Kyzylorda-news.kz. АҚШ ғалымдары ересектерде коронавируспен байланысты қабыну синдромын анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін мұндай синдром тек балаларда кездескен еді. Ал қазір бүлдіршіндер мен жасөспірімдерде коронавирустың асқынған түрі саналатын MIS-A синдромы ересек науқастарда да байқалып жатыр, деп хабарлады АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының сайты.

Мұндай синдром анықталған пациенттердің жүрек ырғағы бұзылып (аритмия), іші ауыра бастаған. Айта кетерлігі, олардың ешқайсысында бұған дейін жүрек және асқазан-ішек жолдары аурулары болмаған.

Америкалық мамандар 21-50 жас аралығындағы 16 науқастың жағдайын толық сипаттап берді. Олардың бәрінде аритмия анықталған, 12 адамның дене қызуы көтерілді, тек сегіз пациентте ғана респираторлық симптомдар байқалған. Салдарынан он адам жансақтау бөліміне түсті, екеуі қайтыс болды.

Ғалымдар коронавирусты жұқтыру мен MIS-A синдромының пайда болуы арасында қанша уақыт өтетінін әзірге анықтаған жоқ. Сондықтан олар бұл синдром COVID-19-дың ауыр түрі ме, жоқ әлде “инфекциядан кейінгі процесс” пе, ол жағын нақты айта алмай отыр.

Тағы да оқыңыз: