Kyzylorda-news.kz.Тарих көшіне назар аударсақ, Қызылорда медициналық жоғары колледжін 40 мыңға жуық маман бітірген екен. Олар Сыр өңірімен қатар, өзге аймақтарда да еңбек етеді. Осылайша олар ел медицинасының дамуына зор септігін тигізуде. Бүгінде Қалмакова Жанар Амангелдіқызы басқарады.
Медицина саласы мамандарының еңбегі қашанда көпке үлгі. Олар атқарған жұмыс нәтижесіз қалмайды. Науқасты емдеу, олармен қарым-қатынас құрудың өзі үлкен жетістік. Себебі дәрігердің жылы сөзінің өзі науқасқа шипа береді. Оның ауруынан айығуын септігін тигізеді.
"Жылы сөз – жанға дауа" деп бекер айтпаса керек-ті. Бір айта кетерлігі, медицина мамандарының елге қаншалықты қажет екеніне пандемияда көзіміз жетті. Дәрігерлердің үйіне қайтпай, науқасқа ем-дом жасағаны барлығымызға белгілі. Сол кезде дәрігерлердің адалдығын, жұмысына деген жауапкершілігін, қоғамға аса қажет екенін түсіндік. Олардың ішінде колледж оқу орнының түлектері де жетерлік. Білім ордасы нағыз өз ісінің маманын даярлап шыққанына көзіміз жетті. Оларға емделушілер тарапынан алғыс айтып жатқандары көп. Студенттер үшін сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Теория мен практикаға қатар шыңдалады. Саламатты қоғам қалыптастыру үшін дәрігердің білім-білігі маңызды. Қазір медициналық білім беру аясын кеңейту мақсатында бакалавриат білім беру бағдарламасы енгізіліп, жоғары білімді мейіргер біліктілігі берілуде. Студенттердің кең спектрлі клиникалық дағдыларды, базалық және кәсіби құзыреттіліктерді игеруі үшін тәжірибе жетілдіру жолға қойылған.
– Оқу орнында ауданнан келген студент көп. Сондықтан бұл мәселенің шешімін оқу басталар сәтте реттеп қоямыз. Жатақхана талапқа сай, студенттердің көңілінен шығады деген ойдамын. Сондай-ақ оқу орнына тиіп тұр. Сабақ кестесі де студенттер үшін қолайлы. Біздің тарапқа «жатақхана мәселесі қиындық тудыруда» деген шағым түскен жоқ. Біз студентпен ғана емес, ата-анамен де тығыз байланыстамыз. Әр мұғалім білім алушының сабақ үлгерімімен қатар өзге де мәселелеріне көмек береді. Сонымен қатар жатақханада барлық мүмкіндік жасалған. Әр қабаттағы тамақ әзірлеуге арналған тұрмыстық бөлме, бос уақытқа арналған демалыс орны, медициналық пункт, оқу залы жөндеуден өтіп, керек-жарақ толықтырылды. Мәдени, тәртіптік жұмыстың жүйелі жүруін, жатақхана тұрғындарының тәртібін қадағалауды студенттер кеңесі қадағалайды, – дейді колледж директорының орынбасары Айгүл Амангелдіқызы.
Колледжде білім алатын студенттер оқуға құштар. Олар жан-жақты ізденіп, іс-шараларға белсене қатысуда. Сонымен қатар, студенттердің кітап оқуға деген қызығушылықтары жоғары. Сабаққа қатысты, өз саласына керек дүниелерді ізденуге құмар. Бұл – мамандыққа деген құрметтің, махаббаттың белгісі. Колледж барлық талапқа сай. Материалдық-техникалық база да жаңарды. Оқу орны жылдан жылға жаңарып, жақсарып келеді. Студенттер артып келеді. Түлектерден мамандыққа адалдық байқалады. Колледж – орта буын медицина мамандарымен қатар «Мейірбике ісі» мамандығын «Қолданбалы бакалавриат» білім беру бағдарламасы бойынша даярлайтын кәсіптік оқу орындарының бірегейі. Ғасырға жуық тарихында білім ұясында 40 мыңнан астам орта буын және бакалавр мамандары даярланды. Мұнда игі жақсылардың қарымды еңбегі тұр. Соның бірі – Сара Төлегенқызы. Оның қайсар мінезі мен іскерлігінің арқасында оқу базасы жаңарған. Одан кейінгі жылдары халықаралық және республикалық медициналық университеттермен меморандумға отырып, тәжірибелік оқыту аясы кеңейді. Білім алушылар үшін жаңа жатақхана пайдалануға берілді.
– Оқытушылар білімін жетілдіру барысында көп ізденеді. Курстарға, тренингтерге қатысады. Қосымша медицинаға қатысты кітаптар оқып, ізденісін арттырып жүр. Басты мақсаты – студенттерге сапалы білім беру. Мұғалімдердің еңбекқорлығының арқасында қанша түлекті түлеттік. Олар оқу орнының абыройын ақсақтатып келеді. Олар екпе егумен ғана шектелмей, дәрігер берген тапсырманы қателеспей орындауға тырысады. Науқастың қасында жүріп, айтқан өтінішін орындап, қол ұшын созып айнып қалғаны жоқ. Ұстаздар осындай жанашыр мамандарды тәрбиелеп шығуда. Колледжде «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы», «педагог-модератор» біліктілік санаттары бойынша еңбекақыға үстемеақы төленуде. Оқу процесінің басты бөлігі саналатын әдістемелік жұмыс оқытушылар назарынан тыс қалмаған. Тәжірибелі мамандар әдісін жетілдіру, жаңа әдісті енгізу бойынша тұрақты түрде басқосу ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Қорыта айтқанда, колледж педагогтары дамуға күш салуда. Тағы бір айта кетерлігі, мейіргер ісін дамытудың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін аймақты 40% қолданбалы бакалавр мамандарымен қамтамасыз ету жүргізілуде. Осы мақсатта 1,6 жылдық жеделдетілген білім беру бағдарламасымен жылына 250 мейіргер дайындалады. Негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті, еуропалық директиваға сәйкес келетін тәжірибелі мейіргерлерді дайындау. Оған қоса колледждің тәжірибелі оқытушылары қолданбалы бакалавр бойынша фельдшер, акушер секілді орта буын медицина мамандарын даярлауды жалғастыруда, – деді колледж директорының орынбасары Айгүл Сейітова.
Ақ халатты абзал жандар әр науқастың жанына медеу болып, оның ауруға қарсы тұруына ынта-жігерін оятып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат береді. Медициналық емімен қатар науқасқа жылы қабақ танытса, оның сырқатынан толық жазылуына сенім білдірсе және өзін де сендіре алса, міне нағыз мамандыққа деген адалдық. Өз ісіне адалдық танытқан дәрігер қашанда дертіне дауа іздеп келген жанды аяғына тік тұрғызары анық. Біз сөз еткен білім ордасы дәл осындай өз ісіне адал маман даярлап шығуда. Олар да ұстаз берген білімді жетілдіріп, халық алғысына бөленіп жүр.
Мөлдір САБЫРЖАН