Kyzylorda-news.kz Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтып, жүйенің кемшіліктерін сынға алды, деп хабарлады Қазақпарат ақпараттық агенттігі.
− МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісі қанқұрттан емделген. Бес айында тісі шықпаған баланы қалай емдеуге болады? Басқа бір адамның 82 тісі емделген, соған қаражат төлесін деп қорға есеп берілген. Сосын бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. МӘМС қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдайға емес, әр қызметке төленеді, – дейді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, жүйеде нормативтер мен цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес.
− Тағы бір дәлел, бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Кейін рентген қолданыла басталды. Жарайды, дұрыс. Ал енді қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың «заңды» жолы. Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым көп пайда табады. «Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма?» деген ойда қаласың, – дейді Мәжіліс депутаты.
Бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында адамдардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендегенін, МӘМС-ке қатысты берілген нақты ұсыныстар орындалмай отырғанын айтқан еді.
Өз баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда өлім азайғанын, өмір сүру ұзақтығы артып, саланы қаржыландыру көлемі артқанын айтуда.
Сондай-ақ, Ақмарал Әлназарова медициналық сақтандыруға қатысты жаңа заңнамада қандай өзгерістер болатынын айтып берді.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі