Kyzylorda-news.kz Деректерге сүйенсек елдегі әр алтыншы отбасы бедеуліктің зардабын шегуде. Оған экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігі себеп. Бұрын тек кинодан көріп, шетелдік ақпарат көздерінен еститін «жасанды ұрықтандыру» деген термин қазір біздің де қоғамға еніп кетті. Иә, бүгінде экстракорпораль - ды ұрықтандыру, біздіңше экоға ж ү г і н е т і н д е р көп.
Бағасы да қарапайым отбасы үшін әжептәуір қымбат. Сәби аңсап, бірақ қаражаттан қысылып жүрген жандарға үміт сыйлау үшін Президенттің тапсырмасымен 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылған еді. Жоба 2030 жылға дейін жалғасады. Жасанды ұрықтандыру қашан басталды? Қазір денеден тыс ұрықтандыру әдісі медицина саласында қалыпты құбылысқа айналды. Әлемде жасанды жолмен дүниеге келген сәбилердің саны бүгінде 6 миллионнан асады. Жалпы, бедеулік пен белсіздік – тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Қай кезеңде де өзекті болған бұл мәселені оңтайлы шешу үшін медицина саласының мамандары аз тер төккен жоқ. Табиғи жолмен бала көтеруге қауқарсыз жандарға көмектесу үшін ғалымдар өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап жатырдан тыс ұрықтандыру әдісін сынап көре бастады. Алғашқы сынақтар әуелі кеміргіштерге жүргізілді. Ғалымдар аналық жасушаның ұрықтану уақытын, оның жатырға дейінгі өмір сүру ұзақтығын, сақталу әдісін ұзақ зерттеді. Одан кейін британдық ғалымдар адам ұрығын зертханалық жағдайда өсіру мәселесін зерттеуді қолға алды. Аналық және аталық жасушаны жатырдан тыс ұрықтандырып, пайда болған эмбрионды жатырға әкеліп салу әдістерін игеру үшін ғалымдарға 10 жылдай еңбектенуге тура келген. Әрине, басында қоғам бұл әдісті онша қабылдай қойған жоқ. Діни көзқарас тұрғысынан да талай сынға іліккеніне қарамастан зерттеушілер 1975 жылы денеден тыс ұрықтандыру әдісін адамға қолданып көрді. Алайда алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталды: ұрық жатыр түтікшесінде біткендіктен оны алып тастауға тура келді. Араға екі жыл салып жатырдан тыс ұрықтандыру әдісіне тағы бір қадам жасап көрді. Осылайша 1978 жылдың жазында әлемдегі ең алғашқы «құтыдағы сәби» Луиза Браун дүниеге келіп, оған дейін тоғыз жыл бойы бала сүйе алмаған британдық отбасыға үлкен қуаныш сыйлады. Ал жасанды ұрықтандыруды сәтті жүзеге асырған профессор Р.Эдвардс болса, адамзатқа пайдалы істің негізін қалағаны үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру әдісі алғаш рет 1995 жылы енгізілгенін, оны елімізге алып келген белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова екенін жұртшылық жақсы біледі. Дәл осы жылы Салтанат Берденқызының бастамасымен Алматыдағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығында тұңғыш рет ЭКҰ жасалып, бір жылдан кейін еліміздегі алғашқы құтыдағы сәби дүниеге келеді. 1996 жылдың шілдесінде туған қыз бала бүгінде – 28 жаста. Жасанды ұрықтандыруға 2010 жылдан бері мемлекет қаржы бөле бастады. Бірақ бұрын жылына 400-500 квота ғана бөлінетін. Ал қазір «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасымен жыл сайын 7 мың әйел жасанды жүктілік жасатуға мүмкіндік алды. Соның арқасында 3 жылда 6 мыңдай отбасы сәбидің күлкісіне толды. Ал көмекке мұқтаждар әлі де көп.
ЭКО-ны ТЕГІН ЖАСАТУДЫҢ ТЕТІГІ
Жасанды ұрықтандыруды тегін жасату үшін, яғни квотаға ілігу үшін алдымен жергілікті емханаға есепке тұру қажет және медициналық көрсеткіштері болуы керек. Айталық, әйелдің жатыр түтікшелерінің екеуі де бітелген жағдайда немесе ер адамда белсіздік 2-3 дәрежелі болған кезде жасанды ұрықтандыру көмегіне иек артуға тура келеді. Жатырдан тыс ұрықтандыруға квота бойынша жіберілетін пациенттерді арнайы комиссия іріктейді. Олардың оң шешімінен кейін әйелдің сырқаттану себептері мен тарихы жазылған құжат және барлық медициналық тексерудің нәтижелерімен бірге ЭКҰ жасалатын арнайы клиникаға жіберіледі. Бұл емдеу мекемесі де құжаттарды тексеріп, дұрыс деп тапқан жағдайда ЭКҰ жасайтын уақытты белгілейді. Бүгінде 15 мыңға жуық ерлі-зайыпты бедеулік есебінде тұр. Қазір жастар отбасын құрғасын 1 жылда бала сүйе алмаса, бірден квотаға өтініш берсе болады. Бұрын 3-4 жылдан кейін еді. Яғни, талап жеңілдеген. Дегенмен, әйел денсаулығына қатысты 3 критерий бар. Олар қандай критерийлер? Бұл сұраққа аудандық емхананың гинеколог дәрігері Бақтыгүл Әлсерікова жауап берген еді. – АМГ дейміз. Антимюллерлік гармон 1-ден төмен болмау керек. ФСГ 12-ден жоғары болмау керек. Және аналық безінде оң жақ, сол жағында үш үштен 6 фолекул болу керек. Әйелдердің жасанды жүктілікке дайын екенін репродуктолог маман шешеді. Сол кісілер келісім берсе, әрі қарай біз дайындап, жолдама береміз, – дейді.
«АҢСАҒАН СӘБИМЕН» АЛТЫ МЫҢ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Әрбір адамға шаңырақ құрып, артына ұрпақ қалдыру – парыз. Бақыттың төресі де – бала сүю. Өкінішке қарай, нәрестенің іңгәлаған үнін есту бақыты некеге тұрған барлық отбасына бірдей бұйырмаған. «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданғаннан кейінгі үш жылда Қазақстан бойынша 20 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Бағдарлама аясында жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорынан шамамен 7 млрд теңге жұмсалады. Бұл көмекті әр отбасы жылына бір рет қолдана алады. Бағдарлама 2030 жылға дейін жалғасса, жеті жылда 49000 отбасының ата-ана атану мүмкіндігі бар.
– « А ң с а ғ а н с ә б и » б а ғ д а р л а м а с ы қабылданғалы шиелілік 39 әйел жасанды ұрықтандыру жасатуға мүмкіндік алды. Оның 27-сі мемлекет берген мүмкіндік арқылы айкүні жетіп, аман-есен сәбиін құшағына алса, 6 ана мерзімінен бұрын босанды. Ал биыл жыл басынан бері 19 әйелге квота берілді. «Аңсаған сәби» арқылы 8 әйел ана атанды, – дейді Бақтыгүл Әлсерікова. Жалпы Шиелі ауданында 217 әйел бедеулік бойынша есепте тұрады. Олардың диагнозы әртүрлі, бірақ армандары біреу ғана – тар құрсағын кеңітіп, жүкті болу, сәбиін құшағына алып, армансыз иіскеу. «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғалы квота алу барынша жеңілдеп келеді. Мәселен, қазір көмекті бір рет пайдаланған отбасы келесі жылы тағы да қатыса алады. Қазір мемлекеттік квота 42 жасқа дейін әйелдерге ғана беріледі. Өйткені 40 жастан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, сәбилі болу мүмкіндігі азая береді. Не десек те, ЭКҰ – басқа емдеу жолдары тиімсіз болғанда ғана қолданылатын тәсіл. Ең дұрысы бедеулік пен белсіздіктің алдын алу қажет. Әр ата-ана баласының бойындағы өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қаратуы керек. Әсіресе жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұзылыстарды уақыт оздырмай емдеген жөн. Сондай-ақ саламатты өмір салтын сақтап, әйелдер түсік жасатудан аулақ болып, еркектер аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары мен жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқуларды дер кезінде емдеу керек, дейді мамандар.
Гүлхан ЯХИЯ
Фото: egemen.kz