Kyzylorda-news.kz. Кез келген мемлекеттің алғашқы орында алаңдататын мәселесі халықтың денсаулығы екендігі баршамызға мәлім. Мемлекеттің басты капиталына баланатын адам өмірінің қауіпсіздігі, саулығы қай елде болса да бірінші кезекте тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Денсаулық сақтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда» деген сөзі мәселенің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп отыр.
«Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналған медицина саласының аудандағы бүгінгі ахуалы қалай? Емхана халыққа қай деңгейде қызмет көрсетіп келеді?» деген сауалдарға жауап алу үшін Арал аудандық емханасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғарғы санатты дәрігер ұйымдастырушы Шарапат Медетовпен кездесіп, әңгімелесіп қайттық.
– «Арал аудандық көп бейінді орталық аурухана» ШЖҚ КМК-ге қарасты аудандық емхана 2007 жылы жаңадан пайдалануға берілді. Мұнда тұрғындарға медициналық көмектің 24 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді. Қазіргі таңда емханада 37 дәрігер, 77 орта буынды, 10 өзге, 17 кіші буынды қызметкер өздерінің саласы бойынша сапалы қызмет атқарып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудандық емханаға 117 578 тұрғын дәрігерлер қабылдауында болып, медициналық тексерулерден өткен, – деген Ш.Медетов одан әрі материалдық-техникалық базаның қамтылуына тоқталды.
Соңғы 2-3 жыл көлемінде емхананың базасы айтарлықтай жаңартылып, бүгінгі уақыт талабына сай жетілдірілген. Емхана бойынша қолданыстағы кольпоскоп, ультра дыбыстық зерттеу аппараты, жылжымалы маммограф, флюорография, стоматологиялық қондырғылар, зертханалық анализатор және биылғы жылы көз кабинетіне жаңадан алынған құрылғылар – компьютерлік периметр, авторефрактометр, офтальмоскоп көмегімен тұрғындарға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар аудиометриялық кабинет, 4 дачикті УДЗ аппараты тұрғындардың игілігіне пайдаланылуда.
Емхана қызметкерлері қашанда заман талабына сай үнемі іздену, қызметтік істе адал әрі мұқият болу тәртібін қатаң ұстайды. Себебі әр диагноздың артында адам өмірі, оның ертеңі жатыр. Мекеменің алдында тұрған міндеттердің бірі – скринигтік тексерулер жүргізу арқылы ауруларды ерте сатысында анықтап, сауықтыру. Осы мақсатта жыл сайын жоспарлы түрде кешенді жұмыстар атқарылып келеді.
Мекеменің нәтижелі жұмыс жасауына барынша жағдай жасалғандығы туралы, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгендігін айтып өттік. Сонымен қатар 2011 жылдан бастап құрамында УДЗ дәрігері, хирург, окулист, гинеколог, стоматолог, өзге де жоғарғы санатты дәрігер мамандар бар және УДЗ, ЭКГ, лабораториялық тексеру аппараттары бар жылжымалы медициналық кешен аудан халқына қызмет көрсетіп келеді. Бұл да елді мекен тұрғындарының денсаулық көрсеткішін жақсыртуға таптырмас мүмкіндік сыйлап отыр. Біз осы арқылы Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі шалғай жатқан ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етіп келеміз. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға дәрігерлік қызмет көрсету айрықша назарға алынып отыр.
Иә, жасалған жұмыс қашан да жақсы нәтижесімен қуантатыны белгілі емес пе?! Аудандағы ахуал да бүгінде емхана жұмысының қаншалықты жүйелі екенін көрсетіп отыр. Шарапат Алпысбайұлының айтуынша:
– Аурудың жақсысы бола ма? Әрине, адамды әбігерге салып, тәнімен қатар жанын да сыздататын дерттің барынша алдын алуымыз қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Міне, біз сол ауырмайтын жолды халыққа нұсқап келеміз. Мәселен 2008 жылдан бастап 9 түрлі ауруды ерте анықтау мақсатындағы скринингтік тексеру арқылы қауіпті әрі созылмалы дерттердің бетін қайтаруда көп жетістікке жеттік. Қаншама тексерілуші алғысын айтып жүр. Сол сырқаттардың қатарында ең қауіпті болып саналатын, әрі көп таралған қан айналымы жүйесі аурулары, қант диабеті, глаукома, сүт безі, жатыр мойыны, өңеш, асқазан ісігі сияқты бірнеше дерттің түрі бар, – дейді.
Мұнан бөлек 2010 жылдан бастап қолға алынған республика аймағында енгізілген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша жұмыс жасап, тұрғындардың жекелеген санатына тегін дәрі-дәрмек босатылып отыр. Бұл да ем алушылардың оң бағасын алып, көңілінен шығып отырған дүние.
Сонымен қатар 2015 жылдың басынан бастап амбулаториялық-емханалық көмек бағдарламасы аясындағы науқастардың стационарды таңдау құқығымен портал бюросы арқылы республиканың кез келген ауруханасына жатуға да мүмкіндік бар. Стационарды алмастыратын көмек ретінде емханада 19 төсектік күндізгі бөлім де жұмыс жасап тұр.
Осындай жүргізілген іс-шаралар жылдан жылға жақсарып келеді. Бұған дәлел ретінде көптеген көрсеткіштерді атап өтуге болады. Табиғи өсім жыл сайын жоғарылап, жалпы өлім-жітім, туберкулезбен ауыратындар саны азайып келеді.
Иә, жұмыс тапсырма аясында көрінеді десек те, әрбір жетістіктің артында білікті мамандар мен жауапты азаматтардың таудай еңбегі жатыр. Әсіресе басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір жанның дертіне дауа, жанына жылы сөзімен ем, аялы алақанымен жылу сыйлаған жандардың қызметтік шеберлігіне халық күмән келтірмейді. Дегенмен «жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек» дегендей халықтың аузынан түспейтін, өз ісінің нағыз майталмандарын ерекшелеп айтуға да болады.
Шарапат Медетов:
– Емхананың дәрігерлік құрамы өте мықты. Қайсысын алсақ та өзінің білімі мен білігін көрсетіп келеді. Бастысы халықтың игілігіне қызмет етіп жүр. Әр қызметкерім бір төбе. Әсіресе солардың қатарында жоғарғы санатты дәрігерлер Ақсалы Есеналиева, Гүлдәрі Мұстафаева, Айсәуле Пірманова, Дина Қожаниязова, Анар Сағындықова, Қуаныш Жанаева, Изатулла Ранов, Гүлзина Құрманбекова, Лайық Бижанова, Әмірхан Жүсіпов, Амантай Нұрпейісов, Балтабек Кемалов пен Нұрқасын Көбекбаевтарды халық іздеп келіп, алғысын жаудырып кетеді. Одан бөлек те орта буынды дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсысын болса да мақтауға лайық, – деді.
Иә, «медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» дегендей асыл қасиетімен барша аралдықтардың алғысына бөленген жауапты мамандық иелеріне еңбекте табыс, төзімділік пен күш-қайрат тілейміз.