Kyzylorda-news.kz. Қызылша ауруының белгілері мен оның алдын алу жөнінде іс-шаралар аудан көлемінде жүйелі түрде жүргізілуде. Өз кезегінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен аудандық аурухана ұжымы қауіпті дертке қарсы балалар мен ересектерге екпе егу қызметін бірлесе атқаруда. Қолда бар мәліметке сүйенсек, өткен жылы аудан бойынша 2946 адам қызылшаға қарсы екпе алғаны мәлім. Оның ішінде, 195 медицина қызметкерлері, 350 6-10 айлық аралығындағы сәбилер, 2197 2-4 жас аралығындағы бүлдіршін, 198 екпеден тыс қалған кісілер бар екенін айта кетейік.
Ал 2024 жылдың алғашқы айында 126 сырдариялыққа қызылша дертінің алдын алуға қатысты екпе салынды. Бұл ретте, ауруханаға қарасты аймақтық дәрігерлер жергілікті тұрғындарға түсіндірме жасауда. Бүгін таңғы 8.30-дан бастап, жоғарғы санатты мейірбике Жанар Үсенбай балаларға дәрігердің тексеруінен кейін екпе салғаны мәлім. Бұл ретте, баласына екпе салдыртуға келген тереңөзектік жас ана Перизат Кәрібаевамен аз-кем пікірлескен едік.
– Бүгінде республика аумағында қызылша дерті күшейгені мәлім. Соған қарамастан кей жағдай немқұрайлылық танытып жатамыз. Сәті түсіп, бүгін баламды екпе алуға әкелдім. Әрине, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсілді берік ұстанған абзал. Өзім секілді жас аналарды баласына екпе салдыруға шақырамын, – деді жас ана.