Kyzylorda-news.kz   Бүгінде Арал ауданының денсаулық сақтау саласында біршама мәселелер өз шешімін тауып, оң өзгерістер орын алуда. Ондағы басты жаңалық, аудандық аурухананың жанынан жапсаржай және Арал қаласының Шанхай мөлтек ауданынан ауысымына 250 адамды қабылдай алатын емхана салынатын болады. Қазіргі таңда нысандардың құрылысын салуға жоба сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев айтты.

– Өткен жылы Қызылжар, Бөген ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылса, алдағы қараша айында Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана ел игілігіне берілетін болады. Одан бөлек, Тоқабай елді мекенінде де дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Аудандық аурухана негізінде 54 төсектік «Кардиология» және «Инсульттық» бөлімшелері ашылып, жұмыс істеуде. Бұған қоса, алдағы уақытта аурухананы МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, аудандағы білім саласы да дамып келеді. Қазіргі таңда 60 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 4 371 бала тәрбиеленуде. Кейінгі 3 жылдың ішінде жекеменшік балабақшалар желісі 12 бірлікке өсті. Жыл басынан бері барлығы 240 орындық 2 жеке балабақша пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Арал қаласынан 115 орындық, Ақбай ауылынан 100 орындық және Қаратерең ауылынан 75 орындық балабақшаны балалар игілігіне табыстауды көздеп отырмыз. Ел Президентінің 2025 жылға дейін 3 ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептерді жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Ең алдымен, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілген Сапақ, Жалаңаш елді мекендеріндегі 2 мектептің мәселесін шешу жұмыстары жүруде. Ақшатау мектебінің құрылысы жеке кәсіпкер есебінен шешімін тауып, құрылыс жұмыстары аяқталды,- деді Аманжол Сақыпұлы.

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: