Kyzylorda-news.kz. Сейсенбі күні жол жүру бағытымды редакцияға қарай емес, Шиелі аудандық ауруханасына бағыттадым. Мақсат – Шиелі ауданындағы ақ халатты жандардың жұмысын өз көзіммен көріп, алған әсерімді оқырманға жеткізу. Осы уақытқа дейін дәрігердің алдына шипа іздеп баратын едім, осы жолы «дәрігер» рөлін сомдамақ ниеттемін. Әрине, емделушінің дене қызуын өлшеп, ине салмадым, отаға дайындамадым. Себебі, жанын шүберекке түйіп отырған науқастың күдігін көбейткім келмеді, өз ісіне жауапты мамандарға кедергі жасауды қаламадым. Бірақ, хирургия бөлімінің меңгерушісі, белгілі хирург Бақытбек Жамантаевтың көмегімен дәрігерлердің қарбалас тірлігін жақыннан бақылай алдым.

Аурухана табалдырығын аттағанда менің байқағаным тазалықшылардың жұмысы болды. Тазалықты қатаң талап ететін орында бірі еден жуып жатса, енді бірі емделушілердің төсек жабдықтарын жаңартуда. Ақ халат киген мейірбикелер системасын сүйретіп әр палатаға кіріп-шығып жүр. Бақытбек Мырзабекұлы бүгінгі жоспарында 4 ота жасау тұрғанын айтты. Аурухана кестесі бойынша сейсенбі және жұма күндері жоспарлы ота жасалады екен. Ал, оқыс оқиға және ауыр жағдай орын алса жедел ота болады. Өйткені, дәрігерлер үшін жоспармен жұмыс істеуден гөрі адам жанын аман алып қалған маңызды. Сонымен не керек, фототілші Бақытжан Бәйімбет екеуміз хирургтың кабинетінен шыққан соң аға мейіргердің ізіне ілестік. 

Ең алғаш қаз-қатар тізілген бөлме¬лерге кіріп, емделушілердің жағдайын сұрастырдық. Тырп етпес¬тен төсекте таңылып жатқан жандар дәрігерлерге сенім артуда. Есіктен енген мейірбикелерге үмітпен қарап, дертке дауа болар ем-домды асыға күтеді. Әр түрлі диагнозбен ауруханаға келуге мәжбүр болған 44 емделушінің арасында ота үстелінен аман-есен оралғандар да бар. Олар мейірбикелер мен дәрігерлердің қатаң бақылауында. Отаға дейінгі және кейінгі жағдайын әр сәт мамандар қадағалап отырады. Емделушілердің бір-екеуін сөзге тартқанымызда «Дәрігерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ» деп қысқа қайырды. Бәлки, төрт қабырғада қамалып отырғандықтан шаршаған болар, арасында отадан соң әлсірегендер де бар екен. Алайда ауруынан құлан таза айығып, үйіне қайтуға асығып отырған Алғабас ауылының тұрғыны Гүлмира Алпысбайқызы бар ықыласымен ойын жеткізді. Ол өзінің сөзін дәрігерлерге алғыс айтудан бастап, отадан кейінгі әсерімен бөлісті. 

– Әуелі Алла, одан кейін ақ халатты жандардың арқасы. Дәрігерлердің жұмысына жауаптылығының нәтижесінде ота сәтті аяқталды. Ауруханаға келемін дегенше қан қысымым жоғары болған еді. Мейірбикелер мен дәрігерлердің арқасында ол мәселем де өз шешімін тапты. Алдағы уақытта дәрігерлер жазып берген нұсқаулық бойынша күтінсем, денсаулығымда ешқандай кінәрат болмайды деген сенімдемін. Барлық мейірбикелер мен дәрігерлерге алғысымды білдіремін. 

Хирургия бөлімінде жүргенде байқағаным, әрі көзім анық жеткен жәйт -аурудың жас талғамайтыны. Аурухана төсегінде бұғанасы қатпаған бала да, тепсе темір үзетін жігіт те, егде тартқан қариялар да жатыр. Бұл емделушілер туралы барлық ақпарат жаңа технологиямен компьютерлік бағдарламаларға енгізілген. Соның арқасында дәрігерлер науқастың дерегін оңай таба алады. 
Аға мейіргер бізді аурухана асханасына алып келді. «Ас – адамның арқауы», «Ауру астан» деген мақалдарды күніге айтып, жадымызда жаттап жүргенімізбен көбіміз дұрыс тамақтануға мән бермейміз. Ал, аурухана емделушілердің денсаулығын ғана емес, тамақтану режимінде қатаң бақылауда ұстайды. Тіпті әр сырқатқа диагнозы бойынша тағам береді. 3 мезгіл ұсынылатын тамақтардың барлығы диеталық, қайнатылған өнімдер. Төсегінен тұра алмайтын науқасқа аспазшылар тамақты палаталарына апарып береді. Қажет болған жағдайда қасықпен ұсынып, ем алушының көңілін аулауға тырысады. Әрине арасында туыстары әкелген асты ішіп, асханаға келмейтіндері де жоқ емес. Бірақ, сырттан келген тамақтардың өзі дәрігерлердің қатаң бақылауында. 

Ауруханадағы жабулы тұрған әр есіктің маңызы бар. Бұлардың қай қайсысы болмасын қатаң сақталған санитарлық тазалықты қажет етеді. Тіпті әр бөлменің ауа температурасы мен ішіндегі заттары да әр түрлі. Мәселен, екі жара таңу бөлмесі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Біріншісінде отадан кейін шыққан емделушілердің таза жарасын таңып, дәкесін жаңартса, екіншісі іріңді жағдайдағы жараларды таңады. 

