Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында соңғы екі ай ішінде емхананы еркін таңдау науқаны жүргізілді. Медициналық ұйымды таңдау құқығын өңірдің 10 277 тұрғыны пайдаланды. Олардың көпшілігі, яғни 8 660 адам тікелей емханада өтініш берсе, қалған 1617 адам egov.kz. порталы арқылы тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов хабарлады.
«Жыл сайынғы акцияға облыс бойынша 25 емхана қатысты. Оның 14-і мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Тіркеу науқаны - емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі болып табылмайды. Бұл рәсімді жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады. Сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырған жағдайда емхананы ауыстыруға құқылы. Естеріңізге сала кетейін, электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ болған кезде жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық - санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі», - деді Бахыт Торғайбайұлы.
Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет.
«Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер; колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады. Айта кету керек, алғашқы медициналық - санитариялық көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде осы ұйымда медициналық көмекті ала бастайды. Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет», - дейді Бахыт Исмаханбетов.
Сонымен қатар, сақтандыру мәртебесін электрондық үкімет порталында, Қор сайтында, Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы және «Колдау 24/7» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады.

