Kyzylorda-news.kz Саламатты әрі бақытты өмірді дәрігердің көмегінсіз елестету мүмкін емес деуге болады. Қазақтың “Біріншібайлық – денсаулық” деген тәмсілі де осыны меңзесе керек.
Қазіргі күні елдегі ақхалатты жандардың біліктілігін медицинасы дамыған елдердің мамандарының қабілетімен теңестіруге әбден болады. Себебі күн өткен сайын алдына көмек сұрап келген адамның сырқатын жазып, көңілін көншітіп жіберетін дәрігерлердің саны артып келеді. Қазалы ауданындағы Бақыт Әлішева басшылық ететін аудандық көпбейінді ауруханасының қызметкерлері де бүгінде сапалы қызмет көрсету жағынан көш бастап тұр.
Қазалы аудандық көпбейінді аурухана іші арпалысқан өмір. Әрбір дертке шалдыққандардың жанына араша түсу үшін ақ халаттылар барын салып жүгіріп жүр. Адам жанын арашалап жүрген ақ халатты жандардың көмегіне жүгінбейтін жан жоқ шығар. Сырқатына шипа іздеген талайды емдеп, тіпті, екінші рет өмір сыйлаған дәрігерлердің еңбегі ерен. Ендеше, қашанда құрметке лайық жандардың жұмыс барысымен танысуға бел будық. Бүгінгі сапарымыз Қазалы аудандық көпбейінді аурухананың терапия бөлімі құрамындағы нейроинсульт бөлімшесінен басталды.
Қазір қазалылықтар арасында жүрек қан тамыры ауруларының көбеюіне байланысты, оның алдын алу мақсатында жиырма орындық арнайы бөлімше, 2022 жылы жұмысын бастаған болатын. Бүгінде мұнда невропотолог дәрігері Гүлмария Дәрменова өте ауыр және орта жағдайда түскен науқастарға ем-дом жүргізуде.
Жаңа жабдық жанға дауа
Ең әуелі, Қазалы аудандық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Медетбаеваға жолықтық. Айгүл Егізбайқызы аурухана ережесі бойынша қарамағындағы қызметкерлерімен әдеттегідей өтетін бес минуттық жиыннан шығып, Гүлмария Ертуғанқызын шақыртып алды. Арнайы бетке қорғаныш маска мен аяққа шүберек бахила және медициналық жамылғы берілді. Нейроинсульт бөлімі үшінші қабатта орналасқан. Мұнда ауыр жағдайдағы науқастарды лифт арқылы жеткізетін көрінеді. Жолай осы бөлімнің невропатолог дәрігері Гүлмария Дәрменова науқастардың жай-күйі жайлы баяндап берді.
– Бұл біздің бөлім. Бірақ терапия бөліміне кіреміз. Барлығы 20 орын бар. Бесеуі жансақтау бөлімінде, қалғаны қарқынды емдеу палаталары, – дегенше ең бірінші палатада жатқан науқастарға: – Саламатсыздар ма. Жағдайларыңыз қалай? Қорықпай жасатып келдіңіз бе? – деп амандық-саулық сұрасты.
– Церебральды ангиограф аппаратымен жасалған операциядан шығып тұр. Онда науқастың басының тамырларын тексереді. Коронография сияқты жолдармен аяқ шабы арқылы арнайы дәрілік сұйықтық жіберіліп, бас тамырларын бақылайды, – дейді Гүлмария Дәрменова.
Бірнеше күн бұрын жедел жәрдеммен жеткізілген жетпіс жасты алқымдаған апа емдеуші дәрігеріне алғаусыз алғысын жаудырды. Есімін Ажар деп таныстырған ол, ауруханаға жоғары қан қысымымен жүре алмай, басы айналып, есеңгіреп жеткен екен.
– Менде күнделікті қалыпты қан қысымым – 110/70. Мұнда келерде 160-қа дейін көтеріліп кетті. Ең алғашында құлағымда шу пайда болды. Содан осы дерт екі жылдан бері жабысып, мазамды әбден қашыруда. Қанша жерге барып, тексерілсем де, дәрігерлер шипасын таппай жатыр. Енді, осы операциядан кейін жағдайым жақсаратын шығар деген үміттемін. Себебі, осы жолмен енгізілген дәріден кейін қан қысымым әжептәуір түсті, – дейді Ажар Тоқмамбетова.
Гүлмарияның айтуынша, ангиограф арқылы жасалған тексерістің көмегі зор.
– Біздің міндетіміз – инсульт пен инфаркттің алдын алу және қазалылықтар арасында сал ауруын болдыртпай, тұрғындардың өздігінен жүріп-тұру қабілетін сақтап қалу. Арнайы аппаратпен жасалатын отаға емделушілердің басым бөлігі қорқып, келіспей жатады. Сондықтан, барынша, жан-жақты ғылыми дәлелдермен асықпай, түсіндіруге тура келеді. Ажар апа да, басында келіспей, үрейленген болатын. Сосын ойлана келіп, келісті. Нәтижесі – жағдайы жақсарды. Жақсарғаны соншалық үйіне қайтқысы келуде. Бірақ, әзір бүгіндікке төсегінде қозғалмай 24 сағат жатуы тиіс. Тәртібі сондай, – дейді Гүлмария Ертуғанқызы.
Ажар апаның қасындағы Майра есімді әйел де жүре алмай, жедел ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы тіптен ауыр болған. Ол – 220 қан қысымымен түскен. Оның қан қысымы көтерілгенде бірден – 200-ден шығады екен.
