Kyzylorda-news.kz. Қазіргідей мобильді уақытта балаларға агрессия мен қорқынышты жеңуге және қабілетін ашудың жолдарын ізденетіндер қатары көбеюде. Бала қабілетін дамытуға қалай көмектесеміз? Оны ашуда ата-ана мен қоғамның рөлі қандай? Бұл жайында Қазалы ауданының тұрғындарынан сұраған болатынбыз. Көзі қарақты тұрақты оқырмандардың назарына қазалылықтардың ой-пайымын ұсынамыз.

«Жалпы ойлау – аса күрделі психикалық процесс қой. Біздің қоршаған дүние туралы білімдеріміз ең алғаш түйсік пен қабылдаудан басталады. Бірақ, адамның танымы олармен ғана шектелмейді. Түйсік пен қабылдау арқылы алынған мәліметтер ойлау арқылы біздің таным шекарамызды кеңейтеді», - дейді Қазалы ауданының психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация басшысы: Айгүл Тлеумбетова. 

Ойлаудың көмегімен біз күнделікті міндеттерді орындаймыз және жаңа нәрселер үйренеміз. Сондықтан баланың ойлау қабілетін дамыту маңызды. Оны жаттықтыру және дамыту қиын емес. Баладағы ойлаудың кез келген түрі іс-әрекет, ойын және үлкендермен қарым-қатынас жасау арқылы дамиды. Бір мен үш жас аралығында баланың тілі шығып, сөздік қоры артады және даму процесінде болады. 

Сол себепті, бір жастан бастап баланың ойлау қабілетін дамытуды бастаған жөн. Ол баланың жас кезеңіне сай ұйымдастырылуы тиіс. Баланың ойлау қабілетін дамытудың бірден бір тиімді әдісі – ойын. Ойын – баланың алдынан өмірдің eciгiн ашып, оның шығармашылық, қабілетін оятып, танымдық қасиеттерін дамытады. Ол сөйлеу тілін дамытумен тығыз байланысты. 

Қазақта «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді» деген сөз бар. Балалар үшін оқу да, еңбек те болатын кез келген ойын түрі сәбиді бір нәрсеге үйретеді. Жеке қалмай, айналасындағы достарымен де қарым-қатынасын нығайта түседі. Ондайда бала өзін қоршаған үлкендер, сүйікті әңгімелері мен кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды. Сонымен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Бұл кездегі балғынның қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал, қарым-қатынастағы пайымдаулары мінез-құлық әдептерінің қалыптасуына әсер етеді. Бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады. Ойын арқылы балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын, байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамытады. Сондай-ақ, ойын – төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздықты қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар әдістердің бipi.

Кішкентай балалар үлкендерге сұрақты көп қояды. Ойлау сұрақтан басталады. Барлық жаңа өнертабыстар «Неге?» және «Қалай?» деген сұрақтардың арқасында ашылған. Сол үшін баланың қойған әрбір сұрағына ерінбей жауап берген дұрыс. Үйде бір мезгіл қазақ тілінде мультфильмдер көрсетіп, ертегілер айтып, оның ой-өрісін дамытуға, әрі, сөздік қорын байытуға болады. Әсіресе, ата-аналар күнделікті кешкілік ұйықтар алдында балаға бір ертегіден оқып беруді дәстүрге айналдырса, көп пайдасы тиеді. Сол ертегілерді тыңдап өскен баланың таным-көкжиегі одан сайын кеңейе түседі. Түрлі картинаны көрсетіп, ондағы бейнеленген іс-әрекеттерді сұрауға болады. Ал, бала суретте көрген дүниелерін ауызша айтып беруге дағдыланады, әрі, оны қызықты етіп әңгімелеуге машықтанады. Сондай-ақ, суретпен жұмыс арқылы баланың есте сақтау қабілеті артады. Бала бір ауыз сөз сөйлесе де, қандай да бір іс-әрекет жасаса да, оны әрдайым мақтап, мадақтап, сүйсініп, жақсы көретіндігін айтып отыруды ұмытпаған жөн. Өйткені, ол балаға сенімділік ұялатады. Ал, сеніммен өскен бала әрқашан өз-өзін кез келген ортада емін-еркін сезіне алады. 

Баланың жасы өскен сайын ойлау қабілетін дамытуға көмектесетін және оның сүйікті хоббиіне айнала алатын қызықты, әрі, көңілді істерді ұсынуға болады. Мәселен, өсімдік өсіру. Өсімдік өсіру, баланың ойлауын дамытуға көмектеседі. Олар қоршаған орта жайлы ақпарат алады және гүлдерге, көкөністерге қалай күтім жасау керегін үйренеді. Сондай-ақ, бұл нәтижеге жету үшін еңбек етіп, күш жұмсау керегін түсінуге арналған жақсы тәжірибе.

Сөздер іздеу және сөзжұмбақ шешу арқылы баланың зейіні жаттығып, сөздік қоры кеңейеді, логикалық ойлауы дамиды. Билеу және музыка тыңдауда ойлаудың дамуына жақсы әсері бар. Бұл кезеңде мидың жұмысы барынша белсенді болады. Балалар билеген кезде олардың визуалды және кинестетикалық қабылдаудың барлық каналдары жұмыс істейді. Логикалық тізбекті ойындар, конструкторлық ойындар, суреттерден айырмашылықтар табу, тағы басқа ойындар баланың шығармашылық ойлауын дамытады. 

Негізінде, баланың ойлау қабілетін дамытудың әдістері мен тәсілдері өте көп қой. Баланың ойлауын дамыту – маңызды әрі жауапты іс. Әдетте, ата-аналар баланы дамыту бала-бақша мен мектептің міндеті деп қарамай, отбасында баланың жан-жақты дамуына мән берсе екен деймін.

Ал, балабақшалардағы психологтың міндеті – балалардың психикалық даму ерекшеліктерін анықтау, психикалық жаңарулардың қалыптасуын, жас ерекшеліктерін, білім, дағды, әдет, жеке қасиет деңгейінің жас ерекшелігіне сәйкестігін анықтау жатады.

Диагностика барлық топтарда қыркүйек айында жүргізіледі. Кішкентайлар тобында диагностика Бине – Симонның ақыл-ой шкаласы әдістемесі қолданылады. Әр жастағы бала өзінің дене мүшелерін көрсете алу, 6 сөзден құрылған сөйлемді қайталап айту, мен анамды өте жақсы көремін сөйлемін толық қайталау, екі санды есте сақтап, қайта жеткізу, суреттегі заттардың атын және өз аты-жөнін толық атау көрсеткіштерін білуі тиісті.

Жалпы, білім беретін мектептегі оқушылардың тиянақты білім алуын мақсат ете отырып, оларды өз бетінше білімдерін толықтыру, жаңа білімдерді алу тәсілдерімен қаруландыру, алған білімдерін теориялық және практикалық мәселелерді шешуге саналы түрде қолдана білу сияқты ақыл-ой белсенділігін дамыту қажет. Ендігі жерде білім беру жүйесінің шығармашыл техникада, экономикада, жаңа жолдармен әдістерді таба алатын, батыл да, жаңашыл ақыл-ойы дамыған адамдарды даярлау талап етіледі. Сондықтан, экономиканы оқыту процесін жетілдіру оқушылардың танымдық белсенділігі мен ізденімпаздылығын арттыруға негізделген. Оқу-танымдық қызметі барысында оқушылар қажетті көлемдегі білімді игеріп қана қоймай, танымдық қабілеті мен шығармашылық ойлауы да дамытылады.

Қазіргі экономиканы оқыту әдістемесі оқушының танымдық қызметі мен ойлау жүйесінің ара-қатынасын анықтай түсуде. Ол оқушының дербестігін, танымдық қажеттілігін қанағаттандырумен қатар, интеллектуальды ойлау мүмкіндіктерін қалыптастырады. Оқушының танымдық мүмкіндіктерін арттыруды мұғалім басты рөл атқаратындығын соңғы зерттеулер анықтап отыр.

Мұғалімнің жеке тұлғасы, білімі, өз ісіне және оқушы арасындағы қатынасы, әдістемелік шеберлігі – оқушының білімге деген ынтасын арттырудың кепілі. Сол себепті де, оқушының жан-жақты мүмкіндіктерін ашуда мұғалім тәрбиесі негізгі рөл атқарады.

«Бала тәрбиесінде ойыншықтардың алатын рөлі зор. Алайда, ойыншықтардың маңызын балалардың жас ерекшеліктерінен ажыратып қарамаған жөн. Түрлі жастағы балалар даму деңгейі бойынша үлкен айырмашылықтарға ие, олардың өздерін қоршаған заттар мен құбылыстарға деген қызығушылықтары әртүрлі. Олар өздеріне түсінікті, яғни, өз дайындықтарына сай келетін ойыншықтар мен ойындарды қызығушылықпен ойнайды», - дейді мейірбике Гүлсім Орыналиева.

Балалардың жас мөлшері бойынша ойыншықтар негізгі үш топқа бөлінеді. Бөбек, яки, нәресте жасындағы балаларға арналған – 3 жасқа дейін, мектеп жасына дейінгі балаларға – 3 жастан 7 жасқа дейін, және мектеп жасындағы балаларға – 7 жастан 17 жасқа дейін арналған деп реттеледі. Бөбек жасындағы балаларға арналған ойыншықтар. Ерте бөбек жасындағы (бір жасқа дейінгі) балалар үшін ойыншық көру, есту, түс ажырату, ұстау қимылдарын дамытатын ең қажетті зат болып табылады. Осы жастағы балаларға кереуеттің үстіне ілінетін сылдырмақтар, салпыншақтар, шарлар, шағын көлемді резеңке және пластмасс ойыншықтар қажет. Ойыншықтардың түсі ашық, салмағы жеңіл, пішіні қарапайым болғаны дұрыс. Егер, бала ойыншықты жиі аузына салатын болса, сәйкесінше, олар гигиеналық және қауіпсіз болуы керек деп есептеймін.
Менің негізгі мамандығым мейірбике, жас анамын. Астанада 4 жыл "Балаларды дамытушы" орталықта жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Ауылға тұрмыс кұрып, баламды телефонға тәуелді етпеу үшін арнайы ойыншықтармен ой-өрісін дамытуды мақсат тұттым. Бірақ ауданнан дамытушы ойындар таппадым. Сондықтан, сапалы, таза табиғи өнімнен жасалғандарын тапсырыспен ұзақ күтіп, жеткізу кызметіне бөлек төлеп, бір заттан алып тұрдым. Одан келген көршілер қызығушылық таныта бастаған соң, әртүрлі дамытушы ойыншықтарды әлеуметтік желі арқылы балабақша тәрбиешілері, логопед, психолог және әрбір баласын жан-жақтылыққа баулитын аналарға ұсынудамын. Тауарлар экологиялық таза, ағаштан жасалған, қауіпсіз. 

