Kyzylorda-news.kz Үнемі адам өмірін аман алып қалуда сан түрлі оқиғаға тап болатын «Жан сақтау» бөлімшесінде сала мамандары дамылсыз қызмет етуге дағдыланған. Бөлімшедегі кез келген дәрігер мен медбике үшін әрбір минут өз құндылығын жоймайды. Осындай жауапкершілікті көтере білген аға аяжан Гүлзат Рахметова әрқашан жұмысты ұтымды үйлестіре біледі.

Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы Гүлзат Тұрмағанбетқызының қызметтік жолы Сырдария аудандық ауруханасына қарасты «Балалар» бөлімшесінен бастау алған. Араға 1 жыл салып жас маман «Жан сақтау» бөлімшесіне қызмет ауыстырады. Осы сәттен бастап ауыр жағдайдағы науқастарға ем-шара жасауда асқан ыждағаттылық танытады. Күнделікті аға аяжанға жүктелген жұмысты еңсеріп, басшылықтан келіп түскен тапсырманы мүлтіксіз орындауға тырысады.

– Мен, өз мамандығымды жақсы көретін жанның бірі саналамын. Алғаш Қызылорда медициналық жоғарғы колледжіне оқуға түскенімде денсаулық сақтау саласы бойынша білімімді жетілдіріп, медбике білуге тиісті барлық дүниені меңгеруге тырыстым. Әрбір жұмыстың өзіне тән қиындығы болады. Сондықтан аға аяжан ретінде бөлімшедегі қызметімді кемшіліксіз жасауға ұмтыламын. Еңбек ете білген жан қай кезде де абырой биігінде болады. Жас маман болып келген кезімде білмегенімді үйрете білген, әркез жол көрсеткен Райса Анасова бастаған аяулы жандарға шынайы алғысымды жеткіземін, – деді аға аяжан.

Тағы да оқыңыз: