Kyzylorda-news.kz Бүгінде бір мамандықта өмірін тоғыстырған жандар аз емес. Бір әулетте төрт дәрігер – екі терапевт пен тіс дәрігері және реаниматолог. Отбасымен денсаулық күзетінде. Балтыр сыздап, бас ауырса, ақ халаттылардың алтын қолына жүгінетіміз жасырын емес. Олар негізгі жұмысымен қатар, шаңырақтың тірегі, балаларына қамқор ата-ана. Солардың бірі – Бақытбек Оңбосынұлы мен Перизат Серікқызы деуге болады. Бұл жұп үлкен жауапкершілікті жүктейтін дәрігерлік мамандықты таңдаған. Олар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білімін жетілдіріп жүргенде танысқан. Осылайша, ортақ кәсіпті меңгерген екеуі басқосып, шаңырақ көтерген.
Қазір бірі – Қазалы теміржол ауруханасының жансақтау бөлімінде анестезиолог-реаниматолог қызметін атқарса, екіншісі халыққа терапевт кеңесін беруде. Нақты айтсақ, Бақытбек М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2014 жылы жалпы тәжірибелік мамандығы бойынша меңгеріп шықты. Еңбек жолын сол жылы Қазалы теміржол емханасында бастады. Ал зайыбы Перизат екі жылдан соң терапевт мамандығын иеленді. Осы күні ересектер және балалардағы жұқпалы аурулар, яғни инфекционист мамандығы бойынша екі жылдық резидентурасын оқуда.
Бүгінде ерлі-зайыптылар қаншама науқастың өміріне араша түсіп, адам анатомиясын терең меңгерген. Олар кез келген жағдайда қиындыққа мойымайды. Қос дәрігер күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар қатарында. Осы қасиеттерді үш баласына дарытуда.
Анестезиология және реанимация мамандығы бойынша даярлық курстан өткен Бақытбек теміржол ауруханасының жансақтау бөлімінде ауыр науқастармен жұмыс істеп келеді. Күн-түн демей, дертке шалдыққандарға барынша, дәрігерлік кеңесін береді. Өнегелі отбасы әріптестері арасында абыройлы, қызметте үлгілі дәрігер. Екеуі де, көптеген аудандык, облыстық марапатты иеленген.
– Айығудың ең негізгі шартының бірі – жазылуға деген құлшыныстың болуы. Егер, іс-әрекеттеріңізде емделуге деген құлшыныс болмаса, жалғыз дәрігердің емі нәтиже беруі екіталай деп Сенека Луций айтқаны бар. Жұмыс барысында әртүрлі адамдар кездеседі. Кейбір жандар аяққа тұруына мүмкіндік бола тұра, өздерін -тастап жібереді. Енді бірі – ауыр жағдайда түссе де, өмірге құштарлығы арқылы денесіне дендеген дертінен тез айығады. Ал, дәрігерлер науқасты аман алып қалуда өзінің үш қаруын қолданады. Ол – сөз, дәрі-дәрмек және ота жасап, дертті жеңу болып табылады. Бізге түскен әрбір жанмен жылы сөйлесіп, жанына медеу болуға барымызды саламыз. Оның аз уақытта ем алып, айығып шығатынына сенім артамыз, – дейді Бақытбек Төлегенов.
Бақытбектің айтуынша, бала кезден ақхалатты киіп, ауруханада дертке шалдыққандарды емдеуді армандаған. Себебі, ағасы Сахи мен Ғалымжан Төлегеновтер де, осы саланың мамандары. Бірі – дәрігерлік қызметті ұзақ жыл атқарып, құрметті зейнетте болса, екіншісі – тіс дәрігері ісімен көпке сыйлы.
– Егер, сен дәрігер болсаң, тек, медицинамен айналыс, ғылымдағы танымыңды арттыр. Қасиетті Құранда: «Алла тағала адамның кеудесіне екі жүрек жасаған емес» дейді. Сондықтан, медицина білгірі бола тұрып, келесі бір мамандықтың да, шебері бола алмайсың. Бизнесте жетістікке жеткен дәрігерлер бар. Олар ем-дом жүргізіп жатқанда, өзге кәсібі кедергі келтіріп, науқас зардап шегуі мүмкін. Немесе, дін шеңберінде білгенін алға тарта беретін де, дәрігерлер кездесіп қалады. Олар үшін ең жақсы, қайырлы нәрсе – өз ісімен айналысу. Сондықтан, бар білік, жігерімізді медицина саласына жұмсауға тырысудамыз. Әркез басшы тарапынан қолдау жасалады. Дәрігерлік білімді жетілдіру курсына сала мамандары жіберіледі, – дейді Перизат Сейдахметова.
Біздің тараптан Ибн Синаның: «Дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдансаң, дәрігерге пысқырып та, қарамайсың» деген сөзі ойға келеді. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге әркез ұмтылайық. Салауатты өмір салтын қалыптастырудан қол үзбейік.