Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 225 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 2 жағдай туралы бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 225 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 2 жағдай анықталды. Екеуі де – Қызылорда қаласынан. Олар алдында анықталған науқастармен тікелей қарым-қатынаста болып, карантиндік бақылауға алынған еді. Бұл науқастарда 14 күндік бақылау аяқталған соң, қайтадан сынама тест алған кезде инфекция анықталып отыр. Осылайша, Қызылорда қаласында анықталған науқастар саны 88 адамға жетті», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 225 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 3294. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1794, потенциалды байланыста болғандар – 1500 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 77, правизорлық стационарда – 19, карантиндік стационарда – 297 адам бақылауда.
Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 288 тест сынамасы жасалыпты.
«Соңғы тәулікте 288 тест сынамасы жасалды. Оның 279 – теріс мәнді болып шықты. Бүгінде облысымызда 4665 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы облыс тұрғындарын мереке және демалыс күндері карантин талаптарын сақтап, ардагерлердің өміріне қауіп төндірмеуге шақырды.
«Жеңістің 75 жылдық мерейтойы демалыс күндерімен қатар келіп отыр. Әрине, тұрғындар осы мерекемен ата-әжелерімізді құттықтағысы келетіні жасырын емес. Үлкен кісілердің бұл індетті тез жұқтыру қаупі басым екендігін естен шығармаған жөн. Олар жұқтырған жағдайда ауыр ағымда өткізеді. Сондықтан, ардагерлерді онлайн құттықтауға, адамдардың шоғырлануына жол бермеуге, мерекелік басқосулар мен отырыстар өткібеуге, сіздерді тағы да қарым-қатынас арқылы індет жұқтырудың алдын алуға шақырамын», – деді Ж. Әбілқасымұлы.