Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында тұрғындар үшін медициналық ұйымдардың қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ерекше мән берілген. Бүгін «AMANAT» партияcы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы, комиссия мүшелері облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығы базасында ашылған Орталық қалалық емханада болып, осы бағыттағы жұмыстардың орындалуына мониторинг жүргізді.

Орталық емхана қалалық емханалардың жүктемесін азайту мақсатында құрылып, 2022 жылдан жұмыс жасап келеді.  Бүгінгі күні №1, №3 және №6 емханалардан 31 мыңға жуық халық орталыққа бекітілген. Емхана екі ғимаратта орналасқан. Қызылорда қаласы З.Шүкіров көшесіндегі ғимаратта бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетілсе, Абай даңғылындағы ғимаратта ересектер мен балаларға мамандандырылған және диагностикалық қызметтер ұсынылады.

Жалпы орталықта медициналық қызметтің 50-ден астам түрі, 22 ересектер және 10 балалар бейіні бойынша қабылдау жүргізіледі. Диагностикалық мүмкіндіктері де кең. Атап айтсақ, эндоскопиялық, ультрадыбыстық, функционалдық, рентгенологиялық, КТ-зерттеулер, сондай-ақ ПТР, ИФА, ИХЛ әдістерімен жүргізілетін заманауи зертханалық талдаулар қолжетімді. Кейбір зерттеу түрлері облыс көлемінде тек осы орталықта ғана жасалады. Халыққа сапалы және мамандандырылған көмек көрсету мақсатында орталықта сурдологиялық, гепатологиялық, нефрологиялық бейінді бөлімшелер ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Сонымен қатар, стоматология бөлімі МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға қызмет көрсетуде. 

Бас дәрігер Айна Мұхамбетованың айтуынша әскерге шақырылушылар да осында медициналық тексеруден өтеді екен. 

«Орталықтың құрамында жыл сайынғы мерзімді әскерге шақырылуға жататын азаматтарды медициналық тексеру жүргізетін арнайы комиссия бар. Қалалық, аудандық, облыстық әскерге шақыру комиссияларының жолдамаларымен қорытынды тексерулер біздің  орталықта жүргізіледі. Жылына шамамен 5000-ға дейін азаматтар медициналық тексеруден өтеді»,- деді ол. 

Жалпы медициналық қызмет көрсету сапасы мен тиімділігінің деңгейі, ең алдымен, мамандардың біліктілігімен айқындалады. Бұл орайда Орталық емхана мамандары жыл сайын еліміздің ғана емес, сонымен қатар жақын және алыс шетелдердің оқу орындарында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білім алды екен.

Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай халыққа  сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету «AMANAT» партиясының маңызды міндеттердің бір екенін атап өтті. 

«Партияның сайлауалды бағдарламасында халқтың өмір сапасын арттыру, әсіресе, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Бұл бағытта елімізде медицина саласына үлкен қолдау көрсетіулде.  Өңірімізде аймақ басшысының қолдауымен көптеген жұмыстар істеліп жатыр. Облыста жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, заманауи техникалар алынуда. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасатын болады. Ортақ міндетіміз халыққа адал, сапалы қызмет көрсету» деді Жандос Базартай.

Мониторинг барысында партиялық бақылау тобы медициналық қызметтің қолжетімділігіне назар аударып, ұжым қызметкерлерінің ұсыныс - пікірлерін де тыңдады. Айтылған ұсыныстар назарға алынып, тиісті органдарға жолданатын болады. 

Тағы да оқыңыз: