Kyzylorda-news.kz. Бұрын халық «медицина саласынан мән кетті» деуші еді. Олай дейтініне негіз де, түрлі себеп те бар болатын. Өйткені, өз кезегін күту, дәрігерді тағатсыздана тосу, бір қағаз үшін емхананы түгелімен аралау сынды жүйке жұқартарлық жөнсіз әрекеттерден шаршайтын-ды. Сонымен қатар, медициналық мекемелердің құрылғылармен қамтамасыз етілмеуі салдарынан бір емхана тұрмақ, көрші мемлекетті де жағалап кететін. Көпшілікке көмегін тигізеді деп жасалған «Дамумедтің» де дамымай, дағдарғанын көрдік. Мұның бәрі, әлбетте медицинаның осалдығын білдіріп тұр. Кейде бір өзгерісті байқап, көңілдегі күдіктен арылғымыз келгенімен, тасада жасырынған кемшін тұстар су бетіне қайта қалқып шығады. Осылайша, шикіліктер шексіздікке ұласқанын білгенде тағы қапа болады. Бұл мәселе денсаулыққа кеп тірелгенде жұртшылықтың дабыл қағуы орынды. Ересектердің емін былай қойғанда, қазір балалардың асқынған дертіне шипа табылып жатыр ма? Жалпы, балаларда жиі кездесетін аурулар қандай? Облысымыздағы медицинаның қазіргі жайы ше? Мәселенің мәнісін бірге барлап көрелік.

Әр ата-ана үшін бауыр еті баласының денсаулығы басты назарда. Сайып келгенде, бала денсаулығы – қоғам және мемлекет үшін де маңызды. Өйткені, бүгінгі жас – елінің ертеңі екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, осы тұста олқылыққа жол бермей, дертке дауа боларлық емді ертерек ескеру керек. Қол-аяқты құрсаулап тастайтын қатерлі ісіктер балалар арасында жиі туындайды. Осындайда «баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» деп шарқ ұратын ата-аналар арнайы ем-домға жүгінеді. Сол уақытта дәрігерлер дәрменсіздік танытпауы тиіс. Себебі, балаларда күрделі онкологиялық аурулардың көптеп кездесуі аса сақтықты талап етеді. Жалпы, көз аурулары, лейкоз және ақ қан аурулары өте көп таралған.

Мәселен, 2017 жылы 558 бала онкологиялық ауруларға шалдықса, оның 230-ы осы лейкоз, ақ қан ауруы болып анықталған.

Лейкоз ең бірінші ангинадан және өкпе қабынуынан басталады. Себебі, бұл қабынулар адамның иммунитетін түсіріп, әлсірететін көрінеді. Әлі толық зерттелмеген, анықталуы қиын аурудың белгілерін де бірден болжау мүмкін емес. Десек те, онколог мамандардың айтуынша, ақ қанның алғашқы белгілеріне бас ауыру мен бас айналу, түнде терлеу, асқа деген тәбеттің нашарлауы, дене қызуының күрт көтерілуі, әлсіздік пен шаршау және салмақтың тез азаюы мен жиі инфекция тиюі жатады. Сондықтан дәрігерлер бала денсаулығына салғырт қарамай, уақытылы тексерілу керектігін тілге тиек етеді. Оның үстіне алғашқы кезеңдер де қатерлі аурудың бірден анықталғаны игі, әйтпесе келесі кезеңінде дерт асқынып кетсе, тіпті мықты маман мен қуатты құрылғының өзі қауқарсыз екенін де жасырмады.

Балаларда кездесетін келесі кесел – көз аурулары. Әлбетте, еңкейген сәбидің өзі телефонға телмірудің әдетке айналдырғанда, жасөспірімдердің жағдайы мәз емес екенін бірден аңғаруға болады. Мұның көз жанарынан айырылуға дейін апаратын ауыр дерттің бірі. Соңғы жылдары облыс бойынша 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы көз ауруына шалдыққан 248134 бала тіркеуде тұрған. Статистикаға сүйенсек, облыста 360 бала көз ауруларынан мүгедектікке шығып отыр. Аурулардың ауыр соққылары сананы сарсаңға салып, белгілері тіпті жүректі ауыртып жібереді. Мамандар бүгінгі күні асқынған дерттің де дауасы табылып, медициналық құрылғылардың көмегімен құлан-таза айығып жатқандарын жеткізді. Бірақ, бұл сөздің жаны бар ма? Осы тұста, облыстық балалар ауруханасы ауыр дерттермен қалай күресіп келеді?

– Облыстық балалар ауруханасының 97%-ы заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. 2021 жылы аталған орталықта 2500-ден аса ота жасалған. Бұл ауруханада алғаш рет өкпенің буллезді эмфиземасына күрделі ота жасалды. Медицина мамандарының кәсібилігінің арқасында ота сәтті өтті,- дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көшенова.

Жыл сайын дәрігерлер кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында республикада, шетелдерде тәжірибе алмасады екен. Соның нәтижесінде, республикалық емханаларға барып емделетін балалар саны күрт төмендеп, күрделі емдер мен оталар балалар ауруханасында жасалатын көрінеді.

– Облыста балалар хирургиясы қарқынды дамып келеді. Бүгінде заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен әртүрлі деңгейдегі оталарды тіліксіз, яғни лазер аппаратымен жасаудамыз. Орталықта алғаш рет 16 жастағы баланың өкпесіне ота жасалып, сәтті шықты,- дейді жедел хирургия бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Төлегенов.

Дәйекті деректерге көз жүгіртсек, өңіріміздегі медицина жағдайы оңалып келе жатқан секілді. Бірақ, бұл құлақты жауыр етер құрғақ сөз бен жайыла берер жалаң сөз боп шықпаса игі. Сайып келгенде, жұртшылықтың «сырты бүтін, іші түтін» әдемі әңгімеге сеніп, талай рет басы тасқа тиіп, аузы күйген.

Ендігі медицина саласынан осындай оңды өзгерістер күтеміз. Сонда ғана ауруы жанына батқан балалар мен ересектер аттанға бергісіз айғайға салмай, көрші мемлекеттің көлеңкесінде ем іздеп жүрмес еді. Қорыта айтқанда, іргесі халық үшін деп қаланған ауруханалардың ілгері жылжуы тиіс. Сондықтан, мықты маман мен қуатты құрылғылардан құр қалмағанымыз абзал.

Тағы да оқыңыз: