Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданындағы А.Тоқмағамбетов ауылында тұрғындар тарапынан фельдшерлік-акушерлік пуктіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген талап-тілегінің негізінде биыл қажетті қаржы бөлінді. Осы күні мердігер мекеме «АХАТ – ГС» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын бастап кетті.

Тозығы жеткен фельдшерлік акушерлік пункті күрделі жөндеуден өткізу жұмысы осы жылдың аяғында аяқталып, пайдалануға берілмек. Осы орайда ауыл халқына медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Гүлжан Орысбайқызы:

 Ауыл дәрігері ретінде 27 жылдан бері қызмет етіп келемін. Соңғы 21 жылдан бері Асқар ауылында жалпы тәжірибелік дәрігермін. Негізнен осы ғимаратта ауылдың 1415 тұрғынына медициналық көмек көрсетеміз. Ауылдағы бір ғана дәрігер болған соң кейде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді. Медбикелермен бірге ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалап, қызметімізді аса жауапкершілікпен атқарып келеміз. Сондықтан көнерген ғимараттың жағдайында сапалы медициналық қызмет көрсету қиынның қиыны. Дегенмен бұл мәселе де оң шешімін тауып, биыл күрделі жөндеу басталды. Мердігер мекеме басшылығының айтуынша жыл соңына дейін жұмысы аяқталады, – дейді бас дәрігер.

Ауылдағы басталған күрделі жөндеу жұмыстарының барысы жайын көзімен көріп, білу үшін жақында аудандық мәслихат депутаты Еркебұлан Жақып арнайы барып, жұмысымен танысты. Мердігер мекеменің өкілі атқарылатын жұмыстың жәй-жапсарымен таныстырып, құрылыстың уақытылы, әрі сапалы жүргізілетінін айтты.
Өз кезегінде халық қалаулысы ел игілігіне жасалып жатқан жұмыста ешқандай ақау немесе кемшіліктің болмауы тиіс екенін ескертті.
 

Тағы да оқыңыз: