. Ал екінші санат бойынша науқастың медициналық көмексіз өміріне қауіп төнуі ықтимал жағдайда бригаданың келу уақыты 15 минутқа дейін деп көрсетілген. Үшінші санатта науқастың медициналық көмексіз денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайда жедел жәрдем 30 минут аралығында жетеді. Төртінші санатта науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбеген кезде, науқастың жағдайы өткір немесе созылмалы аурудың шиеленісуіне, ағзалары мен жүйелердің кенеттен және анық бұзылыстан туындаған кезде бригаданың келу уақыты 60 минутқа дейін созылады. Жалпы соңғы санатқа қатысты халық тарапынан түрлі наразылық туындайтыны рас. Дегенмен мына жайтты халық білуі тиіс. Төртінші санатта адам өміріне қауіп төнбеген жағдайда шақырту емханалар жанындағы кезек күттірмейтін көмек бөлімшелеріне жолданады. Сондықтан тұрғындар әр санатқа белгіленген нақты регламент бар екендігін ескеріп, сабырлылық танытса екен деймін.
− Сіздің қызмет аты айтып тұрғандай, жедел болған соң, шұғыл іс-әрекетті талап ететіні белгілі. Тіпті сабыр мен төзім сыналып, ортада адам өмірі тұрады. Осындай сәттерде мамандардың кәсібилігі мен кешенді қызметі маңызға ие. Бөлімде кадр мәселесі қалай шешілген? Қанша маман жұмыс істейді?
– Иә, оныңыз рас. Жедел жәрдемде қызмет ету екінің бірінің қолынан келеді деп айту қиын. Себебі біздің қызмет асқан төзімділікті, жауапкершілікті қажет етеді. Бөлімшедегі қызметкерлер өз ісіне берілген нағыз мамандар. Мұнда еңбек өтілі біршама жылды құрайтын, тәжірибесі толысқан кәсіби мамандармен қатар аға буынның жолын жалғаған жас мамандар да еңбек етуде. Бүгінде бөлімшеде 2 дәрігер, 39 фельдшер, 10 мейіркеш, 22 жүргізуші, 7 техникалық қызметкер қызмет етеді.
– Жедел-жәрдемде қызмет ететін қызметкердің кәсібилігінен бөлек бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен батылдық қажет деп ойлаймын. Қандай жағдайда да батыл шешім қабылдай алу керек. Сондай-ақ жан-жақты сауаттылық қажет. Себебі, жедел жәрдем дәрігерінің басқа мамандықтағы дәрігерлердің, атап айтар болсақ акушер-гинеколог, терапевт, педиатр сияқты біліктілігі болуы керек. Нұсқаулық беру кезінде ұйымдастырушылық қабілеттің де болуы маңызды.
– Сіздің жұмыста адамдардың қайғысымен бетпе-бет келетін сәттер аз болмайды. Мұндайда салқынқандылықты жоғалтпау да маңызды. Осындай кезеңдерде бойдағы эмоционалдық кедергілерді қалай жеңесіздер?
– Кез келген дәрігер алғашқыда науқастың жағдайын эмоционалды тұрғыда қабылдайды, алаңдаушылық танытады. Дегенмен уақыт өте келе бұл кедергілерден бәрі өтеді. Әрине бұл тез орын алатын жайт емес. Бұл жылдармен, тәжірибемен келеді. Дегенмен осы мамандықты таңдаған әрбір адам осындай жағдаяттармен бетпе-бет келетініне алдын-ала дайын болса, эмоциялар мен эмпатияны өздігінен бір жаққа қоюды үйренеді деп ойлаймын. Оның үстіне біздің жұмыс эмоциямен серік болуға арналмаған. Бұл қателікке ұрындыруы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болса да, салқынқандылық таныту бірінші кезекте тұрады. Медицина қызметкері болғандықтан этиканы қатаң сақтап, науқаспен және оның туыстарымен адамгершілік тұрғыда сөйлесіп, олардың қайғысына ортақтасып, сабырлылыққа шақыру да біздің міндетіміз. Біз мұны да қаперде ұстаймыз. Бірақ дәрігер әр нәрсенің өз шекарасы болатынын үнемі қаперден шығармай, бақылауда ұстай білуі керек.
– Жұмыстан тыс уақытта жедел көмек көрсеткен сәттер болды ма?
– Әрине болып тұрады. Тіпті жиі десем қателеспеймін. Медицина қызметкері ретінде қай уақыт, қай мезгіл болмасын көмек көрсетуге әзірміз. Егер қолымыздан келіп тұрып, қол ұшын созбасақ, қызметімнен бұрын, адамдығыма сын болады деп ойлаймын. Көмекке мұқтаж жанның дертіне дауа болып, санасында сәулелі із қалдыра алсам – арманымның орындалғаны. Себебі, менің бұл мамандықты таңдаудағы мақсатым да – тәні мен жанына көлеңке түскен жандарға көмек көрсету болатын.
– Қай әлеуметтік желіні ашып қарасақ та, жедел-жәрдем қызметіне айтылар сын көп. Мұны қалай қабылдайсыз және айтылған пікірлер қаншалықты орынды?
– Сын – адамзатқа тән нәрсе. Дегенмен оның қандай мақсатпен айтылатыны өте маңызды. Егер жанашырлықпен айтылса, оның жөні бөлек. Егер сондай пікірлер болса, әрине оны оң қабылдаймыз. Бірақ кейде кейбір адамдар біздің қызметті білмей, жөнсіз сынап, жұрт арасында түрлі көзқарас қалыптастырып жатады. Күні-түні тынымсыз еңбек ететін ақ халаттылардың жұмысына бұлай шек келтіру орынсыз деп есептеймін. Себебі жедел-жәрдем қызметінің артында жұртшылық біле бермейтін қиындық жатыр.
– Көпшілік арасында бұл мамандық мансаптық өсуге арналмаған деген пікірлер жиі айтылып жүр. Сіздің көзқарасыңыз.
– Ол рас. Жедел жәрдем қызметі мансаптық өсуге арналмаған. Себебі, жедел жәрдем жұмысы «алтын сағат» қағидасына негізделген. Дәрігерлер осы қағиданы берік ұстанады. Бұл мамандықты таңдаған әрбір дәрігердің басты миссиясы қызмет бабында саты бойынша өсіп, мансапқа ие болу емес. Басты мақсат – белгіленген уақыт аралығында науқасқа жетіп, жедел көмек көрсету, адам жанына араша болу. Мен жедел жәрдемде қызмет ететін кез келген дәрігер мансаптық өсуді көздемейді деп анық айта аламын. Себебі, біз үшін адам өмірін құтқарудан асқан жетістік жоқ.
– Қарбалас жұмыс арасынан алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.