Kyzylorda-news.kz Қазалы теміржол емханасының офтальмолог-дәрігері Берік Жадырасынның медицина саласында еңбек етіп жүргеніне тура жиырма жыл. Алғашында Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясынан хирург мамандығын меңгеріп, еңбек жолын бастады. Бертін келе Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтынан арнайы курста офтальмолог-дәрігер мамандығын алды. Жуырда көз ауруларымен күресіп жүрген маманмен сұхбаттасып, көкейде жүрген сауалдарды қоюдың орайы келді.

– Берік Балдақұлы, көз аурулары қалай пайда болады, түрлеріне тоқталсаңыз…

– Көз аурулары – көздің көруінің нашарлауынан, оның сәуле сындыру күшінің ақауларынан алыстан көргіштік, алыстан көрмеушілік пайда болады және іштен туа біткен аурулар да бар. Кейінгі жылдары туа біткен аурулар мен көз жарақаттары жиі кездеседі. Аурудың пайда болуына мехникалық әртүрлі жарақаттар алу, физикалық шаң-тозаң, физикалық-химиялық ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер, жарық әсер етеді.
Катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу жиі кездеседі. Көзге ақ түсу, кератит – көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл көбінесе, жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан пайда болады. Ішкі органдар мен жүйелердің бұзылуы да көз ауруларына әкеледі. Емделмеген көз сырқаты көруін нашарлатып, соқырлыққа да әкелуі мүмкін.

– Аудан тұрғындары көз ауруының қай түрімен жиі шағымданады?

– Қазіргі уақытта тұрғындар жиі жолығатын ауру түрі – көз конъюнктивасының қабынуы, әсіресе жаз айларында аллергиялық түрімен жиі келіп қаралады. Мектеп жасындағы балалардың арасында алыстан көрмеу (миопия) айтарлықтай көбейген. Сондай-ақ орта жастан асқандар арасында көз ішілік қысымының жоғарылауы (глаукома) жиі анықталады. Арнайы медициналық скрининг жүргізу арқылы жыл сайын глаукома ауруының алдын алу мақсатында медициналық тексеру өтеді. Оның кінаратты ерте анықтап, жазылуына және су қараңғылықты болдырмауға көп көмегі бар. Аурухана директоры Құбыл Ршымбетовтың ықпалымен 2019 жылдан бері бірнеше жаңа заманауи офтальмологиялық аппараттар алынды. Сондықтан аудан халқын уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұруға кеңес беремін.

– Көздің бірқалыпты көруін сақтау үшін не істеуіміз керек?

– Тиісті гигиеналық талаптарды қатаң сақтау қажет. Көз де басқа ағзалар сияқты ұзақ қызмет еткеннен талады, бұлдырап, шаншып ауырады да, көбінесе бас ауруына ұласады. Көздің шаршауының басты себептердің бірі жұмыс орнында жарықтың жеткіліксіздігі, яғни біркелкі жарықтың болмауы немесе мөлшерден артықтығы болып табылады. Электр шамының қызған қылы тым шақырайып көзге зиянын тигізбесін десеңіз, қалпақты, күңгірт не ақ түсті шамдарды пайдаланыңыз. Жұмыс барысында шам адамның сол жағында тұруға тиіс. Қағаз жазғанда, кітап оқығанда тым еңбектеп жатып шұқшиюға, қағазды өте жақын ұстауға болмайды. Көзден қағазға дейінгі аралықтың 35-40 сантиметр болуы шарт. Телехабарларды көргенде экраннан 2,5 метр алысырақ отырған дұрыс. Транспортта кітап, журнал, газет оқымаған мақұл. Өйткені оны ұстап отыру ыңғайсыз әрі оқуға жарық жеткіліксіз.

– Көзілдірікті үнемі киіп жүру көз ауруларын белгілі бір дәрежеде тоқтата ала ма?