Қазіргі өзекті мәселе бала тілінің кеш шығуы, түнде оянып шыңғырып жылауы, тез ашулану – телефон, теледидар, телевизор, мультфильм салдарынан әсер етеді. Мультфильмде баланың назарын өзінде ұстап тұру үшін өте қанық түстер және кейіпкер өте жылдам ауысады. Бұл кезде бала мынау не зат? Не істеп жатыр деп ойланып үлгермейді. Содан баланың ойлау қабілетінде, сөйлеуінде тек көріп отыру себебінен тежелістер пайда болады. Осындайлардың алдын алу бағытында балаға жасына сай дамытушы ойыншыктарды берген жөн. Дамытушы ойыншықтар пайдасы – ойлануды үйретеді.

Шыдамдылыққа тәрбиелейді, зейінді шоғырландыруға көмектеседі. Бойында жиналған эмоционалдық қысымды төмендетуге септеседі. Ептілік пен дәлдікті және ұсақ моториканы дамытады. Балғынның саусақ ұшында жүйке клеткалары орналасқан. Егер күнделікті жұмыс жасаса, мидың орталық бөліктеріне әсер етіп, сөйлеуіне жол ашылады.
Ата-ана мен бала арасында бірге сапалы уақыт өткізе отырып, ойнау эмоционалдық байланысты күшейтеді. Сондықтан, үлкендер аса жауапкершілікпен қарап, жас өскінге көңіл бөлген абзал.

«Бүгінде қызым кішкентай болғандықтан үйде отырмын. Әйел адамға тірлік таусылған ба, азанда отағасына ас-суын беріп жұмысқа жіберемін. Түскі және кешкі ас, соның арасында ыдыс-аяқ пен киімдерді жуатының тағы бар. Осы күйбең тірліктің ішінде қызыма да ерекше көңіл бөлемін. Мамандар баланы 1 жасынан сөйлеуге, ойнауға бейімдеу керек дегенді қоштайтындарданмын. Шынымен де, қазір жаныңа не қажет, барлығы табылады. Тек, көбіміз қаражат пен уақыт тапшылығын сылтау қыламыз. Сәбиге ата-анасынан мейірімділік пен ыстық құшақ және жанында жиі болуы жеткілікті. Сондықтан, жұбайыммен бірге ойласып, ойлау қабілетін ашатын жеміс-жидектерден құралған ойыншықтар мен өзіне шақталған үйшік алып бердік. Санасын улап, денсаулығына зияны тимесін деген ниетпен, ұялы құралын мүлдем ұстатпаймыз. Өзіміз де, оның көзінше аса телефонға жолай бермейміз. Сондықтан, кейбір кезде бізге звондаған телефон дыбысын естімей қаламыз», - дейді ата-ана Ақбота Қарасай. 

Көбіне баланы телевизордан қазақша мултьфильмдер көруіне жағдай жасаймыз. Онда жануар, жеміс-жидек, көкөніс атаулары мен түстер және сандар жайлы көрсетіледі. Теледидардан көргендерін тәжірибеде ұштастыру үшін сызбалары жазылып-өшірілетін интерактивті қолына ұстауға ыңғайлы ойыншық тақташалар да әпердік. Бала бір ойыннан жалықса, келесісіне назары ауатындықтан, бұл тақташа бетіне түрлі бейнелер салып ойнағанды ұнатады. Осы күні сан санап, жемістердің атауы мен түсін ажырататын қабілеті оянды. Ара-арасында сергіту мақсатында ойын-сауық орындарына апарып ойнатамыз. Бұның бәрі баланың жан-жақты ашылуына септігі мол деп сенемін.

Жалпы, балақайдың мектеп жасына дейінгі шақта дамуы өте қарқынды, жедел өтеді, жеке қалыптасу, балалардың іс-әрекеті кеңейеді. Бұл кезде танымдық өсу қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Ана тілін меңгеруі, түстерді қабылдауы қалыптасады, көлем, форма, кеңістікті бағдарлау, уақытты бағдарлау, зейін, ес, қиял түрлері, ойлау операциялары – топтау, жинақтау, салыстыруы қалыптасады.

Тағы да оқыңыз: