Kyzylorda-news.kz Өз ісінің маманы атану үшін Ақмарал Жолекенова бастапқыда медицина мамандығын таңдаған. Күнделікті емделушінің жағдайына зер салып, дәрігер жанындағы сенімді серікке айналған. Ақмарал Қосымқызы 1965 жылы бұрынғы Қызылдихан савхозында дүниеге келген. Үздіксіз 40 жылға жуық емхана мен үйдің ортасын жол қылған медбикенің еңбегі қай кезде де, өлшеусіз.
Талай мәрте үздіктер қатарынан көрінген сала маманы айрықша мінезімен көпке үлгі. Сабырлы қалыптан таймайтын алтын жүректі жанның қызметтегі бағындырған белесі орасан зор. Жас буынды тәрбиелеуде Ақмарал Қосымқызы секілді тәжірибелі мамандар аса қажет. Байыппен жүріп, айналасындағы жастарды әрбір іске машықтандыратын оның біліктілігі жоғары екені мәлім. Әрине, аймақтық мейірбике ретінде бекітілген көше тұрғындарымен байланыс орнатып, олардың денсаулығына жіті қадағалау жасайды. Кез келген адамдың денсаулығына қатысты шағымы бола қалған жағдайда уақытпен санаспай өз жұмысын лайықты түрде атқарады.
– Сан түрлі сырқаты бар адамның жай-күйіне қанығу мақсатында көше тұрғындарымен пікірлесіміз. Маған медицина саласында 40 жылға жуық еңбек ету бақыты бұйырыпты. Әрине, осыншама уақытта көптеген сала маманымен қатар жүріп, өз ісімізге адалдық таныттық, – дейді Ақмарал Қосымқызы.