Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданында аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Нысанбаев басқаратын денсаулық сақтау саласының жыл көлемінде қол жеткен табысы аз емес. Соның бірі – ауруханада компьютерлік томография бөлімі ашылып, өз қызметін көрсетсе, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Ақжар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы қарқынды жүруде. 

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың аясында Қармақшы ауданының денсаулық сақтау саласында медициналық қызметті жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда аудан халқына – аудандық орталық аурухана, 1 ауылдық аурухана, аудандық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік бекет, 6 медициналық бекет медициналық қызмет көрсетеді.

2023 жылдың 12 айының есебі бойынша аудандық денсаулық сақтау саласында барлығы 723 қызметкер жұмыс атқарады. Оның 71-і дәрігер, 376 орта буын медицина қызметкерлері, 107 кіші буын, 169 басқа қызметкерлер. Дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 75 пайыз, орта буын қызметкерлерімен қамтылу көрсеткіші 100%. Жетіспейтін дәрігер мамандар – 6. Оныі ішінде  травматолог – 1, УДЗ дәрігері – 1, акушер-гинеколог – 2, хирург – 1, балалар хирургі –1. Дәрігерлердің 51%, орта буын қызметкерлерінің 57% санаттылық дәрежеге ие.

Өткен жылдың аяғында ұлт саулығын ұлықтаған және дәрігерлердің кәсіби шеберліктерін анықтаған «Медицина үздігі – 2023» республикалық конкурсы өткізілген болатын. Осы байқауға аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Динара Жүсіпова қатысып, «Үздік медициналық алғашқы көмек дәрігері» номинациясының жеңімпазы атанды.

Дәрігер кешегі елді қыспаққа алған пандемия кезінде де қызметіне білек сыбана кірісіп, адалдығын таныта білді. Ақ халатты абзал жан бала күнінен адам жанының арашашысы болуды қалаған. Жалпы медицина саласына екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтінін ескерсек, бұл да бір батылдықтың түрі деп қабылдауға әбден болар.

Былтыр Қармақшы ауданы дәрігерлерінде 233690 тұрғын қабылданып, өткен жылдан 35570-ке көбейген. Аудан тұрғындары арасында аурушаңдығына байланысты 2023 жылдың 12 айында – 33717 науқас тіркелген. Оның ішінде бірінші орында – қан айналым жүйесі, екінші орында – тыныс алу жүйесі, үшінші орында – көз және қосалқы аурулары тұр.

Қазір медицина саласында үйге шақыру қызметі бар. Мұны аудан тұрғындары да жиі қолданады. Айталық, 2023 жылдың 12 айында үйге шақыру мен белсенді көру – 23862 болса,  2022 жылдың есеп беру аралығында – 25317 болған, өткен жылмен салыстырғанда – 1455-ке азайған.

– Тегін дәрі-дәрмек алу үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханаға, фельдшерлік-акушерлік пунктке немесе дәрігерлік амбулаторияға тіркелу қажет. Амбулаториялық жағдайда тегін дәрілік препараттарды алу үшін пациент әлеуметтік маңызы бар, созылмалы немесе қоғам үшін қауіпті ауру бойынша диспансерлік есепте тұруы тиіс. Сондай-ақ дәрі-дәрмекті рецепт бойынша тегін тағайындайды. Дәрі-дәрмек үшін ақы төлеудің қажеті жоқ, дәрігер берген рецепт пен жеке куәлікті фармацевтке ұсыну жеткілікті. Науқастарға жедел медициналық жәрдем бригадасы шыққан кезде, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайда тегін дәрі - дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Қармақшы ауданы бойынша №75 бұйрыққа сәйкес тегін дәрі-дәрмекпен қамту барысында аудан бойынша жоспарланған 347 537 624,46 теңге бөлініп, бөлінген қаржының 100% игерілді, – дейді Қармақшы ауданының бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев.

