Kyzylorda-news.kz. 17 мамыр — Халықаралық пульмонологтар күні. Адам өмірінде тыныс алу қаншалықты маңызды болса, пульмонолог дәрігерлер сол тыныс алу жолдарын емдеуші мамандар.
Бүгінде қалада білікті пульмонологтар жетерлік. Соның бірі - көпбейінді Қызылорда қалалық ауруханасының білікті пульмонолог дәрігері Сейтмамбетова Іңкәр Қалмырзақызы туралы айтқымыз келеді.
Жастайынан дәрігер болуды армандаған Іңкәр Қалмырзақызы мектеп бітірген соң, 1980 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Институт қабырғасынан 1987 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, сол жылы алғашқы еңбек жолын бастайды.
Ал 2004 жылдан бастап қалалық көпбейінді ауруханада терапевт, пульмонолог дәрігері қызметін атқаруда.
«Жаны қысылып, шипа іздеп алдыңа келген науқастың көңілін аулап, диагнозын дұрыс тауып, қажетті ем-шарасын жасау кез келген дәрігердің міндеті. Біз сол үшін Гиппократ антын бердік. Мамандығымды шексіз жақсы көремін. Науқастардың емделіп, ауруынан айығып шыққаны маған қуаныш сыйлайды. Осы үшін мамандығымды мақтан тұтамын. Тыныс алу жолдары, өкпе адам өмір сүруінің негізгі бөлігі ғой. Сондықтан елге пайдамыз тисе қуанамыз», – дейді дәрігер пульмонолог Іңкәр Сейтмамбетова.
Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаратын кейіпкеріміздің мамандығына деген адалдығы оны абырой биігінен көрсетуде. Ол халықтың ризашылығына бөленген ардақты дәрігер.