Kyzylorda-news.kz «Перзентхана» бөлімшесінде жаңа туған сәбиге күтім жасайтын медбикенің еңбегі ерекше бағаланғаны абзал. Әркез нәрестенің денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын Әлия Бегманова жөнінде қалам тербемекпіз. Осыған дейін көптеген баланың күтіміне жауапты болған Әлия Өтепбайқызы мамандығын мақтанышы санайды.
Негізінен, аяулы жан №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Түркістан қаласындағы медицина колледжіне оқуға түседі. 2008 жылы балалар медбикесі ретінде «Перзентхана» бөлімшесіне жұмысқа орналасқан мейірімді жанның еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ана мен баланың бар жағдайын бақылайтын медбике 16 жылда еңбегінің жемісін көруде. Өз кезегінде оның мамандығына деген адалдықты табан аудармастан бір бөлімшеде қызмет етуінен аңғаруға болады.
– Алғаш медицина саласында қызмет ете бастаған жылдары бойымызда қобалжу болатын. Кейіннен, аталған мамандықты тереңнен меңгеруге тырыстық. Баланың бабын тауып, жаңа туған анасымен қауыштырдық. Күнделікті қарбаласқа толы бөлімшеде жұмыс жасау – зор мәртебе, – дейді білікті медбике.
Бүгінде Әлия Өтепбайқызы – 3 перзенттің асыл анасы. Бөлімшеде бала бабын тапса, отбасында отағасының сүйікті жары.