Kyzylorda-news.kz Еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден астам дәрігер, медбикелер, оқытушылар, ғалымдар, медициналық ұйымдардың басшылары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен сарапшылар «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында бас қосты. Олар медициналық қызмет көрсету жүйесінің қазіргі жай-күйін талқылап, отандық медицинадағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Медицинаның қарқынды дамуына үлес қосып жүрген қызылордалық дәрігерлер марапат төрінде бой көтерді.
Жиын басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов барша қатысушыны өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтап, мемлекет әрқашан денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударатынын атап өтті. Ол сондай-ақ партияның 70 мыңға жуық мүшесі – медицина саласының өкілдері екенін және олар «AMANAT»-тың маңызды тірегі саналатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысының ұсынысымен қайтадан «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» мемлекеттік наградасы енгізілді. Қоғам дәрігерлеріміздің ерен еңбегін бағалап қана қоймай, олар туралы егжей-тегжейлі білуі керек деп санаймын. Сол себепті де «AMANAT» партиясы осы «Дәрігер Talks» алаңын ашып отыр. Осы жерде медицина қоғамдастығы депутаттық корпуспен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге ашық диалог форматында өзекті мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын айқындай алады. Біздің міндетіміз – әр дәрігердің үнін естірту, – деді ол.
Алқалы жиынға Сыр өңірінен бір топ делегат қатысқан болатын. Олардың қатарында ұлты корей болғанымен дәрігерлік қызмет пен отбасы тәрбиесін қатар ұстап, ырысы мен берекесі тарқамаған қазақ шаңырағының келіні болып жүрген партияның белсенді мүшесі, облыстық онкологиялық орталығының химиотерапевт дәрігері Юн Виктория Викторовна да бар.
Виктория елімізде онкологияны емдеудің жаңа әдістері енгізіліп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, жаңа онкологиялық орталықтар салынып жатқанын тілге тиек етіп, Аспирантурада және алыс жақын шетелдердегі тағылымдамадан алған тәжірибесімен жоғары дозалы химиотерапия әдісін облысымызға енгізіп келеді.
Кездесуге қатысушылар Президент Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерін қолдау және жалпы денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бұрын-соңды болмаған оң шаралар қолға алынып жатқанына назар аударды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020-2023 жылдар аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсті. Мәселен, дәрігерлердің еңбекақысы 3 еседен астам жоғарыласа, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 2 еседен астам өсті. Бұл дегеніміз – 270 мыңнан астам отандасымыз бен олардың отбасы мүшелері, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Жиын барысында қатысушыларға партиялық және ведомстволық наградалар табысталды.
Атап айтсақ, «Абзал» бастауыш партия ұйымының төрағасы, партияның облыстық филиалы жанындағы Экология жөніндегі аймақтық кеңес мүшесі Қалиева Фарида Ыдырысқызы партияның ең жоғары наградасы «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталса, партия белсендісі Юн Виктория Викторовнаға «AMANAT» партиясы мен Қазақстандық денсаулық сақтау менеджерлері ассоциациясының «Мейірімді жүрекпен» төс белгісі табысталды.
Қорлан САРЫ