Kyzylorda-news.kz. Дәрігер болу, оның ішінде балалар хирургі болу оңай емес. Мәселен, жаңа туған нәрестенің қандай да бір науқасы барын естіген бойда бірінші жаратқаннан, одан кейін дәрігерден үміт күтіп, жаутаңдайтынымыз рас. Себебі, бауыр еті – баласының аман-есен болуын тілемейтін ата-ана жоқ. Сол сәтте дәрігердің нақты диагноз қойып, дұрыс шешім қабылдауы сырқат жанның тағдырын шешіп жатады.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының хирургі Болат Махамбетияров – талай баланың сауығуына себепші болып жүрген жан. Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы мемлекеттік медицина академиясының түлегі. Интернатураны академия базасында балалар хирургиясы кафедрасында өтті. Еңбек жолын 2009 жылы облыстық медицина орталығында балалар хирургі болып бастады. Балалар хирургі бола жүріп, жаңа туған нәрестелер арасында туабітті ақауы бар сәбилердің хирургиялық патологиясына көңіл қойып, осындай ақауларды анықтап, емдеумен айналыса бастайды. Санкт-Петербург қаласында неонатальды хирургия бойынша білімін екі рет жетілдірді. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда «Северанс» клиникасында неонатальды хирургия бойынша туабіткен ақауларға жасалатын операциялардың ерекшеліктерін игеріп, ота жасау тәсілдерін жандандыра түседі. 2018 жылдан бері облыстық балалар ауруханасының І хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Болат Үмбетиярұлы әлеуметтік желіде де белсенді. Қым-қуыт тіршілікке толы дәрігерлік қызметте жүргендіктен, оған көп адамның мойны жар бермесі анық. Ал Болат өзі жасаған қиын оталарды, түнгі кезекшілікте кездескен ерекше оқиғаларды, қызметте қолданған тың тәсілдерді желіде жариялап, дәрігерлік мамандықтың қыр-сырын, қиындығы мен қызығын көпшілікке жақын таныстыруды әдетке айналдырған. Кейінгі уақытта әріптестерінің жасаған күрделі оталары, аурухана базасында өткен шеберлік кластары туралы да жиі жариялап жүр. Хирургтің жазбаларынан медицина мамандарының күрделі де жауапкершілікке толы қызметіне қанығып, олардың ерлігіне бас иесің. Хирургтің жуырда жариялаған мына жазбасы көпшілікке ой салатын ерекше екен. Оқи отырып, дәрігер мамандығына, маман иелеріне деген құрметің одан сайын арта түсері анық.
«Армысыздар, Қазақ елі!
Жалған!
Бауыржан Момышұлы атамыз «Қазаққа көшпенді, жалқау деп орынсыз тағылған екі жалған кінә бар. Екеуі де жалған. «Қазақ ешуақытта көшпенді болған емес, қазақ – отырықшы. Ол сығандар секілді бір елден екінші елге көшіп жүрген жоқ қой. Өз жерінде малдың ыңғайына қарай жаз жайлауына, қыс қыстауына қоныс аударғанды сендер көшпенді деп оттап жүрсіңдер. Бұл – тарих кешірмейтін қателік. Екінші, қазақ жалқау болса, мал баға ма? Мал – оның өмір сүрудегі ең негізгі көзі. Ол ғасырлар бойы өзін ғана емес, көрші елдердің халқын да етпен қамтамасыз етіп келді. Малдың бабын табу, жаздық, күздік жайлауын, қыстауын таңдау, қай жерге қалай жаю, жейтін шөбін анықтау, ауырған малды емдеп жазу, айсыз, қараңғы түнде жұлдыздарға қарап сапар шегу, қыран құс, тұлпар баптау, ауа райын болжау, сырқатты емдеу, көкпар тарту, бәйге күрес, асық, ақсүйек, тағы басқа ойындарды ойлап табу дегенің – білген адамға жатқан ғылым. Оны игеру үшін ақыл, тәжірибе, өте еңбекқор жандардың толассыз ізденісі керек» деп екеуін де жоққа шығарған екен.
Біздің де жас мамандарымыз операция үстінде күлімдеп тұрғанымен, бұл – жалған. Үш сағат туа біткен ерін, таңдай жырығына операция жасап және ақыры қалай болар екен деп мазалап тұрған ой адамды өз еркімен күлдіре алмайды. Күліп тұрған жүздері ғана, дәрігерлердің күлімдеп жүргендері көбінесе жалған. Күнделікті түсіп жатқан науқастар, жасалып жатқан күнделікті және күрделі оталар, ауыр жағдайлар, біреуінің жағдайы тұрақтанып жатқанда, тағы түсетін науқастар дәрігерді шынайы күлімдете алмайды. Екінші жалған – бұндай күрделі оталарды тек көпжылдық тәжірибесі бар мамандар жасайды және бізде емес деген. Қандай қиындықтарға кездессе де мойымай, жаңа тәсілдер енгізіп, ауыр науқастарға күрделі операциялар жасап жүрген біздің жас мамандарымыз – бет-жақ хирургтары (ЧЛХ) Қонысбай Нұртілеу Нұрланұлы және Әнуәрбеков Маханбет Ердейбайұлы. Жас мамандарымызға мақсаттарына жетіп, биік белестерді бағындырып, халықтың алғысына бөленіп жүруіне тілектеспіз!»
Болаттың мұндай жазбалары өте көп және оқыған адамға әр жазбасы тың ақпарат беріп, мазмұнды ой салады.
– Ата-анам: «Адамның қолынан келмейтін іс болмайды, адамның істегенін адам істейді. Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» дегенді жиі айтып отыратын. Осы сөздерді өмірлік ұстанымым ретінде пайдаланамын. Қиналған кезде әрдайым есіме түсіп, қайта жігерленемін. Жалпы хирургиядан бөлек, неонатальды хирургияға қызығушылығым артып, жаңа туған нәрестелердің туабітті ақауларымен айналыса бастадым. Нәрестенің дене бітімі қандай нәзік болса, ішкі ағзалары да сондай. Уақытынан бұрын, аз салмақпен, ақаумен туса жағдай қиындай түседі. Операция жасаған науқастарымның ішінде ең аз салмақтысы – 600 грамм. Ең қиыны 1500 грам салмақтағы өңеш атрезиясымен туған нәрестеге операция жасау болды. Осылайша күнделікті жұмыс барысында түрлі салмақтағы нәрестелерді, түрлі ақауларды көре береміз. Бір күнде ақаумен туған бірнеше балаға ота жасаған кездер де болды. Операция жасамасақ қайғылы жағдай орын алады, жасасақ үміт оянады. Үмітіміз ақталған сайын жұмысқа деген ынта-жігеріміз де арта түседі. Медицина – командалық жұмыс. Аурухананы біртұтас команда десек, науқастың амандығы осы команданың тұтастығына байланысты. Жалғыз мен емес, барлық әріптестерім жұмыс барысында осындай қиындықтарға тап болады. Біздің жұмысымызды қарапайым жұрт біле бермейді. Сол себепті әлеуметтік желілерге атқарған жұмысымыз туралы жазбалар жүктеп отыруды ойладым. Ол да қосымша жұмыс, бірақ қажет. Сондықтан уақытымды тиімді пайдалануға тырысып, үлгергенімше әлеуметтік желіге жариялап отырамын, – дейді дәрігер.