Kyzylorda-news.kz. Арықтаймын деп дәрі ішкен ақтаулық қыздың жүрегі 5 минутқа тоқтап қалған, - деп хабарлайды  mangystaumedia.kz сайты. 

Кардиохирург-дәрігерлер арықтаймын деп дәрі ішіп, жүрегі 5 минутқа тоқтаған 30 жастағы науқасты аман алып қалды. 

Науқас желтоқсан айында жедел жүрек жетіспеушілігі диагнозымен аурухананың қабылдау бөліміне өте ауыр жағдайда түскен. Артериалдық қан қысымы күрт төмендеп, науқаста кардиогенді шок болған. Дәрігерлер жедел түрде УДЗ жасап, жүректің жиырылу қабілеті төмендегенін анықтады.

"Ата-анасының айтуынша, науқас арықтатуға арналған дәріні ішкен. Соның салдары жүрекке әсер етті деген тұжырымға келдік. Себебі арықтатуға арналған дәрінің құрамында "сибутрамин" деген зиян зат бар. Бұл дәрі жүрек-қан тамыр жүйесінің әлсіздігіне алып келеді. Науқастың қан қысымы қалыпқа келмеген соң жедел түрде жасанды жүрек-өкпе (ЭКМО) құрылғысына қостық. Осылайша, жүрекке қосымша сүйемелдеу арқылы көмек беріп, қан қысымын 70-ке дейін көтердік", - дейді кардиохирург-дәрігер Әбунасыр Суханов.

Науқас ЭКМО (жасанды жүрек-өкпе) құрылғысымен 1 апта жүрді. Жүргізілген ем нәтижесінде жүректің фракциясы өсе бастады, сәйкесінше, қан қысымы да көтерілді. Науқас оянған соң ЭКМО және өкпені жасанды желдету аппаратынан да ажыратылды. Қазір науқастың жағдайы жақсы. Науқастың анасы Мейрамгүл Кенжебаева дәрігерлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

 

Тағы да оқыңыз: