Kyzylorda-news.kz. Арал ауданы аумағында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Оның 17-сі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілген, 3 көл резервте.
Биыл Кіші Арал теңізінен 6920 тонна балық аулау лимиті бекітіліп, 6651 тонна балық ауланып, 2430 тоннасы өңделді.
Ауданда жылдық қуаттылығы 24000 тонна 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның 2-уі «Еврокод» белгісін алған. Бұдан басқа 10-нан астам шағын балық цехы бар. Биылғы 1 шілдедегі көрсеткіштерге қарағанда, 1266 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған.
Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілген. Бағдарламада тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін аудандағы 7 тауарлы көл тізімге енгізілді. Бүгінде 3 тауарлы көлге инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленді.
Жоғарыда аталған бағдарлама аясында тоғанда балық өсіру жобасы қолға алынған. Жол картасы аясында биыл қолдан балық өсіретін 7 тоған ашу жоспары бар. Былтыр тоғанда балық өсіру бойынша 3 жоба (Ерімбетжаға, Жаңақұрлыс, Бекбауыл) іске қосылған. Тоғанда негізінен сазан, ақ амур, дөңмаңдай шабақтары өсіріледі.