Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында биыл біршама медициналық нысанның құрылысы басталады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте хабарлады.
Денсаулық сақтау саласы үшін халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету - басты басымдық. Бұл ретте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында ауылдық инфрақұрылымды дамытуда жалпы құны - 9,7 млрд. теңге болатын 27 нысан, атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекеттің құрылыстары басталды.
«Қазіргі таңда құны 6,5 млрд. теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізуге республикалық бюджет есебінен- 5,7 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, бұл медициналық нысандар Арал аудандағы Бөген, Қызылжар, Қазалы ауданынан Каукей, Абай, Бозкөл, Қармақшы ауданы бойынша Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, Ақжар, Жалағаш ауданынан Есет батыр, Мырзабай, Сырдария ауданынан Н. Ілиясов, Шиелі ауданы бойынша Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Жаңақорған ауданындағы Қаратөбе ауылдарынан салынады. Ал, Арал ауданы Көктем елді мекенінен бой көтеретін медициналық бекет құрылысына ағымдағы жылдың республикалық бюджетіне түзетулер енгізуде, құрылысқа 96,4 млн. теңге қаржы қаралу жоспарланған. Бүгінгі күні, «Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Жобаның құны - 36,4 млрд. теңгені құрайды», - дейді Олжас Ысқақов.
Біраз уақыттан бері аймақтағы онкологиялық орталықтың толыққанды медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермей отырғандығы, оның ішінде палаталардың тарлығы, ота жасау және жансақтау бөлімшесі, рентген және эндоскопиялық бөлмелерінің тапшылығы мәселе ретінде көтеріліп жүр.
«Құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін басқарма облыс әкімдігінің келісуімен науқастарға жағдай жасау үшін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының модулдік бөлімшесі ғимаратын материалдық-техникалық жабдықтарымен бірге облыстық онкология орталығына беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысының қолдауымен салаға бөлініп отырған қаржыландыруы облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысын айрықша ілгерілетуде. Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала бермек», - деді басқарма басшысы.
