Kyzylorda-news.kz. Байқоңыр қаласының Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінен арнайы келген дәрігерлер мен акушерлер туу жасындағы әйелдерге шұғыл акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді шыңдау мақсатында облыстық перинаталдық орталығына келді. Ондағы мақсат тәжірибе алмасып, білімін шыңдау болды.
Келген мамандар алдымен гинекология бөлімінің жұмысымен танысты Одан кейін оқу орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушері Г.Ж.Жұмабековамен акушериядағы шұғыл жағдайлар бойынша рөлдік ойындар ойнатылды. Одан соң аға акушер А.К. Әбішева босанудан кейінгі ІІ акушерлік бөлімнің жұмысымен таныстырды.
Айта кетейік, облыстық перинаталдық орталығы ана мен бала денсаулығын қорғау жөнінде облыс көлеміндегі медицина ұйымдардың басты ұйымдастыру-әдістемелік орталығы болып табылады. Айта кеткен жөн, бүгінде аймақта ана мен бала денсаулығын қорғау және перинатальды қызметтің сапасын арттыру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Қазір облыс халқының 93 пайыз – акушер-гинекологпен, анестезиолог-реаниматологпен – 70 пайыз, неонатологтармен – 90,3 пайызға қамтылған.