– Менің келгеніме екі күн болды. Әуелгіде отыра алмайтынмын. Құлай беремін. Қазір шүкір, осы алақандары шипалы дәрігерлер мен медбикелердің көмегінен кейін жақсардым. Көріп отырғандарыңдай, басымды көтеріп отырмын. Бірнеше жылдан бері осы дертіммен ауруханада есепте тұрамын. Бірақ, бұлай басымның айналып, құлауым бірінші рет болып тұр. Ешқандай соққы алмағанмын. Осылай аяқасты ауруға шалдықтық, – дейді Майра Әбжами.
Аурудың алдын алу өміріңді ұзартады
Білікті дәрігер Гүлмария Ертуғанқызының кеңесінше, ангиограф аппаратынан үрейленбей, бір тексеріліп алғаны сырқаттың еміне пайдасы мол.
– Ауыртпай, жасалатын операция арқылы бас тамырларында аневризма бар ма, соны нақты анықтап береді. Сол арқылы біз инсульттің алдын ала аламыз. Жастарда қазір гемаррогиялық инсульт миға қан құйылып кету жағдайы көптеп кездеседі. Ал, аневризма ол ми тамырларындағы қуыс. Сол кейін жарылып кетеді. Осыдан барып, миына қан құйылғандықтан инсульт алады. Олардың кейбіреуінде туа пайда болса, келесілерінде жүре шығады. Мәселен, түсіндіретін болсам, бойлап келе жатқан қан тамырының бір жерінде домалақтанған қуыс болуы мүмкін. Оның салдарынан бас жиі ауыра береді. Уақыт өте, сол қуыс жарылатын болса, жағдай ушығады. Соңғы кездері байқап жүрміз. Жастардың қан қысымы жиі көтеріледі. Ем жасасаң түспейді. Кеңесе келе, осыны зерттеу мақсатында кішігірім ота арқылы ангиографпен тексергенде аневризма салдарын көреміз. Осы жыл басынан бері 4 адамға жасадық. Бастапқыларын сәуір айынан бастап, порталға қойып, Қызылордаға барып, сол ми тамырындағы қуысты бітетіп келеді деп күтілуде, – дейді Гүлмария.
Оның мәлімдеуінше, жақында жолданған бір науқасының операциясы сәтті шыққан. Ал, аневризманың шығу тегі саналуан екен. Денсаулыққа немқұрайлы қарап, қан қысымының жиі көтерілуі қан айналымының бұзылуына әкеп соғады. Дұрыс тамақтану тәртібінің жоқтығы, қозғалыс пен қимылдың аздығы салмақтың көбеюіне әкеледі. Бұның бәрі түбінде зиянды дертке шалдықтырады.
Айта кететін жәйт, операция жасатқан адамдардың кейбірінен ми тамырларынан қосымша стеноз тапқан жағдай бар. Стеноз деген – тамырдың қысылып қалуы. Мұндайда егер, тромб болып, үзіліп қалса, ишемиялық инсультқа ұшырайды. Ишемия деген – қанның бармай қалуы. Гемаррогияда қан құйылып кетеді. Осындай аурулардың алдын алуда ангиограф жабдығы септігін тигізуде. Аталған құрылғымен жүректің жай-күйін де, тексеруге мүмкіндік бар. Бірақ, оны көбі түсінбей жатыр, дегенді жеткізді невропатолог дәрігер.
Осымен нейроинсульт бөлімшесіне екінші рет түсіп отырған Ажар Тоқмамбетова палаталас серігі Майраға қорықпай, ота жасатуына кеңес берді.
– Қайта-қайта қан қысымым көтеріліп, жаным қиналғандықтан келістім. Енді нәтижесін күтудемін. Дегенмен, отадан соң жағдайым да жақсарып қалды. Емдеуші дәрігерім Гүлмарияға бақыт тілеймін. Еңбегінің жемісін көріп, абыройы асқақтай берсін, – деген ақ батасын жаудырды жетпіс үш жастағы Ажар апа.
Ақжарқын апалардың жағдайымен қаныққан соң келесі бөлмедегі емделушілерге беттедік. Мұнда бас сұққан Гүлмария Ертуғанқызы олардан амандық-саулық сұрасқаннан кейін, өздерін мазалап жүрген сырқаттары болса, баяндауын сұрады. Өзін Ұлмекен Елдесова деп таныстырған аралдық ана:
– Айналайын, ешқандай шағымымыз жоқ. 220-мен түскен едім. Қазір халім біршама жақсарды. Коронографияны жасаттым. Енді үйге қайтуға асығып тұрмын. Қазалының дәрігерлері жақсы екен. Бар жағдайды жасап, қолдан келер ем-домдарын жүргізді. Ақхалаттыларға алғысым шексіз, – дейді аралдық Ұлмекен Елдесова.
Қазалы аудандық көпбейінді аурухананың нейроинсульт бөлімінде Аралдан бөлек, Ақтөбеден келген емделуші бар. Мұнда дәрігерлер ауыр жағдайда жеткізілсе, оның қай жаққа қарағанына қарамастан жедел емін тағайындайды.
Гүлмария Дәрменовамен қатар, бір ауысымда екі дәрігер мен алты медбике мен алты кіші мейіркеш, бір аға және екі ас таратушы мейіркеш, барлығы отыз бір қызметкер аурулардың тездетіп аяққа тұруына жағдай жасауда. Ол жұмысын таңғы сегізде бастағаннан кешкі алтыға дейін бітіреді. Таң атқаннан, кеш батқанға дейінгі жұмыстарының арасында отаға қатысады, науқастардың ауру тарихын компьютерде тереді. Осылайша, тынымсыз еңбек пен маңдай терге толы білікті дәрігердің бір күнімен таныстық. Мұндағы жайдарлы емделушілердің жүзін көріп, ауырмаудың жолын іздеу қажеттігі тағы бір мәрте еске оралды.