– Көз – адамның айнасы. Жанарыңыздың көруі нашарлағанда дәрігер кеңес берсе, дереу көзілдірік киген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, дұрыс таңдап алу оның бірқалыпты көруіне жәрдемдеседі. Үнемі көзілдірікті тұтынатын адамдар уақтылы пайдаланбаса басы ауырады, көзі суырып, мазасы кетеді, жұмыс қабілеті де төмендейді. Көзілдірікке қойылатын талаптар: оның құлақ қыстырмасы самай мен құлақты қыспасын; тіреу табақшасы мұрынның екі жағына дәл келсін; көзілдірікті тек қана жұмсақ шүберекпен сүрту керектігі ешқашан естен шықпасын; кигенде екі көз де әйнектің дәл ортасынан қарайтындай болсын; ал әйнек көзден бірдей қашықтықта орналассын. Көзді күн көзінен сақтау үшін әйнегі күңгіртін киеді. Аса күшті жарықта жұмыс істейтіндер арнайы қорғаныш көзілдірік тағады. Мұны арнайы оптикалардан жасатып алу қажет.

– Көз ауруы жасарып кеткені рас. Мектеп жасына жетпей-ақ көзілдірік киетін балалармен жиі ұшырасамыз. Осы ретте ата-аналарға қандай кеңес айтасыз…

– Баланың ұялы телефонды пайдалануын шектеу, кешкі уақытта мүлдем ұстатпау керек. Компьютерде отыру уақытын қадағалау қажет, себебі компьютерге ұзақ үңілу баланың көру қабілетіне кері әсер етуі әбден мүмкін. Көру деңгейі нашарлауының негізгі белгілерін атап өтейін. Олар қол таңбасындағы әріптердің едәуір іріленіп әрі нашар жазыла бастауы. Дәптерге қатты иілуі және теледидар көрген уақытта алыстан емес, экранға жақын келіп, көзін сығырайта қарауы. Егер осы жайтты балалаңыздан байқасаңыз, дәрігерге қаралуға кеңес беремін.

– Компьютерлік көру синдромы деген термин бар. Бұл туралы толыққанды айтып өтсеңіз…

– Компьютерлік көру синдромы (ККС) деген ол компьютермен ұзақ уақыт жұмыс жасайтын адамдарда кезігетін көрудің арнайы ауытқуы (астенопия). Ал астенопия (көздің шаршауы) дегеніміз көру қызметіне ұзақ уақыт ауыртпалық түсуіне байланысты болатын функциональды өзгеріс. Бұл кезде көз ашу, түйнеу, қызару, көрудің бұлынғырлануы сияқты жағымсыз сезімдер пайда болады. Астенопияны туындататын негізгі бес себепті ғалымдар анықтаған. Мәселен, мониторда бейнелер түзу сызық емес, микроскопиялық нүктелер түрінде беріледі екен. Бұл көзге өте өткір әсер береді. Екіншіден, экраннан шашыраған жарық көзге тура түскенде ол кері әсерін тигізіп, мидың және көздің шаршауына әкеліп соқтырады. Үшіншіден, монитордың түсінің қоюлығы өте төмен болуынан көз тез шаршайды. Төртіншіден, монитордан түскен жарық өте жиі жыпылықтап тұрады және бұл жанып-сөніп тұрған жарыққа ұзақ уақыт қарап тұрғанмен бірдей әсер береді. Соңғысы, көру өткірлігіне монитордағы жарқыл да пайдалы емес.
Бұл көздің ара қашықтығына және де монитордың түсіне байланысты болса, монитор мен қағазды немесе клавиатураны кезек кезек ауыстырып қарау да көзге біршама күш түсіреді. Ал астенопияны туындататын факторлерге келетін болсақ: компьютермен үздіксіз ұзақ жұмыс жасау, мобильді компьютерде кітап оқу, автокөлікті ұзақ жүргізу (әсіресе ымырт және түнгі уақытта), көзге ауыртпалық түсіретін іспен үнемі айналысу, ұзақ уақыт оқу, теледидарды үздіксіз қарау, дұрыс таңдалмаған көзілдірік және бөлменің жарықтануының дұрыс болмауы т.б.
Компьютерлік көру синдромы 12-40 жастағылардың арасында көптеп кездеседі. Астенопияның негізгі симптомдарына көздің ашуы, көздің түйілуі (құм түскен сияқты сезіну), көз айналасы, маңдай тұсының ауруы, көзді қозғағанда ауру, көздің қызаруы, қос көріну,көру өткірлігінің нашарлауы, алыстан жақынға немесе жақыннан алысқа ауыстырған бейімделуінің төмендеуі, оқығанда көздің тез шаршауы, бас ауру, көздің сезімталдығы (жарыққа, суыққа, ыстыққа т.б) жоғарылау, Мак Калахтың көру эффектісі пайда болу (экраннан көзді қара немесе ақ затқа ауыстырғанда экранда тұрған түске боялып көріну) жатады.

