Kyzylorda-news.kz Әлемдегі ең ардақты да құрметті мамандықтың бірі – дәрігерлік. Адам ауруы асқынып, дерті дендеп, дауа іздегенде ақ халатты жандарға жүгінері анық. Ал бала ауырғанда шыбын жаныңды шүберекке түйіп, онымен бірге жүрегің сыздайтыны сөзсіз. Ондайда өз ісіне берілген білікті де білімді балалар дәрігері бізге көмекке келеді.
Елімізде бала дәрігері деген қастерлі мамандыққа саналы өмірін арнап жүрген ақ халатты абзал жандар аз емес. Солардың бірі - бүлдіршіндерге медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға барынша үлес қосып жүрген білікті маман Мырзахметова Зульфия Қайырбекқызы.
2006 жылы гастроэнтерология бағытында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. жан жақты маман десек болады. Ол — жоғары санатты педиатр, гастроэнтеролог, токсиколог, аллерголог, иммунолог.
Өзінің 30 жылға жуық еңбек жолында талай сәбидің саулығын сақтауға үлес қосып, дертіне дауа тапқан маман, Қызылорда облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі Зульфия Қайырбекқызының есімі аналар қауымына жақсы таныс.
1996 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын да үздіктер қатарында қызыл дипломмен бітірді.
Қызылорда облыстық ауруханасының клинико-диагностикалық зертханасында дәрігер-лаборант болып бастады. Одан соң балалар соматикалық бөлімінде педиатр, 1999-2002 жылдар аралығында облыстық медицина орталығында қызмет атқарып, облыстық балалар ауруханасына ауысады. Онда үш жыл еңбек етіп, тәжірибе жинап, экология және балалар бөлімін басқаруға жауапты болып бекітілді. Жауапкершілігі мол педиатрия бөлімін де абыроймен атқарып келеді.
Дәрігердің күн-түн демей бала саулығы жолында атқарған еңбегі елеусіз қалған емес. Соның ішінде 2018 жылы ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі атануы ол үшін үлкен стимул болғаны рас.
Сырқаттанған әр балаға мейірім төге қарап, ыждағаттылықпен емдеп, қажет кезінде уақытпен санаспай қызмет орнынан табыла білетін Зульфия Қайырбекқызы қарапайым мінезімен, адалдығымен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне бөленіп келеді.