Kyzylorda-news.kz Байқоңыр қаласынан 7 жастағы Аяна ауыр жағдайда көп бейінді облыстық балалар ауруханасына түскен. Қыз 1 типті қант диабетімен аурады. Дәрігерлер кішкентай пациентті аман алып қалды.
Жансақтау бөлімінде Аянаға инсулин помпасы орнатылды. Бұл инсулинді үздіксіз енгізуге мүмкіндік беретін құрылғы. Интенсивті инсулинотерапияның арқасында қандағы қант деңгейі 30-дан 5,5 ммоль/л-ге дейін төмендеді.
– Қызым ауыр жағдайда түсті. Біз қатты уайымдадық. Облыстық балалар ауруханасының медицина қызметкерлері баламды аман алып қалды. Отбасымыздың атынан мың алғыс! Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесінің арқасында балаларымыз қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан ерекше қамқорлықтың көрсеткіші, – деді пациенттің әкесі Алмас Қаюпов.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің № 75 бұйрығына сәйкес, барлық сатыдағы қант диабеті бойынша есепте тұрған 18 жасқа дейінгі балаларға инсулин помпалары мен шығын материалдары (инфузиялық жиынтықтар, резервуарлар) тегін беріледі. Эндокринолог дәрігердің тағайындауы бойынша балалар қысқа, орташа және ұзақ әсер ететін инсулиндермен қамтамасыз етіледі.
– Инсулин помпасы – қант диабетімен ауыратын балалар үшін қандағы қант деңгейін тиімді бақылауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Бұл құрылғы қанттың тұрақты деңгейін сақтауға көмектесіп, асқынулардың алдын алады және балалардың толыққанды өмір салтын жүргізуге көмектеседі. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі аясында балалар барлық қажетті медициналық көмекті алады», – деп атап өтті эндокринолог-дәрігер, бөлімшесінің меңгерушісі Райса Ысқақ
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Кызылорда облысы бойынша филиалының мәліметінше, өңірде инсулин помпасына мұқтаж барлық балалар жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. 2025 жылы инсулин помпалары мен шығын материалдарын сатып алуға ӘМСҚ-нан қаражатынан 82 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.