Ішектей созылған дәлізде бірінен кейін бірі тұрған кабинеттерден соң көп адам бас сұғуға жүрексінетін, күнделікті жағдайдан екі есе тазалықты қажет ететін, әр түрлі нақтамамен келген науқас үшін де, адам жанын арашалап қалатын дәрігер үшін де өте маңызды бөлме бар. Ол – ота залы. Бұл бөлмеге кірмес бұрын дәрігерлер қолдағы инфекцияны түгелдей «өлтіріп», әбден тазаланады. Үстіндегі киімінің бірінде қалдырмай толық ауыстырып, бір рет пайдалануға рұқсат етілген желең киіп ота залына бет алады. Үстінде мединициналық киімі бар дәрігерлердің өзі үстін жаңартып жатқанда, мені ота залына оп-оңай кіргізе салмайтыны анық еді. Отаға куә болмас бұрын шашымды түгелдей жауып тұратын қалпақ, аяқ киім сыртынан гигиеналық қапшық кидім. Сонымен бісмілләмізді айтып ота жасайтын бөлмеге кірдік. Өз ісіне жауаптылықпен, ыждағаттылықпен қарайтын Бақытбек Жамантаев пен Ғалымжан Әшімов науқастың өт қалтасындағы тасты алуда. Өзім осыдан бір ай бұрын ота үстелінде жатқанда ес-түссіз болып едім. Енді қазір адам ағзасының жұмысын тікелей өз көзіммен көріп тұрмын. Аяқ-қолымның дірілдеп, жүрегімнің атқақтап кеткенін несін жасырайын. Осыған дейін «Ештеңеден қорықпаймын» деп жүрген мен сол сәтте өзімнің фобиямды анықтағандай болдым. Әрине, ота залынан шығып кетсем болатын еді. Бірақ, мұндай мүмкіндікті қалт жібергім келмеді, алғашқы отаға куә болуым сәтсіз аяқталмасын дедім. Жан-жақта керекті құралдарды әперіп тұрған көмекшілерге кедергі болмайын деп ота үстелінің бергі бұрышында көз алмай қарап тұрдым. Инелер, қысқыштар, түтіктер, қайшы, қалақшалар мен трубкалар секілді кесетін, қадайтын, қысатын құралдар мен мамандар өз жұмысын тиянақты істеп жатыр. Олардың қолдары құралдарды ұстап тұрса, жанарлары экранда. Өйткені, сырқаттың қақ төбесінде адам ағзасының ішкі көрінісін көрсететін экран орнатылған. Осы құрылғы арқылы ота жасау, дәрігерлердің ағзадағы кінәрәтты табуы жеңіл болады. 

Арада біраз уақыт өткен соң көзім де үйреніп, көңілім де кері тепкен жоқ. Денемнің тітіркенуін тоқтатуға дәрігерлердің көмегі тиді десем қате болмайды. Хирургтар айтқан деректердің арқасында ойым бөлініп, олардың ісіне шынайы қызығушылық таныта бастадым. Дәрігерлердің айтуынша өт қалтасында тастың пайда болуы нақтамасымен жылына 100 ота жасалады екен. Бұл аурудың пайда болудағы негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау. Кейбір науқастар жедел отаны қажетсінсе, кейбіреулеріне жоспарлы түрде ота жасалады. Ота жасау барысында сырқатты міндетті түрде терең ұйқыға жібереді. Бұған жауапты Шиелі аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде анестезиолог Берік Болатов. Оның негізгі қызметі операцияның барлық кезеңдерінде науқастың қауіпсіздігін сақтап, зақымданған ағзаның ауруын жеңілдету үшін денені уақытша жансыздандыру. Берік Мыңжасарұлына жұмыс барысында көмектесетін «ақылды» аппараттар да жоқ емес. Аппараттардың арқасында науқас жасанды тыныс алады, отаға кедергі болмау үшін ішектері мен іші үрленеді. Анестезиология жалпы және аумақтық болып екіге бөлінеді. Жалпы анестезиологияда адам есінен танады, бүкіл дене сезімінен айрылады. Мұнда сезімталдықты жоятын дәрі-дәрмектер қолданылады. Аумақтық анестезиологияда адам есі сақтала отырып, дененің белгілі бір бөлігінде ғана дәрілер арқылы сезімталдығы жойылады. Емделуші отадан шыққаннан кейін арнайы бөлмеге барып, науқастың өміріне жауапты мамандардың бақылауында болады. 

«Дәрігерлер дұрыс қарамайды», «Жедел жәрдемді шақырсаң жылдам келмейді», «Мейірбикелер емделушілерге жайдары болмайды» осы және өзге де «сындарды» көпшілік орындарда естіп жүрген боларсыз? Тіпті, сізде ашудың ырқына ерік беріп ақ халаттыларды сөзбен сілкіп алған шығарсыз. Бірақ, адам жанының арашасы болып жүрген жандардың орнына өзіңізді бір сәт қойып көрдіңіз бе? Әр емделушіні сағат сайын бақылап, әртүрлі нақтамамен жұмыс істеп, ота үстеліне дайындап көңілін аулауға, ине салып тыныштандыруға, ауруханадан құлан таза айығып кетсе деп тілеуін тілеуге дайынсыз ба? Сырт көзге қарағанда бір сарынды көрінетін дәрігерлердің жұмысын атқаруға сабырыңыз бен батылыңыз жете ме? Бұл сұрақтарды мен өзіме де қойып көрдім. Құр сөзбен жауап бермес бұрын дәрігерлердің тіршілігімен тыныстадым. Көзіммен көріп, сауалыма жауап таптым. Дәрігер болу оңай емес екен. Менің бір адамды ажал аузынан аман алып қалуым былай тұрсын, білегіне ине салуға да батылым жетпейді екен...

Тағы да оқыңыз: