Kyzylorda-news.kz. Технологиялық төңкеріс уақыт көшімен қатар жылжыған сайын, адамдардың өмір сүру ұзақтығы қысқарып барады. Қызылордалықтардың, оның ішінде бір бүйірінде Арал, бір жағында Байқоңырмен шектесіп жатқан қазалылықтардың денсаулығына экологиялық фактордың әсер етуі де заңды. Халықтың құнарсыз өніммен тамақтанатыны тағы бар. 

Қазір басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. «Алтыдағы баладан, алпыстағы қарияға» дейін сырқаттанып қалса, алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінері анық. Десе де, ауырып қиналғанға араша түсетін жандардың түрлі жағдайды бастан кешетінін кез келген біле бермейді.

Тәулігіне 100 шақырту түседі

Ауданның денсаулық сақтау саласына әр мекеменің, әр дәрігердің өзінше үлесі бар. Соның ішінде жедел жәрдемнің бағасы биік, еңбегі өлшеусіз. Қысылғанның жанын сақтайтын да, кешігіп келеді деген ел өкпесін еститін де – осы бөлім. Жас та болса бас боп жүрген дәрігер, меңгеруші Данияр Баекеев басқаратын Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының Қазалы жедел жәрдем құрылымдық бөлімі аудан тұрғындарын шұғыл, өлім алдындағы ауыр жағдайда аман алып қалуға атсалысып жүр.

78 адамнан тұратын ұжым ауысымдық жүйемен 5 бригада түрінде жұмыс істейді. Яғни, 5 жедел жәрдем көлігі бар. Бір ауысымда 10 фельдшер, 5 жүргізуші, 1 диспетчер бірлесе қызмет етеді. Аталған бөлім 1, 2, 3 санаттағы шақыртуларға барады. Айта кету керек, жедел шақыртулар науқастың ауру белгілеріне байланысты оңтайландырылып, төрт санатқа жіктелген. Алғашқы үш санатқа пациенттің өміріне тікелей қауіп төніп, шұғыл медициналық көмек қажет етілетін жағдайлар жатқызылады. Мұндай бөлімшелер шақыртуларды тәулік бойы қабылдайды. Аға фельдшер Жеңіскүл Дәрекештің айтуынша, жедел жәрдем көліктері кислород, ИВЛ, ЭКГ, отсос, дефибриллятор, небулайзер сынды қажетті аппараттармен жабдықталған. Шұғыл қатерлі жағдайларда дәрігерлер құрал-сайманын сайлап, 8-15 минут ішінде оқиға орнына қарай жүйткіп жетеді.

Қазалылықтар жедел жәрдем көлігін жүрек-қан тамыры аурулары, жол көлік апаты жағдайларында жиі шақырады екен. Көлік апаты қыс мезгілінде ауа-райының қолайсыздығынан көбейетіні мәлім. Тұмаудың жиілеп, түрлі ауруды қайта қоздырар кезі де осы мезгілге сәйкес. Ондай күні тәулігіне 100 шақырту түсетінін айтып өтті. Әр шақырту ақхалатты жанға артылар жауапкершілік жүгін сезіндірмек.

Дәрігердің бір күні

Байқағанымыздай, жедел жәрдем бөлімі жұмысының сапасына әрқайсысы – фельдшер, дәрігер, диспетчер, көлік жүргізушісінің өз үлесі бар. Бір-бірімен тығыз байланысты, іскерлік пен жылдам шешім қабылдауды, кәсібилік пен кешенді қызметті қажет ететін бөлімнің бір күндік жұмысы да оңай емес.

Ауысым бойынша жұмысқа кіріскен фельдшер, дәрігердің күні шақыртудан басталады. Бұл жерде қоңырауларды қабылдап, бригадаларды реттеп отыратын диспетчердің жұмысы аса маңызды. Әрі қарай науқастың қандай жағдай бойынша хабарласқаны назарға алынып, бригада жедел түрде аталған мекен-жайға қажетті аппараттарымен аттанады. Мәселен, реанимациялық жағдайдағы науқасқа дер кезінде оттегі беріп, мониторинг арқылы бағалаған соң, қимылға көшеді.

Бүкіл әлемге қанат жайған пандемия кезінде вирус жұқтырғандарға да жедел көмек көрсеткен ұжымның бірі – Қазалы жедел жәрдем құрылымдық бөлімі. 

«2020 жылы ковидпен ауырғандар көп болды. Тәулігіне 10-15 шақырту келетін. Аты жаман вирусты жұқтырғандарға ПЧК киім-кешегін, дәрі-дәрмегін қамтамасыз етіп отырдық. Екпе жұмыстарының нәтижесі шығар, осы жылы біршама азайды. Бұл дәрігер үшін үлкен қуаныш, ел үшін жетістік», – дейді бөлім меңгерушісі Данияр Берікұлы.

Шұғыл көмекті қажет ететін науқастардың арасында үй жағдайында босану оқиғалары да кездескен. Жүрек талмасы да – біраз шақыртудың себебі. Мұның барлығы ауырған адамның өздігінен әрекеттенуіне келмейтін, күтпеген, шұғыл жағдайда туындайды. Осындай қысылтаяңда адам жанын сақтап, Гиппократқа, адал қызметіне ант еткен ақхалаттылардың орны бөлек.

Тағы да оқыңыз: