Kyzylorda-news.kz Қоғамға оқу-ағарту, білім, әлеуметтік ахуал қаншалықты қажет болса, денсаулық та соншалықты маңызды фактор атқарады. Өйткені дені сау ұлт қана болашақты жасай алмақ. Біздің қоғамның саламатты көрінісі де ондағы адамдардың денсаулығымен өлшенбек. Оның ішінде ауылдық жерлердегі тұрғындардың денсаулығы, саламатты өмір салты – мемлекеттің басты назарында. 

Жуырда бірнеше ұлттың алтын бесігіне айналған «Достық мекені» деген балама ат иеленген Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылында болып, игі жаңалықтарымен танысып қайтқан болатынбыз. Оның арасында елді мекендегі дәрігерлік-амбулаториясына да атбасын тірген едік. 
«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» демекші, әрбір өткен жол  қатталып жазылған тарих. Аға буынның жүріп өткен абыройлы жолы. Сол себепті де алдымен шағын мекеменің өткеніне аз-кем көз жіберіп, тарихына тоқталып өтелік. 

Алғашында амбулаторияның іргетасы сонау 1938 жылы қаланып, ауылдық учаскелік Наурызбай ауруханасы болып құрылған. Сол кезде 1 фельдшер, 4 медбике және 1 акушер тұрғындарға денсаулық саласы бойынша қызмет көрсетіп бастаған. 1950 жылы 25 төсектік болып ұлғайтылса, ал 1975 жылы 50 төсектік болып қызмет көрсету аясын кеңейте түскен. Атап айтсақ, рентген кабинеті, әйелдер босандыратын бөлімше болған. Осы уақытта медициналық қызметкер саны 50 адамға жетіп, толымды жұмыс істеген. Оның ішінде 7 дәрігер, 4 акушер, 28 медбике еңбек еткен. Сол кездегі бас дәрігер Әбдіжәміл Сыдықов, дәрігерлер Күлан Ахметова, Жәдігер Әбжаппаров, Құттыбала Сатылғанова, Людмила Ан, Бақыт Қуатова және гинеколог Марат Ермұратовтар жемісті еңбек үлгісін көрсетсе, акушерлер – марқұм Айтан Әлишарипова, Дәметкен Жайсанбаева, Айдаркүл Исаманова, медбикелер – Аршагүл  Шүйтенова, Ақжаркүл Тұрабаева, Раунақ Әлжанова, Нелли Кузнецова, Орынкүл Төлегенова, Қаным Бөлекбаева, лаборант Рабиға Сәрсеновалар бар саналы ғұмырын денсаулық саласына арнап, білікті мамандар екенімен көзге түсті. 

Қазіргі таңда ардагер медбикелер Айымкүл Әбсатова, Сартиназ Байрақтарова, Бибайша Есаманова, Елена Ким, Аслый Мададова, Гүлжамила Тоқтарбекова, Роза Ли, әпкелі-сіңлілі Ақшекер, Бақыт Ізтілеуовалар, акушер Алмира Дауылбаева және мектеп медбикелері – Мария Ким, Зайда Чиквадзе, шаруашылық меңгерушісі Алимаш Байгетеева, аспазшы Гүлнар Төремұратова, ауруханаішілік дәріхананың меңгерушісі Гүлмахарам Бадаевалар саланың ыстық-суығын көтере білген жандар. 

Бүгінде дәрігерлік-амбулаторияда 1 дәрігер, 11 медбике, 1 шаруашылық бикесі, 3 кіші медқызметкер және басқа да техникалық персоналдар қызмет жасайды. Медициналық қызмет көрсету мекемесін аға дәрігер Зульфия Муханбетова басқарады. 

Зульфия Алдажарқызы ІІІ Интернационал ауылының тумасы. 1998 жылы Ақтөбе Мемлекеттік медицина акедемиясынан «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Жолдамамен әуеліде Қармақшы аудандық ауруханасына отбасылық дәрігер болып жұмысқа қабылданса, 1999-2000 жылдар аралығында қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі және бұл қызметпен қоса жедел жәрдем бөлімшесінің де дәрігері болып қатар қызметтер атқарған. Одан соң туған ауылына дәрігер-терапевт болып келіп, дәрігерлік жұмысын жалғастырған. 2003 жылы білімін жетілдіру арқылы балалар дәрігері ретінде қайта оқудан өтіп, табаны күректей 10 жыл балалар дәрігері болады. Осы жылдар ішінде білікті маман мол тәжірибе жинақтап, басшылық тарапынан үлкен сенімге ие болған. Осындай сенімнің арқасында ол 2013 жылдан бастап қазіргі күнге дейін осы басшылық қызметте абыроймен келеді. З.Муханбетова тәжірибелі дәрігер болумен қатар, ұжымның ұйытқысы да. Қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлердің ұйыстырушысы, қай істе болсын алға жетелеп, жол көрсетушісі, бағыт-бағдар берушісі. Бірлігі жарасқан ұжым елді мекен тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, алғысын арқалауда.  

Сондай-ақ оның саладағы елеулі еңбегі ескеріліп, 2007 жылы Қазақстан Республикасы «Медицина саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанады. Өткен жылы Қазақстанның "Алтын кітабына" есімі еніп, әріптестеріне өнеге көрсетеді. Емі шипалы дәрігер халықтың сүйіктісіне айналған. Өмірлік серігі Заадин Гейдаровпен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана.

– Медицина – мемлекетіміздің басты назарында тұрған саланың бірі. Біздің де осы реттегі мақсатымыз – халыққа сапалы қызмет көрсету, аурудың алдын алуда скринингтік тексеру, насихаттық жұмыстарын жүргізу. Шағын мекемеде аға медбике Бақыткүл Меңлібаева, жалпы тәжірибелі медбикелер – Қарлығаш Есова, Рысты Қашақбаева, Тұрсынай Қозыбақовалар өз ісінің мықты маманы болса, зертханашы Рабиға Аманова, әлеуметтік қызметкер Света Серікбаева, медбикелер – Хадиша Мададова, Баали Рагибова, Лаура Ералиева, Афида Мададова, Салтанат Жаңабаевалардың да есімдерін ерекше атап өткен болар едім. Амбулатория 2014 жылы заманауи келбетте салынған жаңа ғимаратта орналасқан. 2017 жылы 10 төсектік күндізгі стационар болып белгіленсе, былтырдан бастап 5 төсектік күндізгі стационарға науқастар қабылдап, ем-дом шараларын жасап жатырмыз. Алдағы уақытта да ауыл жұртшылығына саламатты өмір салтын насихаттап, сапалы қызмет көрсете беретін боламыз, – дейді дәрігерлік-амбулаторияның меңгерушісі Зульфия Алдажарқызы бізбен әңгімесінде. 
 

Тағы да оқыңыз: