Kyzylorda-news.kz. «Анашым, мен неге мектепке бармаймын?». Осы сауал «ерекше» баласын ертіп мектепке бара алмайтын қаншама ата-ананың жүрегін тілгілеп келеді. Аутизм – ми қызметінің бұзылуы салдарынан пайда болатын ауру. Ауру деп айтуға да келмес. Олар «ерекше жандар». Егер дер кезінде анықталса, алдын алуға болады. Өкінішке қарай, өз уақытында оны анықтауда дәрігерлердің біліктілігі жетпей жататыны жасырын емес.
Қатты дыбыс, қоғамдық орындардағы у-шу, өткір сәуле аутизм белгілері бар балалардың тынышын қашырады. Себебі олар өте сезімтал. Содан болар әлем елдері «ерекше жандар» екенін мойындап, оларға ерекше ықылас танытып келеді. Тарих қойнауына көз жүгіртсеңіз әлемдегі танымал тұлғалардың көбісі осы «ерекше жандардың» қатарынан болған. Мәселен әйгілі австралиялық композитор Вольфганг Амадей Моцарт, поляк-француз ғалымы Мария Кюри, өнертапқыш Томас Эдисон, «Покемон» сериалының, түрлі ойындардың авторы жапониялық Сатоси Тадзиридің, тіпті Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің «ерекше» екені БАҚ беттерінде айтылып та, жазылып та жүр. Бірде Томас Эдисон мектепте оқып жүрген шағында анасына мұғалімінің берген хатын әкеліп береді. Анасы хатты оқып, көзінің жасын сығып алады да «Сіздің балаңыз – гений. Бұл мектепте сіздің балаңызға лайықты деңгейде білім беріп, бір нәрсеге үйрететін мұғалім жоқ. Өтінемін, оны өзіңіз оқытыңыз» деп дауыстап оқып береді. Арада жылдар сырғып өтеді. Анасы қартайып, қайтыс болады. Бұл уақытта Томас Эдисон өз уақытындағы танымал өнертапқыштардың біріне айналады. Бірде ол бала күнінде әкеп берген қағазды тауып алып оқып шығады да анасы секілді көз жасына ерік береді. Шын мәнінде ол хатта былай деп жазылған екен: «Балаңыздың ақыл-есі кем. Енді оның мектебімізде білім алуына жол бермейміз». Осыдан кейін ол өзінің күнделігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі кем адам болған. Бірақ анасының ерлігінің арқасында ұлы данышпандардың біріне айналды» деп жазады.
Мүмкіндігі шектеулі оқушылардың оқып-үйренудегі қиындықтарын дер кезінде анықтап, оған қолдау көрсетуде тек арнайы мамандардың емес ата-аналардың рөлі басым болады. Даму мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеуде ата-аналар түрлі қиындықтарға кезігуі мүмкін. Егер баланы инклюзивті балабақша немесе мектепке беру мүмкіндігі болса – бұл ата-ана үшін үлкен көмек. Себебі ол балалар күннен-күнге жағымды жаққа қарай өзгеріп, қоршаған ортадан тыс болу сезімін азырақ сезінеді. Сонымен қатар тәрбие жұмысының тиімділігі жоғарылап, жетістіктерге жете бастайды. Бұл тұрғыда ата-ана баласына үнемі қолдау танытып, кішкене ғана талпынысын үлкен жетістікке балауды үйренуі шарт. Даму мүмкіндігі шектеулі баланың өзі қалаған дүниені жасауына жәрдемдесу және оны мақтап отыру да оның өмірге деген белсенділігін арттырады.
Жалпы, инклюзивті оқыту-даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты дамыған балалармен бірге әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы жеңілдетілген оқыту жүйесі.
Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы – барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді.
Білім беру саласындағы негізгі халықаралық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін білім алуға тең құқықтар қағидаты көзделген. Біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген. Мемлекеттік бағдарлама негізінде 2020 жылға қарай мектептерде мүгедек балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдер мен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдар мен жабдықтау арқылы «кедергісіз аймақтар» құруы жоспарланған.
Бүгінгі таңда дүние дидарына келген сәттен тағдырдың қиындығына тап болған жандардың тең құқылы білім алуы үшін инклюзивті білім беру әдісін қалыптастыруда. Яғни, әрбір баланың болмыс-бітімі мен ақыл-есі, географиялық ерекшелігіне қарамастан қолжетімді білім беру мәселесі көтеріліп келеді. Инклюзивті білім – мүмкіндігі шектеулі балаларға балабақша, мектеп, институт, мектепке дейінгі және мектеп өміріне толық көлемде қатысуына мүмкіндік береді. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Инклюзивті білім беру – шексіз мүмкіндіктер сыйлайтыны жасырын емес. Барлық бала тең дәрежеде білім алуға, мектепке баруға лайықты. Олардың ертеңін ойлау арқылы, болашақтың іргесін қалайтын боламыз