Медициналық қызметтің нәтижесін демографиялық көрсеткіштер арқылы бағалауға болады. Былтырғы жылы аудан бойынша 684 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 21,6 промильді құрады. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш – 1,0 промильге көбейген. Ауданда өткен жылы ана өлімі тіркелмеген.

Жалпы өлім-жітім көрсеткішіне тоқталатын болсақ, 2023 жыл 12 ай көлемінде ауданда 201 адам қайтыс болып, мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 6,36 болса, 2022 жылдың 12 айында 178 адам қайтыс болып, көрсеткіш 5,51-ге тең болды. Өлім-жітім себебінің құрылымына сараптама жасар болсақ. бірінші орында – қан айналымы жүйесінің аурулары 54-адам, екінші орында – жүйке жүйесінің аурулары – 43 адам, үшінші орында – кәрілік – 24 адам. Осының ішінде ауру түріне байланысты талдағанда, қан айналымы ауруларынан – 54, қатерлі ісіктен – 20, ас қорыту жүйесі ауруларынан – 10, жарақаттанудан – 6, эндокринді аурулар бойынша – 5, тыныс алу жүйесінен – 14, инфекциялық аурулардан – 2, жүйке жүйесі ауруларынан – 43, басқа аурулардан – 21 жағдай тіркелген.

Диспансерлеу. Қармақшы ауданы бойынша «Д» есепте ЭРДБ бағдарламасы бойынша – 7591 адам тұрады,оның ішінде ересектер – 6167, 0-17 жас аралығында балалар саны - 1424. «Д» есепке алынғаны – 1311, шығарылғаны – 2621.

– Қатерлі ісіктермен болатын аурушаңдықты азайту және алдын алу мақсатында скрининг бойынша тексеру жүргізілуде. Мәселен, былтырғы жылы сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында скрининг тексеруге 1666 пациент тексерілген. соның ішінен 318 науқас анықталып, көрсеткіш 19,1%, 318 науқас 100% диспансерлік бақылауға алынып, ем тағайындалды. Ал жатыр мойын қатерлі ісігін анықтау мақсатында скрининг тексеруге 1108 пациент өтіп, соның ішінен 128 науқас анықталып, 128 науқас диспансерлік бақылауға алынып, ем тағайындалды. Тік ішек пен тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау мақсатында скрининг тексеруге 1959 пациент тексеріліп, оның шінде 1 науқас анықталды, – дейді бас дәрігер Бақытжан Сағилатұлы.

Қармақшы аудандық ауруханасының «Ана мен бала денсаулығын сақтау» саласына келсек, жалпы 18 жасқа дейінгі бала саны – 11869. Оның 14 жасқа дейінгісі – 10454, жасөспірімдер саны – 1415. Әр аймаққа шаққанда орташа есеппен 624 баладан келеді. Демографиялық көрсеткішке келер болсақ, 2022 жылдың 12 айында 671 сәби туылған болса, салыстырмалы түрде 2023 жылдың 12 айында 684 сәби дүниеге келген. 0-18 жас аралығындағы балаларға скрининг жұмыстарын жүргізу Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрілігі 15.12.2020 жылғы «Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының білім алушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен мерзімділігін бекіту туралы» №264 бұйрығы негізінде жүргізіледі.

