Kyzylorda-news.kz. Шаңырақтың шырайын кіргізіп, бүтін бір әулетті бақытқа бөлейтін шыр етіп дүниеге келген шарананың іңгәлаған дауысы. Он екі мүшесі сау, жүрек соғысы қалыпты сәбиді дүниеге әкелу әрбір ата-ананың арманы десек артық айтқандық емес. Асылында, «дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» екені баршаға аян. Отау тігіп, шаңырақ көтерген соң екі жастың денсаулығында қандай да бір кінәраттың болмағаны игі. Тіпті, құрсақ көтергеннен бойына біткен баланы аман-сау жарық дүниеге әкелем дегенше алаңдайтын ата-ана болса, туған-туыстар аман-есен қол-аяғын бауырына алуына тілекші болады. Ежелден қазақ халқы бала десе ішкен асын жерге қойып, дүние есігін ашқан сәбиіне сүйсіне қарап, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын болған. Әсте, бүгінде бұл үрдіс үзілген емес. Қуанышы қойнына сыймаған соң, сүйіншілетіп, дүркіретіп тойлайтыны содан. Бірақ, қазіргі таңда денсаулығына немқұрайлықпен қарау сынды салғырттықтың салдарынан сан соғып, олқылықтан опық жеп жүргендер аз емес. Тіпті, кейде мамандардың біліксіздігінен де өмірмен қош айтысқан, өмір мен өлімнің арасында қалған аналар қаншама? Сондықтан соңғы уақыттағы ана мен сәби өліміне қатысты түрлі факторларды қарастыруға болады.

Әсте, әркім өз өміріне һәм денсаулығына өзі жауапты. Адам өзіне-өзі жаны ашымаса, бөгде біреуден жанашырлық күтуі тіпті қисынсыз. Әсіресе, ана атанғалы жатқан шақта шамадан тыс шаршаудың, күтіммен қарамаудың кесірінен келеңсіздік пен кедергіге тап болуы ықтимал. Мұндайда қорқыныш пен қауіп те сананы сан саққа бөлген соң психологиялық тұрғыда да соққы алады. Жалпы, жүкті болғанға дейінгі және кейінгі кезеңде денсаулыққа көп көңіл бөлу керектігі жиі айтылады.

Асылында, қажетті тексерістерге қолды сілтемей, уақытында қаралып тұрғаны тіпті жақсы. Осы орайда, облыстық жастар денсаулығы орталығы жастарға денсаулығына қатысты кеңес беруде, қолдау көрсетуде, тексерістен өткізудің тиімді тұсын қарастыруда қапы қалған емес. Сонымен қатар, жастардың салауатты өмір сүру қағидатын қалыптастыруға үлес қосып жатқандығы ұлт саулығына септігін тигізетіні сөзсіз. Мәселен, былтыр аталмыш орталыққа 19 мыңнан астам жас жүгініп, емдеу -сауықтыру және қажетті кеңес алу бойынша тиімді шараларды қабылдаған. Соның бірі – отбасын жоспарлау алдындағы негізгі міндеттер. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу ата-анаға тікелей байланысты болғандықтан жанұя құрғысы келетін жастардың негізгі мәселелеріне назар аудару – орталықтың басты міндеті. 

– Біздің орталықтың негізгі бағыты – жастарда кездесетін әр түрлі дерттің алдын алу. Сәйкесінше, орталыққа 10-29 жас аралығындағы кез келген жас жүгіне алады. Біз ең алдымен отбасын құрғысы келетін жастарды толықтай профилактикалық тексеруден өткіземіз. Орталықта гинеколог, уролог, дерматолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Олар әрбір азаматты жіті тексеріп, қажетті кеңестерін береді. Қазіргі таңда жастар арасында дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы және ағзаға керекті дәруменнің жетіспеуі салдарынан көптеген аурулар пайда болады. Бұл өз кезегінде бала жоспарлап жүрген жандарға әсер етпей қоймайды. Сол себепті жанұя құрғысы келетін әрбір жас міндетті түрде денсаулықтарын тексертіп, дәрігерлерден кеңес алуы қажет, - деді облыстық жастар денсаулығы орталығының валеолог маманы Гүлназ Мазқожа.

Яғни, баланың жағдайы әке мен ананың денсаулығына тікелей байланысты. Сол себепті, саулық басты назарда болса, нәрестенің де науқас болмайтыны анық. Медицина мамандары айтып өткендей, ағзаның әлсіздіктен алыс, дәруменге бай болуы қаншалықты маңызды болса, дұрыс тамақтануы да деннің сау болуына әсер етеді. Байқасаңыздар, аталған орталықта тек жас отбасылар ғана емес, жасөспірімдер де тексерістен өтіп, керекті кеңесін алып, сұрақтарына жауап таба алады.

Сайып келгенде, сәби сүю, өмірге бала әкелу, 9 ай құрсақта көтеріп, іштегі баланың дамуына қалыпты жағдай жасау оңай емес. Пайдалы мен зиян, зақым мен қажет дегеннің аражігін ажыратып, ескеру керек ескертпе һәм ережелерді қаперде ұстаған жөн. Әйтпегенде, қамсыздықтың ақыры қапаландырып, ойсыздықтың орға жығатынын ешкім жоққа шығармас. Залалын кейін көрмес үшін бала көтермей тұрып көрінудің, тиісінше ем қабылдаудың айыбы жоқ.

– Өмірге дені сау бала әкелу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мәселен, алкогольді сусындар мен шылым шегу адам денсаулығына зиян тигізумен қатар, оның ұрпағына кері әсер етеді. Сондықтан мейінше зиянды әдеттерден аулақ болу керек. Тағы бір айта кететін жайт, дәрігерлер бала жоспарлау алдында ерлі-зайыптыға арнайы алгоритм әзірлейді. Осы арқылы кез келген ауруды ерте анықтап, емделуге мүмкіндік болады,- деді № 1 қалалық емхананың психолог  маманы Мөлдір Әбдірейова.

«Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес» деп Б.Момышұлы айтпақшы, өмірдің мәні мен сәні сәбидің шат күлкісі деп танығандықтан, бейқамдықтан бала өміріне балта шабылып, ата-ана өзегіне өксік жиналмауы тиіс. Ұрпақ саулығының ұлт болашағы үшін маңызды екенін де естен шығармайық.

 

Тағы да оқыңыз: