Kyzylorda-news.kz. Медицина саласының басым-бағыттарын жетілдіру – күн тәртібінен түспейді. Адам өмірін арашалап қалатын ақ халатты абзал жандардың біліктілігін арттыруға аса мән берілген жөн. Күні-түні Гиппократ антына адал екендіктерін дәлелдеп келе жатқан ауданның медицина қызметкерлері жоғарғы белесті бағындыра білді.
Анығын айтқанда, «Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-299/2020 бұйрығы аясында Сырдария аудандық ауруханасын денсаулық сақтау барысында халыққа сапалы, уақытылы, белгілі деңгейде медициналық көмек көрсету үшін жағдайлардың болуын, денсаулық сақтау жүйесіндегі стандарттардың сақталуын ресми тану мақсатында аккредиттеу жұмысы жүргізілді.
Өз кезегінде аккредиттеуден өткен іргелі ұжымға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының» басшысы Гульнара Кулкаеваның арнайы куәлігі табысталды. Негізінен, Сырдария аудандық ауруханасы «Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің, сыртқы кешенді бағалау нәтижелері және аккредиттеу комиссиясының шешімі (25.12.2023 жылғы №255-Н бұйрық) негізінде бірінші санаты тағайындала отырып, 3 жыл мерзімге аккредиттелген болып танылған.
Шын мәнінде, аккредиттеу барысында сала мамандарының кәсіби біліктілігін жетілдіру айқын көзделген. Функционалдық және құқықтық оқыту кезінде білімі жоғары арнайы мамандар тартылды. Оқыту бойынша сертификат беруге мүмкіншілігі зор орталықтардың мамандары медицинаның қыр-сырын қызметкерлерге меңгерте білді.
Бұл ретте, Сырдария аудандық ауруханасының ұжымы кәсібиліліктің шыңына шықты деп айта аламыз. Жекелеген нозология бойынша науқастарға емдеу жүргізу стандартқа сай жүзеге асады. Біздің мақсатымыз – жергілікті халықтың денсаулығын жақсарта отырып, сапалы қызмет көрсету болып табылады.