Барлық профилактикалық тексеріске жыл көлемінде жоспарланған бала саны 2022 жылы 10625 болса, 2023 жылы- 12162, бала санының көбею себебі жоспарға халық тіркелімінде тұрған баланың барлығы алынды. 2023 жылдың 12 айлық қорытындысы бойынша қамтылу саны  11746. Былтырғы жылы анықталған ауру саны – 3876 болса, оның ішінде ас қорыту ағзаларының аурулары – 1284, көз аурулары – 825. Ал эндокриндік ауыруы- 761 адамды құрап отыр.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрілігі 15.03.2022 ж. №25 «Қазақстан Республикасы педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығы негізінде, «Балалық шағындағы аурушаңдықты ықпалдастыра емдеу» (ИВБДВ) бағдарламасы бойынша, «Бала дамыту» кабинеті  керекті құрал-жабдықтармен, стендтермен, анаға керекті кеңес нұсқаулықтармен қамтылған. «Бала дамыту» кабинетінде 1 медбике жұмыс атқаруда. Медбике баланың анасына баланың күтімін (шомылдыру, ойнату, тамақтандыру) және баланың физико-психологиялық даму кеңестерін беріп, бірге жұмыс жасайды. «Балалық шағындағы аурушаңдықты ықпалдастыра жүргізу» бағдарламасы бойынша аймақтық медбикелер арасында сабақтар – 42, «рольдік ойындар» – 124 ұйымдастырылып жүргізілді. Сонымен қатар, «бала дамыту» кабинетінен өткен жалпы бала саны – 3316-ті құрайды. Емхананың «Бала дамыту» кабинетіне аудиометрия жасау аппараты 2021 жылдың қараша айында алынды, 12 айда  жоспардағы (3413) – баланың 3316-сы тексерілді. Сондай-ақ жүкті 894 әйелге тамақтандыру пирамидасы түсіндіріліп, анкета толтырылып, кеңестер берілді. Ал ресурс орталығынан 3 жасқа дейінгі  2587 бала ата-анасымен өткен. 6 айдан – 5 жасқа дейінгі тамақтандыру бойынша сабақтар өткізілді. 12 аймақтық медбикелер үйретілді. Өткен жылы балалар арасында туберкулез ауруы тіркелмеген.

2023 жылдың басында 16 жасқа дейін 171 мүгедек бала тіркелген болса, бірінші рет есепке алынғандары – 23, сауықтырылып есептен шығарылғандары – 6, мекен-жайы ауысып есептен шығарылғаны – 6, қайтыс болғаны – 1, мекен-жайы ауысып есепке алынғаны – 0, жасөспірімге ауыстырылғаны – 8, қазіргі таңда есепте тұратыны – 173. Сауықтырылғаны 91 амбулаторлық жағдайда, стационарлық ем алғаны 124, жоғары мамандандырылған емдеу мекемесінде 86, санаторияда 5 бала ем қабылдаған.

Штаттық кестеге сәйкес, мекеме мамандарымен қамтамасыз етілген. Бірақ ауруханада балалар хирургі, балалар реаниматологі жетіспейді. ОДСБ бұйрығы негізінде штаб отырысы аптасына бір рет ұйымдастырылып, ана өлімі мен сәбилер өлімін төмендету бағытындағы жұмыстар талқыланып, кемшіліктерге жол берген медицина қызметкерлеріне басшылық тарапынан шаралар көрілген. 2023 жылы 6 жалпы практикалық дәрігерлерге, 8 жалпы практикалық медбикелерге шара көрілген. Сонымен қатар, педиатрияның өзекті мәселелері бойынша 5 семинар-сабақ, 11 рольдік ойындар ұйымдастырылған. Туа біткен ақаулармен туылатын балалардың санын азайту үшін жүкті әйелдер арасында пренаталды скрининг қадағаланып жүргізіліп отыр.

Жүкті және босанатын әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру мақсатында арнайы терапевт дәрігер жұмыс жасауда.

– Ана мен бала саласында сапалы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін аймақтық дәрігерлер мен аяжандар жұмысын жандандыруды қолға алмақ ниеттеміз. Сонымен қатар, экстрагениталды патологияны дер кезінде анықтау, диспансеризациялау, сауықтыру, реабилитация жасау, «Б» тобындағы туу жасындағы әйелдерді тегін контрацепциямен қамтамасыз ету, босанғаннан  кейінгі реабилитация жұмысын жақсарту, интергенетикалық интервал сақталуын жіті қадағалауды қолға алуымыз тиіс. А» тобындағы туу жасындағы әйелдерді прегравидарлық алгоритм бойынша тексеру және дайындау, жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке алу, жалпы тәжірибелік мамандарымен қарау алгоритмін жетілдіру және бекіту, аймақ аралау сапасын жақсарту, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, жүкті әйелдерді биохимиялық және ультрадыбыстық зерттеу скринингімен 100% қамтуды әлі де жалғастыра береміз. Қазіргі заманғы жаңа технологияларды енгізу және қолдану, регионализация принциптерін қатаң қадағалау, мамандардың білімін жетілдіру мақсатында 3 акушер гинеколог Астана қаласында «Акушерстводағы қан кету», «Босану индукциясы», «Акушерлік сепсис» тақырыбында білімін жетілдірсе, 5 акушер «Антенатальді күтім» бойынша білімін жетілдірді, 2 реаниматолог «Акушериядағы реанимациялық науқастардың қарқынды терапиясындағы өзекті мәселелер (сепсис,септикалық шок, босанғаннан кейінгі қан кету, инфузионды-трансфузиондытерапия, абтерапия, КЩС, перинаталды компартментсиндромы)», 1 неонатолог «Жаңа туған нәрестелер реанимациясы» тақырыбында Астана қаласында 150 сағаттан білімін жетілдіріп келді, – дейді бас дәрігер.

Аудандық аурухана жұмысының алға қойылған міндетері көп. Соныі ішінде мамандардын біліктіліктерін көтеру мақсатында жұмыс орнында, көшпелі цикл, мастер-класс ұйымдастыру  жұмысын жалғастыртыра береді. Барлық профильдегі дәрігерлер мен орта буын мамандардын ана мен сәби өлім-жітімін төмендету мақсатында әйелдермен балаларға көрсетілетін медициналық көмектін сапасын арттыру және үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сонымен қатар критикалық жағдайдағы жүкті әйелдер, нәрестелер және 14 жасқа дейінгі балалар мониторингін күшейту және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бекітілген шұғыл жағдайлардағы хабарлау схемасымен жұмыс жасалынуы қажет. Жыл бойы белгіленген куратор мамандары орталық аудандық аурухана мен емхана  мамандарына әдістемелік-тәжiрибелiк көмек көрсету мақсатында елді мекендерге баруын жандандыру және осы жұмыстың орындалуын қатаң бақылауында болады. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында емдеу алдын алу мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, ерте неонатальды өлімді азайту мақсатында жоғары қауіпті топтағы жүкті әйелдер мониторинг сапасын күшейту, жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге туа біткен аномалиялар мен тұқым қуалайтын ауруларға тексеру скрининг бағдарламасын жалғастыру, шетінеу оқиғаларын себептерін  талдап, тәжірибелік көмекті ұйымдастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Суицидтің алдын-алу жол картасы бағдарламасы аясында тәуекел тобы жасақталып тексерулерден өткізілуде. Осы маңызды бағыт бойынша Қармақшы аудандық  ауруханасында 2 психолог маманы қызмет атқарады. Тауекел топтағы пациенттерге психолог кеңесі беріліп, психокоррекциялық жұмыстар (кеңес беру, түсіндірме жұмыстары, өзіндік бағалауын көтеру, өмірге деген құштарлығын арттыру, жеке қабылдау) жүргізілуде. Күйзелістің алдын-алу тақырыбында халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстары күшейтілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 02.02.2015 жылғы №84 бұйрығына сәйкес психолог мамандар суицидтің алдын - алуға жұмыстар жасауда.

Амбулаториялық деңгейде жалпы 65 төсек орындық күндізгі стационарда өткен жылы - 2382 науқас емделіп шықты, барлық өткізілген төсек күн саны – 12762. Қармақшы аудандық орталық ауруханасы 2023  жылы аудан халқына стационарлық көмек көрсетуді 145 тәуліктік төсек қорымен (мұның ішінде 30 төсек орын балалар бөлімінде жоғарғы тыныс жолдары ауруларының көбеюіне байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен балалар бөлімшесіне қосымша берілген 30 төсек орын) және 40  күндізгі стационар төсек  қорымен бастады. 
2023 жыл ауруханада барлығы 5852 науқас емделіп шығарылып, төсек қорын пайдалану көрсеткіші 108,0 пайызға орындалды

Аудандық ауруханада жасалған  өткен жылы операция саны – 458, хирургиялық белсенділік  52,5 пайызды құрайды. Барлық операцияның ішінде жедел түрде жасалғаны –389. Ал жоспарлы түрде жасалған операция саны – 69 – 15 пайызды құрайды.

Аудандық ауруханаға «Видеоэндоскопический комплекс МGB 28» аппараты алынып, 2021 жылдан бастап іске қосылып, хирургия саласына лапароскопиялық жолмен ота жасау әдісі енгізілді. Бұл әдістің артықшылығы оталық жарақат көлемі аз болады, отадан кейінгі жабысқақ ауруын азайтады, отадан кейінгі қалпына келу кезеңі қысқарады.  2023 жылы лапароскопиялық әдіспен 23 операция жасалынды.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге келер болсақ, 2023 жылы интернетпен қамтамасыз етілген пайызы 90%, себебі Шопанқазған, Кекірелі елді мекеніндерінде интернет желісі орнатылмаған. Сондай-ақ «Даму мед» мобильді қосымшасымен 20-60 жас аралығындағы 16824 халық арасында 9836 пайдаланушылар, 58,46% құрап отыр. 2023 жылы бастапқы медициналық- санитариялық ұйымға тіркелу «egov» – электронды үкімет веб порталы арқылы – 1635, дәрігердің қабылдауына жазылу – 67398, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын беру – 4242, еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама беру – 2995, алдын ала міндетті медициналық қарап-тексеруден өту (№075/у) - 2857, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме беру мемлекеттік органда қағаз түрінде 5827 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, жаңадан енгізілген мемлекеттік қызметтер, яғни «Көлік құралын басқаруға рұқсат алу» туралы анықтама - 130», «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде стационарға емделуге жатқызуға жіберу жолдамасын беру – 3501 және «Жедел медициналық көмек көрсету» бойынша – 2722.

Биылғы жылға жоспар бойынша компьютерлік томография аппаратымен жұмыс жасау, хирургиялық ота жасау барысына Эндовидеохирургиялық әдіспен жаңа оталар түрін енгізу, гинекологиялық лапороскопиялық оталарды меңгеру, ота жасау, кеңейтілген акушерлік оталарды меңгеру, Амбулатория оңалту бөлімшесіне жаңадан ем шара қосу: лазеротерапия, функционалды диагностика кабинетін кардиостандарттармен толық жабдықтау: ЭХОКГ, тредмилтест, холтер аппараттарын пайдалануды жетілдіру, емханаға жаңадан флюроаппаратын алу жұмыстары жолға қойылып отыр. Сонымен қатар «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын бойынша мақсатты индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету; ана мен бала және ұрпақты болу жасындағы әйелдердің денсаулығын қорғау жұмысын жандандыру; Ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында енгізілген «Эффективті перинаталды технологиясы» және БШАЫЕ бағдарламалары әрі қарай жалғастыру; Пилоттық патронаждық қызметтің жұмысын жандандыру; Ана мен бала өлімін төмендету және алдын алуға бағытталған қысқа мерзімді жоспармен жұмыс жасау қолға алынбақ. Оңалту шараларын күшейту мақсатында амбулаторлы деңгейде күндізгі оңалту стационарын ашу, балалар оңалту орталығын ашу. Тиісті мамандарды оқыту, қайта даярлау курстарынан өткізу мен емдеу-диагностикалық жұмыстарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында аудан бойынша медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіру және мастер-класс тәжірибесін тиімді пайдалану; емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайу, аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, аурудың алдын алу шараларын жүргізу, ол үшін сала аралық қызметтерді жандандыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау жұмыстарын жалғастыру; Цифрлы Қазақстан бағытында мекеме жұмысын толығымен біріктірілген ақпараттандыру жүйесіне енгізу арқылы қағазсыз мекеме принципімен жұмыс жасауды жандандыру қолға алынады.

Тағы да оқыңыз: