Kyzylorda-news.kz Маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандар құрмет пен алғысқа лайық. Мереке қарсаңында “AMANAT” партиясы Байқоңыр филиалының Атқарушы хатшысы М.Есбенбетов Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасының қызметкерлерін Халықаралық медицина қызметкерлері күнімен құттықтады.
Ақ халатты абзал жандармен кездесу барысында Байқоңыр партия филиалының Атқарушы хатшысы М.Есбенбетов: "Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек. Медицина саласының мамандары қандай мəртебеге, марапатқа болсын əбден лайық. Сондықтан да, ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз", - деп атап өтті.
Бүгінгі мерекелік кездесу барысында "Денсаулық" бастауыш партия ұйымның төрағасы, Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Е.Игенбаев, аймақтық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Г.Тенелбаева "AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Д.Кәрібектің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бiлiм мен мейiрiмдiлiктi ұштастыра бiлген барлық медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, еңбекте табыс, отбасыларына бірлік, береке тілейміз.