Kyzylorda-news.kz. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Кеше ғана мектеп бітіріп, арман қуып, жанжаққа тарасқан оқушылар, бүгінде міне 20 жылдық кешке жиналмақшы. Озат оқушылардың қатарында болып, мектепті жақсы бағаға аяқтап, бүгінгі таңда ауданымыздың атын шығарып жүрген Ақмарал Тәңірбергенова 1987 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Отбасында 1 ұл, 2 қыз тәрбиеленіп өскен. Ағасы жазмыштан өмірден ерте озса, артынан ерген сіңлісі Ақерке Айдарқұлқызы да Қармақшыда кардиолог-дәрігер.

Ол Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің түлегі. 2004 жылы өзі армандаған С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің «Медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2010 жылы дәрігер мамандығын алып шығады.

Одан соң сол университетке «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2013 жылы медицина ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алады. Оның ең алғашқы еңбек жолы университеттің «Денсаулық сақтау саясаты және басқару» кафедрасында оқытушы болудан басталады. Жұмыс жасап жүріп 2016-2019 жылдар аралығында жоғарғы оқу орнының «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша докторантурада білім алып, еңбек жолын Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы ретінде жалғастырады.

2012 жылы Чехия Републикасының Прага қаласында «АС Institute of International Education» қоғамдық денсаулық сақтау саласының маркетинг және менеджмент шебер-сыныбын өткізсе, 2013 жылы M.D. PhD Kjersti Aagaard жетекшілігімен Хьюстон қаласында Baylor of Medicine ғылыми-зерттеу, 2019 жылы Нагасаки қаласында Nagasaki Medical Center, Nagasaki University Graduate School of Biomedical Sciences ғылыми тағылымдамасынан өтіп білімін жетілдірген.

Ақмарал 2023 жылы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің Диссертациялық кеңесінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Камалиев пен медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс эндокринологі Жанай Ақановтың басшылығымен «Ірі қала жағдайында қант диабетінің медициналық-әлеуметтік және экономикалық салдарын болжау» тақырыбында диссертациялық жұмысын сәтті қорғап, «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша философия докторы (PhD)дәрежесін алады.

Ол қазіргі таңда «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша ғылыми жобаның жетекшісі. Жас болса да 9 ғылыми еңбектің авторы.

Ғалым жерлесіміз отбасылы. Жолдасы Шынберген шығыс тілдерінің маманы. Екеуі 2 қыз, 1 ер бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Назым Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, екінші баласы Димаш физика-математиканы тереңдетіп оқытатын О.Жәутіков атындағы мектептің шәкірті, үшінші қызы Айару ағылшын-француз тілдерін тереңдетіліп оқытылатын мектепгимназияның білімгері.

Қазақта «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Бұл сөздің астарында қызкеліншектердің ер-азаматтармен қатар жұмыс жасай алатыны, үлкен жетістіктерге қол жетізе алатындығының дәлелі.

Тағы да оқыңыз: