Kyzylorda-news.kz МӘМС жүйесіне қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруді жалғастырамыз. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова бірқатар өзекті мәселелерді түсіндірді.
Бір уақытта бірнеше емханаға тіркеле аламын ба?
-Емханаға тіркелу Сіздің жеке сәйкестендіру нөміріңіз (ЖСН) арқылы жүзеге асырылатындықтан, Сіз тек бір емханаға тіркеле аласыз. Ал бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүзеге асырылады.
Жүкті әйелмін, жеке гинекологқа қаралып жүрмін. Скринингтерді МӘМС арқылы тегін өте аламын ба?
-Иә, скринингтік тексерулер, соның ішінде пренаталдық скрининг те МӘМС пакетіне кіреді. Сондай-ақ жүкті әйелге зертханалық талдаулар, құралдық диагностика, бейінді мамандардың кеңесі де қолжетімді. Медициналық бақылаудан дер кезінде өту үшін тіркелген емханаңызда жүктілік бойынша есепке (12 аптаға дейін) тұру қажет.
МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі жоқ адамға еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге бола ма?
-Егер пациенттің еңбекке жарамсыздығын анықтау немесе растау үшін МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсету талап етілмесе, онда еңбекке жарамсыздық парағын ТМККК шеңберінде рәсімдеуге болады.
Мысалы, сақтандырылмаған науқаста ЖРВИ белгілері пайда болып, ол фильтр кабинетіне немесе учаскелік дәрігерге қабылдауға жүгінді делік. Егер диагнозды белгілеу үшін арнайы маманға жолдама немесе МӘМС пакетіне кіретін диагностикалық зерттеулер талап етілмесе, онда пациентке учаскелік дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын бере алады.
Алайда, егер емдеуді одан әрі жалғастыру немесе қосымша зерттеулер жүргізу үшін міндетті медициналық сақтандыру тізіміне енгізілген медициналық қызметтерді алу қажет болса, онда мұндай пациентке міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесін алу қажет болмайды.
Фото: freepik