Kyzylorda-news.kz. Бүгін көпбейінді облыстық балалар ауруханасының мәжіліс залында медицина саласына 45 жыл табанды еңбегін сіңірген білікті педиатр дәрігер Сәуле Сағынбайқызы Тұрғанбаеваның мерейтойына арналған салтанатты шара болып өтті.

Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ермекұлы Искаков қатысып, ардагер дәрігерді мерейтойымен арнайы құттықтап, құрмет көрсетті. Одан соң, облыстық медициналық  ардагерлер ұйымының төрайымы Раиса Абдешовна Кузденова және педиатрия саласының ардагерлері Күләш Әбдіразаққызы мен Сапаргүл Сейітжаппарқызы 80 жастағы ардагер Сәуле Сағынбайқызына ізгі лебіздерін білдірді. Ардагердің мерейлі күніне арналған Салтанатты шара одан әрі өнерлі кешке жалғасты. 

Сәуле Сағынбайқызы білікті балалар дәрігері. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Педиатрия» факультетін бітіріп, 1970-1971 жылдары интернатурадан өтіп, еңбек жолын балалар ауруханасында аймақтық дәрігер болып бастаған. 

1979 жылы балалар ауруханасының қарқынды терапия  бөлімінде педиатр-дәрігер, 1979 жылы өкпе-тыныс алу ауруларының бөлімінің меңгерушісі, 1987-2007 жылдары облыстық балалар ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Еңбек ете жүріп, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Ерен  еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталған. Қазіргі таңда зейнеттегі аяулы ана, ардагер дәрігер.

Тағы да оқыңыз: