Kyzylorda-news.kz Жаңа жыл – үміт пен жаңару кезеңі. Алайда мерекелік көңіл күйге қарамастан, ауруханаларда ем алып жатқан науқастар үшін бұл күндер де қалыпты жұмыс ырғағында өтеді. Күрделі операциялар, шұғыл жағдайлар, босану бөлімшелері, онкологиялық және қан ауруларымен күресіп жатқан адамдар – олардың барлығы донорлық қанға тәуелді. Сондықтан Жаңа жыл қарсаңында Қан орталықтарында донорға деген сұраныс айтарлықтай артады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Неліктен мереке алдында қан аса қажет?
Әдетте мереке күндері жол-көлік оқиғаларының, тұрмыстық жарақаттардың саны көбейеді. Сонымен қатар жоспарлы және шұғыл операциялар тоқтамайды. Ал донорлар саны, керісінше, азаяды: біреулер демалысқа кетеді, енді бірі мерекелік қарбаластан уақыт таба алмайды. Нәтижесінде қан қоры азайып, кейбір науқастар үшін қауіп төнуі мүмкін.
Медицина мамандарының айтуынша, қан – жасанды жолмен өндірілмейтін, тек адамнан адамға ғана берілетін ерекше ресурс. Бір донор берген қан үш адамға дейін өмір сыйлауы мүмкін: эритроциттер, плазма және тромбоциттер бөлек қолданылып, әртүрлі науқасқа көмектеседі.
Мереке күндері, әсіресе Жаңа жыл қарсаңында донорлық қанға деген қажеттілік айтарлықтай артады. Бұл кезеңде шұғыл операциялар, босану жағдайлары, жол-көлік оқиғалары мен тұрмыстық жарақаттар азаймайды. Ал донорлар саны, керісінше, төмендейді. Сондықтан дәл осындай күндері әрбір донордың көмегі ерекше маңызды, - деп түсіндірді лордадағы "Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы" ШЖҚ РМК Донорлар кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-трансфузиолог-терапевт Әйгерім Сағамбаева.
Мәлімдеуінше, мереке күндері тұрғындарда демалыс болғанымен, Қан орталығы жұмысын тоқтатпайды.
Осыған байланысты елордадағы Қан орталығы жаңа жыл мерекесі күндері де демалыссыз жұмыс істейді. Біз азаматтарды мерекелік қарбаласқа қарамастан, уақыт тауып, донор болуға шақырамыз. Қан – баламасы жоқ биологиялық ресурс, оны тек адамнан ғана алуға болады. Бір донордың тапсырған қаны бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бұл – өзгеге өмір сыйлайтын ең ізгі әрі жауапты қадам, – дейді дәрігер.
Донор болу кімдерге қолжетімді?
Қан тапсыру үшін 18 жасқа толған, салмағы 50 келіден асатын, денсаулығы жақсы кез келген азамат донор бола алады. Донор болуға ниет білдірген әр адам алдымен медициналық тексеруден өтеді: қан қысымы, гемоглобин деңгейі, жалпы жағдайы бағаланады. Барлық процедуралар қауіпсіз әрі тегін жүргізіледі.
Донорлық – тек көмек емес, денсаулыққа да пайдалы
Мамандар донорлықтың адамның өзіне де пайдасы бар екенін айтады. Қан тапсыру ағзаны жаңартып, қан түзу жүйесінің жұмысын белсендендіреді. Сонымен қатар тұрақты донорлар өз денсаулығын жиі тексертіп, аурулардың алдын алу мүмкіндігіне ие болады.
Ең бастысы – донор болу адамға рухани қанағат сыйлайды. Бір бөтен адамның өміріне үміт сыйлағаныңды сезіну – өлшеусіз бақыт.
Жаңа жылдық сыйлықтың ең құндысы
Қымбат сыйлықтар мен мерекелік дастарханнан бөлек, жаңа жыл қарсаңында жасалатын ең ізгі іс – донор болу. Бұл – материалдық емес, бірақ адам өмірімен өлшенетін баға жетпес сый. Қан орталықтары дәл осы күндері барлық бейжай қарамайтын азаматтарды донор болуға шақырады.
Фото: Нұрболат Нұржаубай