– Көпшілігіміздің уақытымыз компьютер алдында өтеді. Осы орайда қандай сақтық шараларын қолданған жөн, қандай жаттығулар жасаған дұрыс?

– Компьютермен жұмыс істеген кезде арнайы «компьютерлік» көзәйнекті пайдаланыңыз, алдында отыру уақытын күніне 4 сағаттан асырмаңыз. Сондай-ақ арақашықтығы жақын жерден жұмыс істеген кезде әрбір 20-30 минут сайын міндетті түрде үзіліс жасап отырыңыз. Офтальмолог дәрігерге қаралып, кеңес алып тұрудан еш қашпаңыз. Өзіңізге ыңғайлы күйде жұмыс жасаңыз. Қараңғы бөлмеде, жарық монитормен жарықтың тепе-теңсіздігінің болмауын бақылаңыз. Балаларыңызды күніне 30 минуттан артық компьютерге жақындамауға үйретіңіз.

– Көзілдірік пен линзаның айырмашылығы неде, линзаның зияны бар ма?

– Көбінесе көзілдірікті тек жақсы көру үшін ғана емес, көзді емдеу, көруді түзету әдісі ретінде тағуға кеңес беріледі. Алдымен көру қабілетінің жыл сайын үздіксіз төмендеуін тоқтатып, жақыннан көргіштікті тұрақтандырып барып көзілдіріктен құтылудың жолдарын қарастыра беруге болады. Егер жақыннан көргіштік тоқтаса және үш жыл бойы үдеп, асқынбаса, лазермен емдеу арқылы көру жағдайын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
Линзаның да тиімді тұстары жеткілікті. Ол ыңғайлы және жанарды талдырмайды, көзілдірікке қарағанда айналаны анығырақ көрсетеді. Линзамен көзқарас аумағы шектелмейді. Басты қозғалтпай, тек жанарды бұрғанда көз бұлшықеттері жұмыс істеп, жаттығады. Линзаларда (заманауи, сапалы түрлерінде) ультракүлгін сәулелерден қорғайтын фильтрлер бар. Линзалар оттегін өткізіп, көздің демалуына жағдай жасайды. Адам қозғалысына кедергі келтірмейді мәселен, спортпен шұғылданып, би билеуге қолайлы. Бұның көмегімен кез келген үлгідегі күннен қорғайтын көзілдірік тағуға болады, шаң жинамайды және бетіне сызық түспейді.
Контактілі линзалардың көзге тікелей зияны жоқ. Дегенмен, дұрыс режим мен гигиенаны сақтамаса, көздің мүлдем көрмей қалуына соқтыруы мүмкін. Өкінішке орай көп адам линзаны мерзімінен артық пайдаланып, тіпті ұйықтар алдында шешуді де ескермейді. Линза қанша сапалы болғанымен, оттегіні жанарға 100 процент өткізбейді. Сондықтан ұйқы алдында шешіп, көзді тынықтыру қажет.
Тиімсіз тұстарына да тоқталып өтейін, линза тағуға болмайтын көз аурулары кездеседі. Линза тазалығын сақтау арнайы уақытты қажет етеді. Ұқыпты қолдануды талап етеді оны сақтайтын контейнер, сұйықтық, көздің құрғауын болдырмайтын тамшыларды қоса алып жүру керек. Себебі шамадан тыс көз құрғағанда линза көзден түсіп кетуі мүмкін.
– Уақыт бөліп, пайдалы кеңестеріңізбен бөліскеніңізге рахмет

Тағы да оқыңыз: