Kyzylorda-news.kz Облыста жыл басынан бері 79 839 адам жедел респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 63 пайызды құрайды. Ал тұмаумен ауырғандар саны 35 адам болса, оның 25-і балалар. ЖРВИ бойынша аурушаңдық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.

–  Жіті респираторлық вирустық инфекциялар - тұмау, парагрипп, аденовирус және респираторлық-синцитиальды вирустардан туындайтын, ауа-тамшылары арқылы таралатын аурулар тобы. Инфекция жөтелгенде, түшкіргенде және тұрмыстық байланыс арқылы жұғады. ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың негізгі жолы - вакцинация. Биыл облысқа тегін егуге 85 мыңнан аса доза вакцина жеткізілді. Ол алдымен диспансерлік есептегі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және қарттарға салынады. Айта кетейін, аймақта вакцинациялау жұмыстары бүгіннен басталды, - деді Жаңыл Исақызы.

Қазір күз мезгілі басталып, ауа райы құбылмалы кезеңге өтті. 

– Бұл уақыт ЖРВИ мен тұмаудың өршитін шағы. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 1 қазаннан бастап медицина ұйымдарының қызметкерлері маска режимін сақтайды. Сондай-ақ дезинфекциялық шаралар күшейтіліп, ұйымдасқан ұжымдарда профилактикаға бақылау артады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмаудан қорғаудың жалғыз әрі ең тиімді жолы ретінде вакцинацияны ұсынады. Осы мақсатта облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады, – деді Әлия Мүтәліпқызы.

Снимок.PNG

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: